Accessibility links

Әлияның анасы кісі қолынан қаза болған делінеді, ал қабірі белгісіз қалған


Ақтөбе қаласында батыр қыз Әлия Молдағұловаға қойылған ескерткіш. Суретті түсірген - Анастасия Зюзина. Мамыр, 2010 жыл.

Ақтөбе қаласында батыр қыз Әлия Молдағұловаға қойылған ескерткіш. Суретті түсірген - Анастасия Зюзина. Мамыр, 2010 жыл.

Совет Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың тағдырына қатысты айтылмаған ақтаңдақтар жетерлік. Әлия 8 жасқа толған аштық жылдары анасы мерт болған деген деректер пайда болды. Марқұмның мүрдесі Қурайлы өзенінің төменгі сағасында жатса керек. Бірақ оны іздеп жатқан ешкім жоқ.


35 ЖЫЛДАН СОҢ АЙТЫЛҒАН ШЫНДЫҚ

Екінші дүниежүзілік соғыстағы әйгілі батыр қыздың анасының мүрдесі белгісіз қалған. 1930-шы жылдардың ашаршылығында келдек теріп жүрген Әлияның анасын атып өлтірген деген дерек бар біздің қолымызда. Оның қызының соғыстағы ерлігі жайында небір мақтау сөздерді айтқанымен, қазақтың мақтанышына айналған батыр қыздың анасының басында белгі де жоқ.

Ұзақ жылдар осы жайтты ішіне сақтап келген «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес Азаттық радиосына барлық шындықты бүкпесіз айтып беруге бел байлады.

- Мен 35 жылдан аса үндемей келдім. Әлия мен Мәншүкке арналған «Қос шынар» қоғамдық бірлестігін басқарғаныма да осыншама жыл болды. Жасым келді, мен өлген соң жұрт шындықты білмей қалады. Ал олардың шындықты білулері қажет. Батыр қыздың анасының жатқан жерін жылдам табу керек. Батыр қызды дүниеге әкелген әйелдің қайда жатқаны, оны кімнің өлтіргені белгісіз. Оның рухы да әлі күнге дейін тыным таппаған болар, -дейді ол.

Ғалымжан Байдербестің айтуынша, Әлияның анасының аты Маржан болған. Ол картоптың келдегін (масағын) жинап жүрген. Бұл әйгілі ашаршылық жылдары еді. Күзетші оны атып өлтірген. Бұл кезде Әлияның әкесі Нұрмұханбет байдың баласы болғаны үшін қуғынға түсіп жүрген. Ол кісі қолынан мерт болған әйелін өздері сол кездері тұрған Қурайлы өзенінің төменгі сағасына асығыс жерлей салған.
"Қос шынар" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес. Ақтөбе, мамыр, 2010 жыл


- Өздерін Әлияның туысымыз деп айтатындар бар. Бірақ олар Әлия Молдағұлованың анасының жерленген жерін іздеуге ешқандай талпыныс жасап жатқан жоқ. Маржанның мүрдесін іздеп тауып, оны күйеуі Нұрмұханбеттің жанына апарып жерлеу үшін комиссия құру керек. Ал Нұрмұханбет Әлия Молдағұлова атындағы кенттің жанындағы Бұлақ деген жерде жерленген. Бұны Әлия Молдағұлованың әруағы риза болуы үшін жасау керек.

Жалпы бұны қалай деуге болады? Әдетте адамдар жер түбіндегі, өзге мемлекеттердегі жерленген туыстарын іздеп жүріп тауып алады. Әсіресе соңғы жылдары ел соғыста опат болған аталарының қабірлерін іздеп табуда. Ал біз болсақ иегіміздің астында тұрған Әлияның анасының қабірін іздегіміз келмейді! Жұрттың барлығы Әлияның атағына жармасқысы келеді. Туыстығын көлденең тартып, соның арқасында пәтер алады. Ал оның анасының қайда жатқандығында ешкімнің шаруасы жоқ. Мен бұдан артық үндемей отыра алмаймын, -дейді Ғалымжан Байдербес.

Оның айтуынша биліктегілер ең болмаса Әлия Молдағұлованың анасының қабірін іздеуге әрекет жасаулары керек. Қурайлы өзенінің төменгі сағасында көзге көрініп тұрған қабір жоқ деп есептейді Ғалымжан Байдербес. Маржанның бейіті әлдеқашан жермен жексен болып, үстін шөп басып кеткен.

- Мен Әлияның әкесі Нұрмұханбеттің көзін көрген жоқпын. Әйтпесе ол әйелін Қурайлының қай жеріне жерлегенін сұрар едім, -дейді Ғалымжан Байдербес. – Жедел арада комиссия құру керек!

ӘЛИЯНЫ БАЛАЛАР ҮЙІНЕ БЕРГЕН БЕ?

Әлия жайында түрлі әңгімелер жетерлік. Шындап келгенде Әлияның фамилиясы Сарқұлова болуы керек екен. Анасының қазасынан соң Әлия бір жыл бойы ауылда әркімнің үйінде жүрген. Ақырында оны нағашысы Әбубәкір Молдағұлов қолына алған.

Әбубәкір Әлияға өзінің фамилиясын беріп, оны Ленинградтағы мектеп-интернатқа орналастырады. Бұл кезде Әбубәкір Ленинградтағы көлік академиясында оқып жүрген. Кейінірек Қазақстанға келген соң ол Қазақстандағы темір жолдың үлкен басшыларының бірі болған. Әбубәкір Молдағұлов Әлияны балалар үйіне орналастырған деседі.
Батыр қыздың Ақтөбеде тұратын жиені Сапар Молдағұлов. Мамыр, 2010 жыл


Әбубәкір Молдағұловтың ұлы Сапар Молдағұлов қазір батыр апаларына қатысты толып жатқан сыбыстар айтылуда дейді.

- Менің әкем кейінірек Әлияны балалар үйіне тапсырған-мыс дейді. Олай емес. Менің әкем оған жақсы білім бергісі келіп мектеп-интернатқа орналастырды. Кейінірек соғыс кезінде ол мектеп-интернат балалар үйіне айналды. Өздеріңіз білесіздер, ол бір өте ауыр кезең болатын. Бір бөлмеде сегіз адам тұрған. Менің анам, Күләш әпкем, Макс ағам, Сапура және Әлия тәтелерім, тағы екі әжеміз болған, -дейді ол.

Сапар Молдағұлов 1941 жылы дүниеге келгенмін дейді. Айтпақшы оны перзентханадан Әлия көтеріп алып шыққан екен. Анасы Сапар дүниеге келген соң Әлияларға хабар берген. «Менің дүниеге келгенімді ести сала Әлия мен Сапура екеуі қуанып, перзентханаға жүгірген. Перзентханадан мені Әлия көтеріп алып шығыпты», -дейді Сапар Молдағұлов.

Әлия бәрібір далада жалғыз қалмайтын еді дейді Молдағұловтар. Әлияның бұлардан өзге де туыстары бар болатын, ешкім оны тастамайтын еді.

Аты әйгілі мерген қыздың Бағдат деген туған бауыры болған. Қарт әжелердің айтуларынша, Бағдат бала кезінде шетінеп кетсе керек.

- Әлияның анасы Маржан 1933 жылы қаза табады. Аздаған уақыттан соң Әлияның екі жасар бауыры Бағдат та шетінеген. Әлия Молдағұлованың әкесі Нұрмұханбет әйелінің қазасынан соң өзге әйелге үйленген. Ол әйелінен Әліп және Тәжі деген екі қызы бар, -дейді Сапар Молдағұлов.

Бір-бірлеріңізбен араласып тұрасыздар ма деген Азаттық радиосының сұрағына Сапар Молдағұлов былай деп жауап берді:

- Шынымды айтсам, араласпаймыз. Кейде түрлі шараларда кездесіп, амандасып тұрамыз. Ал жақын араласпаймыз. Менің әкем Әлияны кішкентай кезінде қолына алып, оған өзінің фамилиясын бергені ешкімге құпия емес.

Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалдық мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Светлана Ермекбаева Азаттық радиосына Әлия Молдағұловаға қатысты сыбыстар жайында айтып берді.

- Біздің ерлікпен қаза тапқан жерлес қызымызға қатысты соңғы кездері анық емес әңгімелер айтылып жүр. Мысалы оны туған ағайы мектеп-интернатқа емес, балалар үйіне тапсырған деседі. Әлия оқып жүргенде ол №46 мектеп-интернат деп аталған. Ол 1942-1943-ші жылдары балалар үйіне айналдырылған. Ал қазір бұл ғимараттың жұрнағы да жоқ, -дейді Светлана Ермекбаева.

Алайда Әбубәкір Молдағұлов ағайы сол жолы Әлияны осы мектепке бермегенде, алыстағы Ақтөбенің қызы өзінің ерлік ісін жасауы екіталай еді деген ойда.

СОҒЫС БАСТАЛҒАН КЕЗДЕ...

Соғыс басталған кезде Ташкентте практикада жүрген Әбубәкір Молдағұлов Ленинградқа екі жеделхат салады. Оның бірін отбасына салып, тезірек эвакуациямен кетіңдер дейді. Екіншісін Алексей деген досына жолдап, одан отбасының Қазақстанға қайтуына көмектесуін және қалай болғанда да Әлияны қалдырмауын өтінеді.

- Алайда Әлия Қазақстанға қайтқысы келмейді. Туыстарының айтқан сөздеріне қарамастан ол ақырына дейін отанын қорғайтынын айтып, Ленинградта қалып қойған, -дейді Сапар Молдағұлов.

Әлия өзінің алғашқы наградасы – Даңқ орденін 1943 жылы Псков облысындағы Холм қаласы үшін болған ұрыстарда алады. 19 жасар Әлия Молдағұлова бір жолы бес «тіл» алып келген.

Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 14 қаңтарында Казачиха селосы үшін болған ұрыста қаза табады. Казачихаға шабуыл жасаған кезде командир опат болады. Осыдан соң сарбаздарды шабуылға Әлия бастайды.

Ол кезде қыс қатты болатын. Әлияның майдандас қыздарының айтуларынша аяз 47 градусқа дейін жеткен. Сондықтан барлығы окоптарында бүрісіп жатып қалған. Әлия болса тайсалмастан әскерлерді Казачиха селосын шабуылдауға бастайды. Бұдан соң советтік әскерлер фашистермен қоян-қолтық ұрысқа кіріседі. Бір кезде күтпеген жерден бұрыштан неміс сардары шыға келіп, Әлияны атқан. Құлап бара жатқан Әлия да оны атып үлгерген. Советтік кезеңдегі айтылып жүрген ресми нұсқа осындай.

Қайтыс боларының алдында Әлия әпкесі Сапураға хат жазған. Ресми деректер бойынша Әлия 78 фашисті өлтірген. Бірақ қазақ мұражайының қызметкерлері ол жүзден астам фашистердің көзін жойған дейді.

МҰҒАЛІМІНІҢ КӨЗІ ТІРІ

Әлия Молдағұловаға биология пәнінен сабақ берген мұғалімі 104 жасқа келген, Мәскеуде тұрады. Әлияның гүлдерді жақсы көргенін, өте белсенді болғанын, сондықтан да мектепте оны «біздің мазасыз старостамыз» деп айтатындығын еске алғанды жақсы көреді дейді мұражай қызметкерлері.

- Әлияға биологиядан сабақ берген мұғалімі Дора Ефимовна Богуславская 104 жаста. Мамыр айында 105 жасқа толады. Оның денсаулығы жақсы және Әлияның гүлдерді суаруды жақсы көргенін айтып отырады. Жалпы алғанда Әлия үздік оқыған. Мұражайда оның тоқсандық табелі мен сынып журналының баға қойылған парағы бар. Біздің жерлес қызымыз орыс тілін өте жақсы білмесе де, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласқан, -дейді мұражай қызметкері.
Әлия мұражайының жетекші ғылыми қызметкері Светлана Ермекбаева. Ақтөбе, мамыр, 2010 жыл


Мұражай ғылыми қызметкерлерінің айтуларынша, тағы бір түсінбестік жай – Әлияны екінші бір батыр қыз Мәншүк Мәметовамен салыстыратындығы. Айтпақшы Мәншүктің мұражайы жақында медициналық колледжде ашылған.

- Тағдырларында ұқсастықтар өте көп болғанымен олар бірін-бірі ешқашан көрген емес. Әлия – Ақтөбеден, Мәншүк – көршілес Оралдан. Екеуі де 1944 жылы араға төрт ай салып, Совет Одағының Батыры атағын алған. Екеуі де Псков облысында жерленген. Олардың жерленген жерлері бірінен бірі 65 шақырым жерде. Екеуі де Жеңіске үлкен үлес қосты, -дейді Светлана Ермекбаева.

ӘЛИЯНЫҢ НАГРАДАЛАРЫ ӘКЕСІНЕ ТАПСЫРЫЛҒАН

Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалдық мұражайында оның әпкесі Сапураға жазған жеті хаты сақталған. Мұражай қызметкерлерінің айтуларынша, Әлия өзінің ағайы Әбубәкір мен тағы бір немере ағайы Бейсенғали Хабиевке да хат жазып тұрған. Алайда бұл хаттар сақталмаған.

Әлия Молдағұлова қаза болған соң 1944 жылдың 4 маусымында «Алтын жұлдыз» медалімен және Ленин орденімен марпатталады. Әлия Молдағұлованың мұражайында осы марапаттардың көшірмелері бар. 1950 жылы оның әкесі Нұрмұханбет Сарқұловқа медаль, грамота мен алғыс хат жіберген. Әлия Молдағұлованың киімі де, винтовкасы да сақталмағандығы түсінікті.

Байқап отырғандарыңыздай, Әлия туралы деректер өте аз. Қоғам қайраткері Ғалымжан Байдербес Әлияны қамқорлығына алған ағайы Әбубәкір Молдағұловтың атын да есте қалдыру керек. Ол үшін Ақтөбедегі теміржол колледжіне оның атын беру керек деп есептейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG