Accessibility links

Ресейде қырғыз қыздарын қорлаған «патриоттар» анықталды


Қырғыз қызы. (Көрнекі сурет)
Қырғыз қызы. (Көрнекі сурет)

Ресейде қорланған қырғыз қыз-келіншектерінің бірі милицияға шағым түсірді. Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасы Ресейде қырғыз жігіттерінің зорлық-зомбылығына душар болған қыздың арызы негізінде «қыз-келіншектерді қорлады» деп айыпталған азаматтарды анықтады.


Ресейде қырғыз жігіттерінің «Патриот» деген тобы пайда болғандығы туралы Азаттық радиосы бұрын хабарлаған. Олар Ресейге барған қырғыз қыз-келіншектерге «басқа ұлт жігіттерімен бірге жүрді» деген айып тағып, аяусыз ұрып-соғады. Бұл әрекеттерінің видеолары интернетте жарияланған да болатын.

Осы топтан жәбір көрген қыздардың бірі Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің тілшісімен кездесіп, биыл ақпан айында Мәскеудегі пәтерлердің бірінде басынан кешкен оқиға туралы айтып берді. Қауіпсіздік мәселесіне байланысты бұл келіншектің аты-жөні және қайда тұрып жатқаны туралы нақты мәлімет берілмеген.

«ОЛАР МЕНІ АЯУСЫЗ САБАДЫ»

Қорланған қыздың айтуына қарағанда, ол өзін соққыға жыққан жігіттердің бірімен сол оқиғадан он күн бұрын танысқан. Жігіт қыздың интернетте басқа ұлт өкілімен сөйлескенін көріп, достарымен бірігіп оны аяусыз сабаған.
Шешіндіріп, аяусыз сабады. Есімнен танып қалдым. Тұрсам, тыр жалаңаш екенмін.


- Интернетте «М-Агент» арқылы кез келген адаммен сөйлесе аласың ғой. Кіммен сөйлессең де өзің білесің. Менің әңгімелерімді көріп қойған әлгі жігіт «сен осымен жатқансың» деп қоймады. Олар менің басқа ұлт өкілімен жүрген кезімді көрмеген. Сондай кезде ұстап алса бір жөн ғой. Кейін мені әбден сабап, телефон арқылы достарын шақыра бастады. Келген достары мені қорлап, жаман сөздерді айтып, тепкілеп, ұрып-соқты. Бұл оқиға метрода басталды. Сосын мен туралы әркімге айтып, қырғыздарды көрген сайын мені жамандай берді. Олар менің мекен-жайымды біліп алып, сол жерге алып барды. Менің шешінуімді талап етіп, аяусыз сабады. Есімнен танып қалдым. Тұрсам, тыр жалаңаш жатыр екенмін, - дейді ол.

Бұл оқиғалар интернетте жарияланған видеолар арқылы мәлім болды. Ресейде пайда болған қырғыз жігіттерінің «Патриот» тобының әрекеттері туралы видеоларда олар қыздардың намысы мен абыройына тиетін әртүрлі сауалдар қояды. Жантүршігерлік бейнетаспаларда жігіттер қыздарды далада тыр жалаңаш шешіндіріп қойып, балағаттап, қорлайды. Олар қырғыз қыз-келіншектерін ұрып-соғып, Қырғызстан мен Ресейдегі мекен-жайын айтқызып, қатты сөйлеуге мәжбүрлейді.

КҮДІКТІЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Ресейде қорлық көрген бұл 20 жастағы келіншек Қырғызстанға қашып кетіп, Жалал-Абад облыстық ішкі істер басқармасына шағым түсірді.

Тергеушілер Мәскеуге жұмыс істеу үшін барған осы қыздың арызы негізінде Ресейде жүрген, «отандас қырғыз қыздарын қорлады» деп айыпталған қырғыз азаматтарын анықтағандарын мәлімдеді.
Қырғызстаннан келген мигрант әйелдерді Ресей полициясы тексеріп жатыр. Мәскеу, 7 маусым 2011 жыл.
Қырғызстаннан келген мигрант әйелдерді Ресей полициясы тексеріп жатыр. Мәскеу, 7 маусым 2011 жыл.

- Кеш болса да, жәбір көрген қызға байланысты сот-медициналық экпертиза жасап, оның нәтижесін арнайы мамандарға жібергенбіз. Жігіттердің бәрі кім екені анықталып, суреттері алынды. Олар Мәскеуде болуы тиіс. Заң бойынша қылмыс қай елде жасалса, сол мемлекетте тергеледі. Біз материалдарды жинап, Ресейдегі тиісті органдарға жібереміз, - дейді бас тергеуші Нұрбек Әлімбаев.

Қырғыз қоғамының басым бөлігі өздерін «патриоттармыз» деп атайтындардың іс-әрекеттерін айыптап отыр.

РЕСЕЙДЕ ҚОРЛАНҒАН САПАРГҮЛ

Соңғы хабарларға қарағанда, Ресейде қорланған тағы бір қырғызстандық келіншек Азаттық радиосының Қырғыз қызметімен байланысып, Ресейдің бас прокуроры мен ішкі істер министріне және Қырғызстанның Ресейдегі елшілігіне арыз жазып, көмек сұрағанын хабарлады.

Өзін Сапаргүл деп таныстырған келіншек былтыр қыркүйек айында Ресейдің Екатеринбург қаласында соққыға жығылып, қатты қорланғанын әңгімелеп берді. Ол Қырғызстандағы екі баласын асырау үшін Ресейде жұмыс істеп жүргенін айтады.

Ресейде он мыңдаған қырғыз қыз-келіншектері жұмыс істейді. Олардың кейбіріне қатысты «басқа ұлттың жігіттерімен жүреді» деген болжам көп айтыла бастады. Осындай көріністерден кейін қырғыз парламентінде 22 жасқа толмаған қыздарды шетелге жалғыз шығармау туралы ұсыныс көтерілген болатын.
XS
SM
MD
LG