Accessibility links

Түркімендер наразылығын ашық айта бастады


Түркіменстандағы халыққа азық-түлік тарату шарасы. (Азаттыққа наразы тұрғындар тапсырған видеодан скриншот).

Түркіменстандағы халыққа азық-түлік тарату шарасы. (Азаттыққа наразы тұрғындар тапсырған видеодан скриншот).

Түркіменстанда үкіметті тікелей сынаған адамның өмірі түрмеде аяқталатыны белгілі. Бірақ соңғы уақытта түркімендер Азаттық тілшілеріне келіп, шенеуніктерге наразылығын ашық айтып жүр.

Тұрғындардың батылдығы артқан ба, әлде ашынған ба? Әлде билік құрсауын босатқан ба?

«ТҰРМЫСЫМЫЗ ТЕЛЕДИДАР КӨРСЕТКЕНДЕЙ ЕМЕС»

Түркіменстан - өзге әлемнен оқшау өмір сүргенді қалайтын, әрі ең бір репрессивті мемлекет. Мұнда президентке, оның саясатына немесе үкіметке қарсы шыққан адам қауіпсіздік қызметінің қырына ілігеді, не психиатриялық емханаға түседі, түрмеге де қамалады.

Бірақ соңғы уақытта жағдай сәл де болса өзгерген тәрізді. Азаттықтың Түркімен қызметіне (Азатлыққа) ондаған адам хабарласып, билікке наразы екендерін айтты. Тіпті бүркеншек атпен шетелдік баспасөзге пікір айтудан сескенетін елде өзін камераға түсіруге рұқсат ететіндер пайда болды.

«Келіңдер, менің үйімнің әр бұрышын түсіріп алыңдар. Қарапайым халықтың тұрмысын биліктегілер көрсін. Біздің тұрмысымыз Түркіменстан теледидарындағы көріністерден мүлдем басқа» дейді жұмыссыз үйде отырған 35 жастағы Гүлнара Нажимова.

Ашхабад көшесінде балық сатып отырған бала. (Көрнекі сурет)

Ашхабад көшесінде балық сатып отырған бала. (Көрнекі сурет)

Ол Ғарашсызлық ауданындағы бір қабатты, кірпіштен қаланған ескі үйін Азаттық тілшісіне көрсете жүріп, басқа да ауыл тұрғындары сияқты жұмыссыздық пен кедейліктен зардап шеккенін айтады. Бұл елдің газ ресурсына бай екеніне қарамастан мұндай ахуал ауылда жиі кездеседі.

Нажимованың ері Мұхаммад Пирмонов омыртқасына зақым келіп, тұра алмай қалған. Үш балалы ерлі-зайыптылардың табысы жоқ, оларға туыстары мен көршілері қарасып келеді.

«Билікке екі өтінішім бар: жұбайыма мүгедек ретінде жәрдемақы рәсімдеп берсін, маған жұмыс табуға көмектессін» дейді Гүлнара Нажимова.

Арнайы мамандығы жоқ Гүлнара Нажимова кез-келген кәсіпті істеуге, үй жинап, ауыл шаруашылығы жұмыстарымен де айналысуға даяр екенін айтады. Жергілікті биліктен көңілі қалған ол еріксіз Азаттыққа хабарласқан.

«Аудандағы билікке бірнеше рет өтініш айттым. Жұмыс жәрмеңкесінің бәріне қатыстым. Жергілікті жұмыс орталығына тіркелдім, бірақ еш нәтиже болмады. Жұмыспен қамту орталығындағы шенеунік мені қуған соң қатты ашуланып, Азаттыққа хабарластым» дейді ол.

Гүлнара Нажимова ел президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовті тұспалдап қана сынайды. Ол президентке хат жазып, тіпті оның кеңсесінен жауап алған екен. Ашхабадтан келген жауапты жергілікті шенеуніктерге көрсеткен, бірақ олар елеусіз қалдырыпты.

МЭРМЕН КЕЗДЕСУДІ БІР ЖЫЛ КҮТКЕН

Азаттық тілшісіне Ашхабад мэрінің кеңсесі қасында жолыққан өзге екі әйел ел президентін ашық сынайды. Аты-жөндерін атаудан бас тартқан әйелдер өздерін камераға түсіруге рұқсат етті. Олар «қаланы дамыту жоспары кесірінен баспаналарынан айырылғандарын, бұзылған тұрғын үйлері үшін мемлекет оларға өтемақы төлемегенін» айтты.

Үкімет жаңа автокөлік жолдарын, саябақтар мен көп қабатты үйлер салуды ұйғарғандықтан, мыңдаған тұрғынның үйі бұзылған. Тұрғындардың көбі «билік уәде еткен өтемақысын төлемеді» дейді.

«Қала мэрімен сөйлесу үшін бір жыл кезек күттім. Оны көру үшін осында апта сайын келемін, көмекшілері «ол сапарға кетті» немесе «уақыты жоқ» деп шығарып салады» дейді әйелдердің бірі. Екінші әйел мэрмен кездесуді алты ай күткенін айтады.

ВИДЕО: Наразы тұрғындар (түркімен тілінде)
Азаттыққа хабарласқан адамдардың басым бөлігі әлеуметтік және қаржылық қиындығын айтып шағымданады. Оның ішінде тұрғын үй, жұмыссыздық, денсаулық сақтау мәселелері бар.

Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мұхаммад Тахир бұрын жағдайдың басқаша болғанын айтады.

«Мен Азаттықта 11 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұрын біреуден пікір алу өте қиын еді, бәрі қорқатын. Жергілікті бір тілшімізде он шақты телефон номері болды, себебі ол Азаттыққа қоңырау түскен соң биліктің телефон желісін қиып тастайтынын білетін. Адамдардың бізге хабарласа бастағаны – үлкен өзгеріс» дейді ол.

«БИЛІК АЗДАП СЫНАУҒА РҰҚСАТ ЕТЕДІ»

Бұл батылдықтың белгісі ме? Не жұрттың наразылығы күшейді ме? Әлде Ашхабад сабыр сақтап отыр ма? Түркіменстанға қатысты көптеген сауалдар тәрізді бұл сұрақтың да жауабын табу оңай емес.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бөлімінің жетекшісі Йохан Бихр «Жұрттың пікір айтуға ниет білдіргені - таңғаларлық жағдай» дейді. Бихрдің сөзінше, бұл бір жағынан халықтың Азаттыққа сенетінін көрсетеді. Сонымен қатар ол Шешенстандағы сияқты биліктің «белгілі бір деңгейде сынға шыдап отыруы» мүмкін екенін де айтады.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының өкілі Йохан Бихр. Алматы, 23 қаңтар 2013 жыл.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының өкілі Йохан Бихр. Алматы, 23 қаңтар 2013 жыл.

«Шешенстанда да репрессиялық жағдай орнаған, бірақ азаматтар мен журналистерге президентке тигізбей, билікті аздап сынауға рұқсат етіледі. Түркіменстан билігі де тұрғындардың наразылығын төменгі сатыда тұрған шенеуніктерге бағыттап, мемлекеттік саясаттан аулақ ұстауға тырысатын шығар» дейді ол.

Бірақ Бихр Түркіменстанда үкіметті тікелей сынаудың әлі де қауіпті екенін ескертеді.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының тізімінде баспасөз бостандығы бойынша 180 елдің арасынан 178-орын алатын Түркіменстан әлемдегі адам бостандықтары шектелген елдердің бірі болып отыр.

АҚШ мемлекеттік департаментінің ақпан айында жариялаған адам құқығы жайлы баяндамасында Түркіменстандағы адам құқығын өрескел бұзу, сөз бостандығын шектеу мәселелері айтылды. Баяндама авторлары 2013 жылы адам құқығын бұзғаны үшін айыпталған Түркіменстан шенеуніктерінің жауапқа тартылмағанын да ескертті.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG