Accessibility links

ИМ балаларды соғысқа баулып жатыр


«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының өкілі Әбу Айша әл-Казахидың ұлы Әбдірахманмен.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының өкілі Әбу Айша әл-Казахидың ұлы Әбдірахманмен.

Террористер жаттығу лагерінде түсірілген 34 секундтық видеода шашы иығына түскен, әскери киімдегі ұл баланың түрінен жасы әлі онға да толмағаны байқалады. ИМ содырлары соғысқа балаларды салудан тайынбайтынын айтады.

Кішкентай бала тікенек сым қоршаулардың арасымен бұйрық бойынша өрмелеп барады. Арасында «Аллаһ акбар!» деп айғайлап қояды. Оның «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобындағы «жаттықтырушылары» баладан қол созым жерге оқ жаудырып тұр. Содырлар жаттығу лагерінде дайындықтан өтіп жатқан бала атқан оқтан шошып кетеді.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының орыстілді өкілдері топқа шын берілгенінің дәлелі ретінде бұрын балаларына әскери киім кигізсе, енді оларды соғысу әдістеріне үйрете бастады.

ИМ БАЛАЛАРЫ

Бұл видеоны қазанның 14-і күні интернетте жариялаған Әбу Айша әл-Казахи атты ИМ өкілі, өз айтуынша, Сирияға Қазақстаннан барған. Видеодағы баланың жасы, бойы және сырт келбеті Әбу Айшаның ұлы Әбдірахманға ұқсайды, бірақ түрі анық көрінбейді.

Әу баста әлгі бала өзінің ұлы екенін айтқан Әбу-Айша кейін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақтан ол жазбасын өшіріп тастады. Бірақ соңғы айларда Әбу-Айша (Артем Андреев деген атпен де жазбалар жариялайды) Әбдірахманның соғыс әдісіне жаттығып жүргенін көрсететін бірнеше суреттер мен видеолар жариялап, «ИМ жасағының келесі буыны өсіп келеді» деп түсініктеме берген.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының өкілі Әбу Айша әл-Казахидың ұлы Әбдірахман.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының өкілі Әбу Айша әл-Казахидың ұлы Әбдірахман.

Жасы әлі онға да толмаған Әбдірахман әскери киімде, түрлі қаруларды сермеп, ИМ ұрандарын қайталап айтып тұрады. Бір бейнекөріністе Әбдірахманның қолына тапанша ұстап, ИМ басшысы Әбу Бакр әл-Бағдадиге мақтау айтып тұрғаны түсіріліпті.

Енді бір суретте жас бала өзінен үлкен әпкесі, Әбу-Айшаның қызы, жасы ондар шамасындағы қызбен бірге тұр. Ол аңшылар пышағына ұқсас қару асынып алған. Үшінші суретте Әбдірахман шырын сататын бардың қасында тұр, сірә, Мосул қаласы болса керек. Үстіне әскери киім киген баланың ұстаған тапаншасы ойыншық қаруға ұқсайды. Содырлар тобына адалдығын танытқысы келетін орыстілді ИМ өкілдері сәбилер мен бүлдіршіндерді соғыс жауынгерлері тәрізді киіндіруді әдетке айналдырған.

Бірақ Әбу-Айша сияқты ИМ қатарындағылардың әлеуметтік желідегі парақшаларын қарай отырып, одан да қорқынышты үрдістің басталғанын – әсіредіншіл ата-аналардың енді балаларын ересек адамдар тәрізді соғыс өнеріне үйретіп жатқанын байқайсыз. Facebook және ресейлік ВКонтакте әлеуметтік желілерінде бірнеше аккаунттары бар Әбу-Айша ұлының өз түсінігіндегі діни қағидаға сай тәрбиеленгенін қалайтынын жазған.

Маусым айында Әбу-Айша қазір өшірілген ВКонтакте желісіндегі жазбасында «екі баласын ислам дініне сай және Ислам мемлекетінде» өсіретінін мәлімдеген. Кішкентай баласын жауынгерге айналдыруды көздеген Әбу-Айшадан бөлек, этникалық қазақтардың Сирия мен Ирактағы ИМ лагерлерінде жаттығудан өтіп жатқанын растайтын көптеген дәлелдер бар. Оны ресми ИМ насихатынан да, осы топ өкілдерінің әлеуметтік желідегі жазбаларынан да көруге болады.

Өткен айда Әбу-Айша интернетте жариялаған видеода ИМ құрамындағы қазақтардың балалармен бірге жаттығу жасап жатқан сәті бейнеленген. Балалардың бірі дене жаттығуын жасап, қолын бүгіп-жазып, кеудесін көтеріп жаттығып жатыр, басқалары оған қарап отыр.

Өткен жылдың соңында жүктелген ИМ бейнебаянында Сирия мен Иракта әскери және идеологиялық дайындықтан өтіп жүрген қазақ балалары көрсетілген еді. Өз ұлын соғысқа дайындап жүргенімен қоймай, Әбу-Айша жасөспірім балаларын соғысқа қатыстырған басқа орталық азиялықтарды мақтайды.

Қазір жойылған ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында мамыр айында Әбу Айша Иракқа әйелімен және бес баласымен бірге барған Қырғызстан азаматын мақтап жазған. Қырғызстандықтың 15 жасар ұлы ИМ жасағымен бірге соғысқа қатысып, қаза тапқан. «Бауырларым, балаларын Аллаһ жолында құрбандыққа шалған осындай адамдар өте аз» деп жазған Әбу Айша.

АТЫРАУДАН СТАМБУЛ АРҚЫЛЫ СИРИЯҒА БАРҒАН

Әбу Айша Қазақстанның Атырау қаласынан екенін айтады. Өзі жазған ақпарат бойынша, оның жасы отызда, қазір балаларымен бірге Мосулда тұрып жатыр, өзіне басқа әйел іздеп жүргенін айтады.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының жаттығу базасында тікенек сым астынан еңбектеп өтіп бара жатқан бала. Әлеуметтік желідегі видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының жаттығу базасында тікенек сым астынан еңбектеп өтіп бара жатқан бала. Әлеуметтік желідегі видеодан скриншот.

Әбу Айшаның ИМ бақылайтын Иракта нақты қай кезден бері тұрып жатқаны белгісіз, бірақ жазбалары мен суреттеріне қарап, ол Мосулға келгелі бір жылдай уақыт өткенін, оған дейін Сирияда тұрғанын топшылаймыз.

Ол қыркүйектің 6-сы күні Facebook парақшасындағы жазбасында әйелі мен балаларын алып әуелі Стамбулға барғанын, содан кейін Сирияға жеткенін айтқан еді. Өз жазуынша, Стамбулға ұшақпен барған ол алдын ала жасалған келісімге сай, «ИМ жасағына арналған» пәтерге барады, сол жерде түрлі ұлт өкілдерінен құралған 15 адаммен бірге тұрған.

Оның айтуынша, Түркия полициясы пәтерді тінтіп, әлгілердің арасынан төлқұжаты жоқ бір адамды ғана ұстап әкеткен. Ал қалғандары көп ұзамай шекара асып Сирияға өтіп кеткен.

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.)

XS
SM
MD
LG