Accessibility links

Майдандағы жұрт екіұдай күйде


Киевтегі Майданды суретке түсіріп тұрған әйел. 23 мамыр 2014 жыл
Киевтегі Майданды суретке түсіріп тұрған әйел. 23 мамыр 2014 жыл

Украинадағы демократиялық өзгерістің символына айналған Киевтің бас алаңы - Майданға шатыр тігіп жатқандардың тез тарап кеткісі жоқ.

Киев қаласының мэрі болып сайланған күннің ертесінде Виталий Кличко бұрынғы президент Виктор Янукович елден қашқалы бері бірде-бір саясаткердің батылы бармаған ұсыныс тастап, Киевтің Тәуелсіздік алаңындағы демократия жеңісінің нышанындай болған шатырлар мен қоршауларды алып тастайық деді. Бірақ аты аңызға айналған Майданда бұл ұсынысқа көзқарас әртүрлі.

«БАРРИКАДА МІНДЕТІН ОРЫНДАДЫ»

Созылып жатқан "Еуромайдан" шатыр қалашығындағы жаңа жыл шыршасының қаңқасына ілінген тулар мен Путинге қарсы ұрансөздер жазылған маталар шақырайған күн астында желбіреп тұр. Киевтің Тәуелсіздік алаңында қала мен ауылдың сюрреалистік көріністері астасып жатыр. Асфальттің үстіндегі ұсқынсыз шатырдың қасында әскери шалбар киген, жалаңаш кеуделі ер кісі кептерлерге жем беріп жүр.

Фонтанның суына жуылған қоқыс сөмкесін беліне байлаған және бір кісі темекі шегіп тұр. Үйілген отынның жанында тұрған тағы бір кісі наразылық шеруі кезінде қаза болғандарға орнатылған шағын ескерткіштің қасында жүгіріп жүрген күшігін «Майданчик!» деп өзіне шақырып әуре.

Алты ай бойы Киев қаласы Майдандағы әркелкі көңіл-күймен оянып жүрді: желтоқсанның басында қаланы фестиваль әуені желпіндірсе, ақпанда қанды қырғынның үрейі биледі. Ал қазір мұнда мимырт тыныштық орнаған.​
Майдандағы баррикада түбінде отырған адам. Киев, 27 мамыр 2014 жыл
Майдандағы баррикада түбінде отырған адам. Киев, 27 мамыр 2014 жыл


Енді мұның бәрі келмеске кетпек. Виктор Янукович биліктен кетірілген соң «саясаткерлер біздің талаптарымызды ұмытып кетпесін» деген белсенділер айлар бойы алаңда қала берді. Белсенділер президент сайлауы өткенше алаңда боламыз деп серт берді, бір де бір саясаткердің оларға «тараңдар» деп айтуға батылы бармады.

Экзит пол нәтижелері бойынша айқын басымдықпен Киев қаласының мэрі болып сайланған бокстан бұрынғы әлем чемпионы Виталий Кличко Украинаны «диктатурадан» сақтап қалған шатыр қалашығы өз миссиясын орындады, енді оны алып тастау керек деген пікір айтты.

"Баррикада өз міндетін орындады, енді оларды алып тастау керек. Киев реформаларды қолға алатындай қалыпты өмірге біртіндеп қайта оралуы тиіс" деді ол.

«ҚАЙТА АЛДАНҒЫМЫЗ КЕЛМЕЙДІ»

Кондитер магнаты Петр Порошенконың президент сайлауының бірінші кезеңінде-ақ айқын басымдықпен жеңіске жеткені белгілі болды. Ал Майдандағы халықтың бұған көзқарасы әркелкі.

Сәуір айында Азаттыққа берген сұхбатында «шатырлар сайлаудан кейін алып тасталады» деген 54 жастағы белсенді Виктор Лабаз ол ойынан айнып қалған сияқты.

Порошенконың жеңісін мойындағанымен, Лабаз оның инаугурациясы болғанға дейін алаңда қала беремін дейді. Ол прогрестің нақты белгілерін, соның ішінде ескі режиммен байланысы бар адамдардың жазаланғанын, парламенттің таратылып, жаңа сайлаудың тағайындалғанын көргісі келеді.
Майданда үйленіп жатқан жастар. Киев, 24 мамыр 2014 жыл
Майданда үйленіп жатқан жастар. Киев, 24 мамыр 2014 жыл


"Майдан дегеніміз – культ, ол – Украинаның жаңа азаматтық қоғамының институты. Майдан биліктің әрекеттерін бақылауы керек. Бәріміз үйді-үйге тарап кетіп, артынан баяғы таз қалпымызға түскен 2004 жылғы жағдайдың қайталанғанын қаламаймын. Үйімізге жайбарақат кетіп қалып, «қайырымды патша ананы жасайды, мынаны орындайды» деп отыратын кез емес" деді «Украинаның халық қозғалысы» ұйымының белсендісі Виктор Лабаз.

Львов қаласында құрылыста істеп жүрген жерінен Майданға келіп, «Болат жүздік» деп аталған қорғаныс жасағының құрамында қызмет етіп, шатыр қалашықта тұрып жатқан 33 жастағы белсенді Ростик Щербаның да кететін ойы жоқ.

Ол Порошенконың өткен өміріне күдіктене қарайды. Сайланған президент Аймақтар партиясының негізін қалауға қатысқан, соңғы үш президенттің тұсында министр қызметін атқарған, өзі кондитерлік өнімдер империясындағы бизнес пен биліктегі қызметін қатар алып жүріп «олигарх» деген атқа ие болған.

"Халық не үшін құрбан болды? Олардың халық үшін бірдеңе істеп жатқанын, халыққа жұмыс беріп жатқанын көрмейінше біз алаңнан кетпейміз" дейді Ростик.

Украинаның батысындағы Ивано-Франковск қаласында бармен болып жұмыс істеген Артур есімді 27 жастағы жігіт желтоқсанның 25-інен бері алаңда тұрып жатыр. Шатырдағы өмірден жалыққан ол үйіне кетуге әзірленіп жүр.

"Бұл – бұрынғы Майдан емес. Бұл – уақытша баспана ғана, адамдар мұнда тұруға тиіс емес. Жаңа басшылық бар. Солардың өз халқын қорғауына мүмкіндік берейік. Үйге кететін уақыт болды. Үйінде әйел-баласы қалған, жұмыстары бар кісілер осында келіп, күресті де, қайтадан үйлеріне кетіп қалды. Мұнда жай қарап отырғаннан басқа ешқандай істейтін іс жоқ. Санитария мәселесі тағы бар. Күн ысыды, ал баррикадалар лас. Бұдан инфекция тарайды" деді Артур.

Том Бэлмфорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG