Accessibility links

Киевте демонстранттар мен полиция қақтығысты


Демонстрант пен өртеніп жатқан полиция автобусы. Киев, 19 қаңтар 2013 жыл.

Демонстрант пен өртеніп жатқан полиция автобусы. Киев, 19 қаңтар 2013 жыл.

Жиын өткізуге қатысты жаңа заң жаңа наразылық толқынын тудырды. Оппозиция жетекшілері үкіметті өзгерту туралы ғана емес, қайта президенттік сайлау өткізу туралы талап қоя бастады.

Қаңтардың 19-ы күні жиын өткізуге қатысты Украина президенті бекіткен заңға қарсы ондаған мың демонстрант Киевтегі Тәуелсіздік алаңына жиналған кезде полициямен қақтығыс туды.

Полиция жасақтарының қоршауындағы парламент ғимаратына қарай өтпек болған және бір поицейлер тобын демонстранттар таяқтай бастады. Құқық қорғау органының өкілдері наразы топты газ шашып таратпақ болды.

Қақтығыс кезінде бір полиция автобусы өртеніп кетті.

Қақтығыстан бұрын Украина оппозициясы жетекшілерінің бірі Виталий Кличко жиын өткізу туралы жаңа заңды "заңсыз" және "конституцияға қарсы" деп сипаттады.

"Біз өте маңызды шешім қабылдауға тиіспіз. Біріншіден, қаңтардың 16-сы күні Аймақтар партиясының ұсынысы бойынша парламент мүшелері қабылдаған заңдарды жарамсыз және заңсыз деп танимыз. Екіншіден, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге шақырамыз, бұл мәселені дауысқа салуымыз керек. Үшіншіден, сайлау ашық, әрі әділ өтуі үшін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері өзгеруі қажет" деп мәлімдеді Кличко.


Кейін Кличко демонстранттарды полицияның күш қолдануына түрткі болатындай арандату әрекетін жасамауға шақырған.

Украинаның оппозициясы президент Виктор Янукович "диктаторлық билік жүйесін" орнатпақшы деп айыптайды.

Қаңтардың 16-сы күні Янукович қол қойған жаңа заң ресми рұқсатсыз қоғамдық жерлерге шатыр тігуге, сахна құруға және дауыс зорайтқыш қоюға тыйым салады. Заң бойынша демонстранттар беттерін бүркемеуі тиіс.

Демонстранттар заңды әжуалап медициналық маска мен құрылысшы каскаларын киіп шықты. Бастарына ыдыс-аяқ киіп шыққандар да болды.

Жаңа заң бойынша "қоғамдық тәртіпті бұзушыларға" 15 жылға дейін түрме жазасы кесілуі мүмкін.

Заңға сәйкес бұдан былай шетелден қаржыландырылатын ҮЕҰ-дар "шетелдік агент" ретінде қайта тіркеледі. Дәл осындай заң бұған дейін Ресейде де қабылданған еді.

Жаңа заңды қабылдауға кедергі келтіру үшін жергілікті демонстранттар депутаттарды парламент ғимаратына өткізбеуге тырысып, электрондық сайлау жүйесінің жұмысына кедергі келтірмек болған.

Қаңтардың 16-сы күні оппозиция жетекшілерінің бірі Арсений Яценюк үкіметке сенімсіздік білдіріп, оны қайта жасақтауға үндейтін және қол жинайтын кампания бастаған.

Украина президенті Виктор Янукович былтырғы қарашаның соңында Киевті Еуропа Одағына жақындата түсетін серіктестік туралы келісім-шарттарға қол қоймай, оның соңы жүздеген мың украиналықтың жаппай митингіге шығуына ұласқан еді. Елде мұндай ауқымдағы наразылық шаралары 2004 жылы болған революциядан бері байқалмаған.

Сарапшылар демонстрациялардың Януковичке әсер етпегенін айтады. Бірақ оның қаңтардың 17-сі күні президент әкімшілігінің жетекшісі Сергей Левочкинді қызметінен алып тастағаны Украинаның билік басында да тартыс жүріп жатқанын көрсетеді дейді олар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG