Accessibility links

«Желтоқсаншы» топ газет шығара бастады


Бейсенғазы Сәдуұлы, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы (сол жақта), Аманғазы Кәріпжан, «Желтоқсан ақиқаты» газетінің бас редакторы. Алматы, 3 ақпан 2011 жыл.
Бейсенғазы Сәдуұлы, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы (сол жақта), Аманғазы Кәріпжан, «Желтоқсан ақиқаты» газетінің бас редакторы. Алматы, 3 ақпан 2011 жыл.

«Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігі бейсенбі күні «Желтоқсан ақиқаты» атты жаңа газеттің алғашқы санымен таныстырды. Олардың айтуынша, желтоқсан оқиғаларын өздерінен артық ешкім «насихаттай алмайды».


«Тәуелсіздіктің жиырма жылдығымен қатар келетін бұл мереке өз деңгейінде аталып өту үшін алдымен жеткілікті түрде насихатталуы тиіс. Ал бүгінгі баспасөз тек 17 желтоқсан қарсаңында ғана бір-бір бет арнайды» дейді газет шығарушылар.

«КЕЙБІР ПРОКУРОРЛАР ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫНАН ХАБАРСЫЗ»

Желтоқсан қозғалысының 25 жылдығы қарсаңында жарық көріп отырған аталмыш газетті шығарушылардың айтуынша басты мақсат қоғамдағы қордаланып қалған мәселелерге қозғау салу. Нақтылап айтқанда, ширек ғасыр бойы шешілмей келе жатқан желтоқсаншылардың әлеуметтік теңсіздігі туралы мәселе көтеру. Газеттің әуелгі саны желтоқсан оқиғасы кезінде қаза тапқандарға арналып отыр. Газет әзірше айына бір рет жарық көрмек.
«Желтоқсаншыларды ақтау туралы» 1995 жылы шыққан президенттің 540-жарлығын прокуратура қызметкерлері әлі күнге білмейді.

«Желтоқсан ақиқатының» шығарушылары баспасөз маслихатына бұқаралық ақпарат құралдарын түгел шақырыпты. Алайда Азаттық радиосының тілшісінен басқа бой көрсеткен ешкім болмады.

– Жалпы «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына екі жыл толды. Осы екі жыл көлемінде 96 түрлі мәселе көтердік, – дейді аталған ұйымның төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы.

Оның айтуынша, «Желтоқсаншыларды ақтау туралы» 1995 жылы шыққан президенттің 540-жарлығын прокуратура қызметкерлері әлі күнге білмейді.

– Жиырма бес жылдан бері өзінің жазықсыз екендігін дәлелдей алмай жүрген он азаматтың құжаттарын Алматы қалалық прокуратурасына апарғанымда, мен айтып отырған жарлық туралы ештеңе білмейтіндігін аңғардым. Ақыры сол заңды қайта көтерткізіп, азаматтардың қай тармақ бойынша ақталуы керек екендігін өзіміз көрсеттік, – дейді ол.

«ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР – СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІ»

– 2011 жылды «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» деп атау туралы президенттің жарлығы шықты. Ендігі атқарылатын барлық іс-шаралар осы төңіректе топтасады. Ал ширек ғасыр толғалы отырған Желтоқсан көтерілісі осы шаралардың тасасында қалып қоймақ. Біздің газет шығарудағы негізгі мақсаттарымыздың бірі – желтоқсан көтерілісін ұмыт қалдырмау, – деді газеттің бас редакторы Аманғазы Кәріпжан.
Жиырма бес жыл көлемінде желтоқсан оқиғасы туралы жан-жақты жазған бірде-бір басылым болған емес.

Бас редактордың айтуынша, жиырма бес жыл көлемінде желтоқсан оқиғасы туралы жан-жақты жазған бірде-бір басылым болған емес. Тек әр жылғы желтоқсанның 17-іне орай жекелеген газеттер бір-бір бет арнайды.

– Онда да таза желтоқсаншыларға арналмайды. Бұл жерде кілең бір өнер жұлдыздары, қоғам қайраткерлері, танымал жандарды сөйлетіп қояды, – дейді Аманғазы Кәріпжан

Аманғазы Кәріпжан 1986 жылы алаңға шыққандардың ерлігі совет-герман соғысына қатысқандар ардагерлерден де артық бағалану керек деген пікір айтады.

«ТАРИХШЫЛАРДЫҢ САУАТСЫЗДЫҒЫ»

Газет шығарушылардың айтуынша, желтоқсан оқиғасын қайта сараптап, Қазақстан тарихының көп томдығына енгізу керек. Бұл оқиға осы күнге дейін бірде «қозғалыс», бірде «көтеріліс», енді бірде «оқиға» деп аталып жүр.

– Бұл – тарихшылардың сауатсыздығы, – дейді Аманғазы Кәріпжан. Ол желтоқсанға тарихи тұрғыдан баға беру үшін әуелі философиялық деңгейден қарау керектігін айтады.

Газет шығарушының айтуынша, желтоқсан монуметін тұрғызу үшін арнайы алаңның қажеттілігін, желтоқсан мұражайының республикалық алаңнан орын алуын, желтоқсан қозғалысының Қазақстан тарихының көптомдығына қайта сарапталып жазылуын, желтоқсан атын жамылып мемлекеттен жалған әлеуметтік көмек алып жүргендерді қайтадан тексеру мәселесін алдағы уақытта қаузап жазу газеттің негізгі міндеті болмақ.
XS
SM
MD
LG