Accessibility links

Вакцинаны қауіп көретін ата-аналар көбейді


Медбике үш айлық сәбиге вакцина салып жатыр. Ақтөбе, 25 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Медбике үш айлық сәбиге вакцина салып жатыр. Ақтөбе, 25 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Түрлі аурулардың алдын алу үшін жас нәрестелерге егілетін екпеге қарсы ата-аналар «вакцина бала денсаулығына кесірін тигізеді» дейді. Соңғы жылдары мұндай түсінік кең тарап бара жатқанын дәрігер де растайды.

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Нұра аулының тұрғыны Даниял – жас балаларға вакцина салдыруға қарсы адамдардың бірі.

«Осыдан төрт жыл бұрын үлкен балама вакцина салдырдық. Бірақ сол вакцинадан кейін реанимациядан бірақ шықтық. Құдай сақтап бір ажалдан аман қалды. Содан кейін туған балаларымның екеуіне де екпе салдырған жоқпын. Ал дәрігерлер: «Болашақта балаңды мектепке алмай қояды. Балаңа укол салдырмасаң, сотқа береміз» деп қорқытты» дейді Даниял.

«ВАКЦИНАНЫҢ КЕСІРІ ТИДІ»

«Балама вакцинаның кесірі тиді» деп сенетін азаматтардың бірі – Алматы облысы Талғар ауданының Наргүл есімді тұрғыны. Ол ұлы Әбілмансұрдың денсаулығына екпенің әсер еткенін айтады.

«Туғанда жүрегі әлсіздеу болды. Бірақ дәрігерлердің қарауынан кейін көп ұзамай бәрі қалпына келген болатын. Алматыда туған баламды екі айлығында вакцина салдыруға ауылдық амбулаторияға апардық. Оған дейін қаладағы невропатологқа апарып, қаратқанбыз. Олар вакцина салдыруға келісім берген болатын» дейді ол.

Наргүлдің сөзінше, вакцина салдырған соң баласы қатты мазасызданған, бірақ ауылдық дәрігерлер «бұл қалыпты жағдай» деп жұбатқан.


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
«Ертеңінде жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға бардық. Сол жерде дәрігерлер: «Балаңның аман қалғанына қуан. Бұған мүлдем вакцина салдыруға болмайды» деді. Біз баламыздың аман қалғанына қуандық. Бірақ болар істің болғанын кейін білдік» дейді екіге келген Әбілмансұрдың анасы.

Екі жастағы Әбілмансұр қазір бір жағына сылтып басады. «Баламыздың кемтар болып қалғанын аяғын басқанда бірақ білдік. Алғашқы вакцинадан кейін мини-инсультқа ұшырапты» дейді Наргүл.

Өзі медбикелік қызмет атқаратын, ал ері Қайрат жазда ғана жалданбалы жұмыс істейтін Наргүл «ақша болса, Әбілмансұрды Қытайға апарып емдетсек» деп армандайды.

«БАЛА САУ БОЛСА, ЕКПЕНІҢ КЕСІРІ ЖОҚ»

Алматыдағы балаларға арналған 1-емхананың дәрігері Қарлығаштың (толық аты-жөнін жарияламауды өтінді – ред.) сөзінше, соңғы бірнеше жылда ата-аналар арасында «вакцина балаға кері әсер етеді» деген түсінік қалыптасып келе жатыр.

«Нәрестенің денсаулығы 100 пайыз дұрыс болса, екпенің ешқандай кері әсері болмайды. Невропатологтың келісімінсіз вакцина да салынбайды» дейді ол.

Жаңа туған нәресте ағзасындағы аурудың алдын алу үшін әлсіретілген вирустардың немесе гендік модификацияланған клеткалардың негізінде әзірленген препараттар егіледі. Мұндай екпе баланы болашақта жұқпалы ауруларға шалдығудан қорғайды.

Қазақстанда екпенің әлжуаз сәбиге теріс әсерінен қауіптенетін ата-аналардан бөлек вакцинациядан діни себептер бойынша да бас тартушылар бар. Биылғы маусым айында Астанада арнайы брифинг өткізген елдің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындарды екпеден діни себеппен бас тартпауға шақырған. Азаттық бұған дейін Қазақстанның батыс аймағында діни ұстанымына байланысты балаларына екпе салдырмайтын тұрғындар туралы жазған еді.

«Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі» туралы заңның 156-бабына сәйкес барлық Қазақстан тұрғындары екпе салдыруға міндетті. Осы заңның 93-бабы бойынша пациент немесе оның заңды өкілі мәжбүрлі емдеу түріне жатпайтын екпеден өз еркімен бас тарта алады.

Қазақстанда бала дүниеге келе сала төрт күннің ішінде – 3 екпе (туберкулезге қарсы; В гепатитіне қарсы; полиомелитке қарсы ОПВ), екі айлығында – 3 екпе (В гепатитіне қарсы; ОПВ; көкжөтел, дифтерия мен сіреспеге қарсы АКДС), үш айлығында – 2 екпе (ОПВ мен АКДС), төрт айлығында – 3 екпе (В гепатитіне қарсы; ОПВ; АКДС), бір жастан асқанда – 2 екпе (қызылшаға қарсы; паротитке қарсы), бір жарым жасында – 1 екпе (АКДС), жеті жасында – 3 екпе (туберкулезге қарсы; дифтерия мен сіреспеге қарсы АДС), 12 жасында – 2 екпе (туберкулезге қарсы; дифтерияға қарсы АД-м), 15 жасында – 1 екпе (қызамыққа қарсы), 16 жасында – 1 екпе (дифтерия мен сіреспеге қарсы АДС-м) салады.
Екпе салдырып отырған оқушы. (Көрнекі сурет)
Екпе салдырып отырған оқушы. (Көрнекі сурет)
АДС-м-ді ересек адам да әр 10 жыл сайын салдырып тұруы керек.

2013 жылдың маусым айынан бастап АКДС екпесінің орнына АбКДС (көкжөтел, дифтерия, сіреспе, В вирусты гепатиті, гемофильді жұқпа, полиомиелитке қарсы) салу жайлы нұсқау шыққан.

Екпеден түрлі (жеке бас, діни, т.б.) себептер бойынша бас тартатын ата-аналар мен пациенттер шет елдерде де кездеседі. Соңғы жылдары Батыста «бактерия негізінде жасалған табиғи екпе салу дұрыс па, әлде жасанды синтетикалық екпе салдыру қауіпсіздеу ме?» деген пікірталас жиі естіледі. Кейбір синтетикалық вакциналар сынақтан сәтті өтсе де, әзірше бұл тәжірибе жаппай қолданысқа енген жоқ. Батыс елдерінде вакциналарды жетілдіруге және қауіпсіз ете түсуге, екпенің пайдалы жақтарын пациенттер мен ата-аналарға түсіндіруге түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен белсенділер жаппай атсалысады. Мысалы, Ұлыбританиядағы The UK Paediatric Vaccine Group («Ұлыбритания педиатриялық вакцина тобы» - ред.) атты сондай бір ұйым вакциналарды жасаушы ғылыми-зерттеу топтарын, бала дәрігерлері мен ата-аналарды тәжірибе һәм ақпарат алмасып, біліктіліктерін бірлесе күшейтуге жәрдем етеді.
XS
SM
MD
LG