Accessibility links

Ресейлік профессор манипуляция мақсатын айтты


Соловейдің айтуынша, «Киевтің жаңа бейнесін, яғни Украинаның мемлекет ретінде қауқарсыз бейнесін жасау керек».

Соловейдің айтуынша, «Киевтің жаңа бейнесін, яғни Украинаның мемлекет ретінде қауқарсыз бейнесін жасау керек».

Ресей Украина дағдарысына қатысты үнемі жалған ақпарат таратып келеді. Мәскеудің беделді институтының профессоры халықтың неліктен оған сенетінін түсіндірді.

Ресейдің мемлекет қарамағындағы бұқаралық ақпарат құралдары Украинадағы оқиғаларды барынша бұрмалап жеткізеді. Бұны Батыс үнемі сынаумен келеді.

Мысалы, The New York Times газеті сәуірдің 15-і күні «Ресей телеарналарынан жалған хабар, асыра сілтеу, қастандық теориясы, қызба сөздер, тіпті шімірікпей айтылған өтірік сағат сайын, күн сайын, апталап ағылып жатыр» деген сипаттама берген.

Алайда Ресей халқының үштен екісі мемлекет бақылауындағы телеарналарға кез келген басқа ақпарат көзіне қарағанда көбірек сенеді. Бұл – мемлекет қаржыландыратын, қоғамдық пікірді зерттейтін қордың наурыз айының соңында жүргізген сауалнама қорытындысы.

Тарих профессоры Валерий Соловей сәуірдің ортасындағы лекциясында мұның бірнеше себебін, Мәскеудің медиа стратегиясы неліктен тиімді екенін айтты.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында оқыған (МГИМО) бір сағаттық лекциясында ол «Телевизия дүниетаным қалыптастыруды көздейді. Яғни, көрерменге «өмірдің суретін» ұсынады. Егер біз шынайы өмір деп телевизия көрсеткен «суреттерді» қабылдасақ, соған сай әрекет етеміз" дейді.

Лекцияның үзіндісін мына жерден көре аласыздар:
(Лекцияның толық нұсқасын мына сілтемеден көріңіз)

Соловейдің айтуынша, «Киевтің жаңа бейнесін жасау керек болды, яғни Украина қауқарсыз мемлекет болып көрінуі тиіс».

«Қаңтар айындағы қанды оқиғалар естеріңізде болар. Алма кезек ауысқан көріністер: лаулаған өрт, жанған шиналар, ерсілі-қарсылы жүгірген адамдар, үрейлі әуен» дейді профессор. Ол Украина астанасындағы үкіметке қарсы шерулерді айтып отыр. «Оларды көрсетудің мәні неде дейсіз ғой? Драмалық әсер қалдыру үшін бе? Жоқ. Бұның мәні әлдеқайда тереңде жатыр» дейді ол.

«Бұндағы басты ұғым – хаос» деп түсіндіреді Соловей. «Бұл – біздің санамызда Украинада аласапыран болып жатыр деген пікірді орнықтыру үшін жасалды. Бұл – ежелгі мифологема. Хаос – протоплазма, ал құдайлар одан әлемді жаратады. Сонда бұнда Ресей кім? Ресей – Космос, ол – тәртіп, бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі».

«Теледидар көрсеңіз, Ресейдің Қырымнан басқа проблемасы жоқ. Инфляция да, табыстың азаюы да, әдеттегі алып қалалар проблемасы да жоқ. Ресейде ондай проблемалар жоқ. Ресейде бәрі жақсы. Сонда қалай? Бұл – манипуляция деп аталады».

Осы мезетте аудиторияның арт жағынан бір студент сөйледі. Лекция оның шамына тиіп кеткенге ұқсайды. «Сіз онда не болып жатқанын білесіз бе? Ондағы жағдай мүлде бақылаудан шығып кетті ғой!»

Профессор «Кешіріңіз, шынайы жағдай мен телекартинаның сәйкес келуі міндетті емес. Себебі көрерменнің көпшілігі ешқашан онда болған емес және ол жаққа бармайды. Сондықтан олар шындыққа емес, телесуретке қарап қорытынды жасайды» деді.

(Гленн Кейтс пен Павер Буториннің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG