Accessibility links

Украинаның жаңа үкіметіне кіргендер кім?


Жаңадан жасақталған Украина үкіметі. Киев, 27 ақпан 2014 жыл

Жаңадан жасақталған Украина үкіметі. Киев, 27 ақпан 2014 жыл

Еуромайдан жеңіске жеткен соң саяси тарихының ең маңызды, әрі күрделі кезеңіне аяқ басқан украин халқы жаңа үкімет құрамынан өзі қалаған және реформа жасауға қабілетті тұлғаларды көре ала ма?

Қанша қиын болса да, бұл жұмысты біреу атқаруы тиіс. Жаңа министрлер кабинетінің құрамы үшін дауыс берген Украинаның жоғарғы радасының жолдауы осындай болды. Билікке келген үкіметке сепаратистік қақтығыстардан есін жинай алмай отырған, экономикалық дағдарыс алдында тұрған ел бұйырды.

Мемлекеттің уақытша президенті Александр Турчинов жаңа үкіметтің міндеттері тым ауыр екенін жақсы түсінеді. Министрлер кабинетінің маңызды, әрі ел ішінде түрлі реакция тудыруы мүмкін күрделі реформаларды іске асыруына небары 3-4 ай берілген.

«Бірлік» үкіметін құру туралы уәделерге қарамастан, қазіргі министрлер кабинетінде Юлия Тимошенкjның "Батьківщина" партиясының мүшелері басым, ал Виталий Кличконың «Удар» партиясынан бірде-бір өкіл енбеген.

Украинаның жаңа премьер-министрі Арсений Яценюк. Киев, 27 ақпан 2014 жыл

Украинаның жаңа премьер-министрі Арсений Яценюк. Киев, 27 ақпан 2014 жыл

Премьер-министр

Арсений Яценюк (39 жаста) – «Батьківщина» («Атамекен») партиясының жетекші мүшелерінің бірі, бұған дейін экономика министрі және сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Ол «Еуромайданның» басты үш жетекші оппозициялық тұлғаларының бірі болды, алайда Виктор Януковичпен ымыра жасағаны үшін, қоғамдық қолдаудан айтарлықтай айырылып қалды. Алда күтіп тұрған «аса жағымсыз» қаржылық шешімдер жайында алдын ала ескерту жасап, үкімет мүшелерін «камикадзе» министрлер деп атады.

Бірінші вице-премьер

Виталий Ярема (50 жаста) – Киев полициясының бұрынғы басшысы. Ярема Еуромайданда ішкі істер министрлігінің күштерін сынаған еді. Сонымен қатар шерушілерге жасалған шабуылдар бойынша жүргізілген тәуелсіз тергеулерді басқарған, соның ішінде таяққа жығылған журналист Татьяна Черноволдың ісі де бар (төменнен қараңыз). Украина парламентіне Ярема 2012 жылы депутат болып сайланған, енді ол қорғаныс, ішкі істер және сыртқы істер министрліктеріне, сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесіне жетекшілік етеді. (Қорғанысқа және сыртқы істерге қатысты лауазымдарды парламент емес, уақытша президент тағайындайды). Яценюк Яреманы жаңа үкіметтегі №2 тұлға деп атайды.

Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы

Андрей Парубий (43 жаста) – Еуромайданда «сыналған» тәжірибелі саясаткер. Парубий 2007 жылдан бері Жоғарғы рада депутаты, алдымен «Біздің Украина» партиясынан, кейін «Батьківщина» партиясынан сайланған. Еуромайданда демонстранттардың қорғаныс күштерін үйлестіруші рөлін атқарды. Өткен аптадағы қантөгістен кейін оқ атуды тоқтату жайлы полициямен келіссөз жүргізуге көмектескен. Ұлтшыл «Оңшыл сектор» ұйымының басшысы Дмитро Ярошқа Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының орынбасары қызметі ұсынылды, бірақ шарттары әлі келісіліп біткен жоқ. Кабинет министрлерінен айырмашылығы – оның қызметін уақытша президент бекітеді.

Вице-премьер

Александр Сыч (49 жаста) – Парламентке ұлтшыл «Свобода» партиясынан сайланған депутат. Сыч партияның бұрыннан келе жатқан идеологиялық басшысы, сонымен қатар партияның Ивано-Франковскідегі аймақтық ұйымдарын басқарушы. Тарих пәнін оқытушысы ретінде Украинаны азат ету қозғалысының тарихы туралы көптеген еңбектер жазған. Денсаулық жағдайына байланысты немесе заңды түрде дәлелденген зорлық актісінен өзге жағдайда жасанды түсік жасатуға тыйым салу жөніндегі даулы заң жобасының авторларының бірі. Әйелдер жүктіліктің алдын алуға құқылы, алайда бұны «дұрыс өмір сүру» арқылы іске асырулары тиіс деген ұстанымда.
Борис Тарасюк, Украинаның еуропалық интеграция бойынша вице-премьері

Борис Тарасюк, Украинаның еуропалық интеграция бойынша вице-премьері


Еуропалық интеграция жөніндегі вице-премьер

Борис Тарасюк (65 жаста) – тәжірибелі дипломат, Украина тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Бенилюкс елдерінде елші болды және Киевтің НАТО-дағы өкілі ретінде қызмет атқарды. Леонид Кучма тұсында сыртқы істер министрі болып тағайындалды, Кучмаға «қош айтысардың» алдында Виктор Ющенконың президенттік сайлауға қатысу науқанында сыртқы істер жөніндегі кеңесші болып қызмет етті. «Қызғылт-сары революциядан» кейін екінші мәрте сыртқы істер министрі болып тағайындалды және «Батьківщина» партиясынан депутат болып сайланды. Тарасюк – Еуро-Атлант ынтымақтастығы институтының іргесін қалаушы. Ол Украинаның ЕО және НАТО-мен интеграциялануын барынша жақтайды. ЕО-мен қауымдасу жөніндегі келісімге қол қоюға үкімет «бір, не екі апта ішінде» дайын болады деп әлден хабарлап қойды.

Денсаулық сақтау министрі

Олег Мусий (48 жаста) – Еуромайданның медициналық қызметкерлерінің арасындағы бас дәрігер қызметін атқарған Мусий бұл қызметке халықтың қошеметіне бөленіп келді. Анестезиолог және жедел жәрдем қызметкері болған Мусийдің денсаулық сақтау саласындағы менеджмент пен ұйымдастыру бойынша дережелері бар. Ол Украинаның медициналық ассоциациясының президенті қызметін атқарған және Жоғарғы рада жанындағы Халықтың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесін басқарған. Украина дәрігерлерінің этикалық кодексін жасау бастамасын көтерген және демеу көрсеткен алғашқы дәрігерлердің бірі.

Ішкі істер министрі

Арсен Аваков (50 жаста) – туған жері – Баку, этникалық тегі – армян. Аваков саяси карьерасын Харьков қаласында жасады. Ющенко тұсында облыс губернаторы және «Біздің Украина» партиясының жоғары лауазымды мүшесі болды. 2010 жылдан бері «Батьківщина» партиясының Харьковтегі аймақтық бөлімшесінің басшысы қызметін атқарды, осы жылы ол қала әкімінің сайлауында Геннадий Кернеспен бәсекеге түсіп, аз ғана айырмамен ұтылып қалды. 2012 жылы оған қызметін асыра пайдаланды деген айыптар тағылды. Алайда бұл айыптың саяси астары болған деген пікірлер де бар. Ол Италияда Интерполдың ордері бойынша тұтқындалған. Бірақ сол жылдың қазанында Жоғарғы радаға депутат болып сайланған соң, сот одан тағылған айыптарды алып тастады. Аваков – ақпанның 22-сінен бері ішкі істер министрінің қызметін атқарушы. «Беркут» арнайы бөлімшесін тарату жөніндегі бұйрыққа әлден қол қойды.

Қаржы министрі

Александр Шлапак (54 жаста) – Сібірдегі Иркутск қаласында туған, Львов қаласында өсіп, білім алған. Ұзақ саяси карьера жасаған, әр жылдары экономика министрі, ұлттық банк төрағасының орынбасары (онда Яценюкпен қызметтес болған), қазына басшысы және президенттің үкіметтегі өкілі ретінде қызмет еткен. 2011 жылы Печерск сотында Тимошенкоға қарсы куәлік ету барысында Шлапактың үстіне су шашылғаннан кейін, оның аты шығып кетті. Ол украиналық миллиардер Сергей Тигипконың жақын серіктесі болып саналады.
Людмила Денисова, Украинаның әлеуметтік саясат министрі

Людмила Денисова, Украинаның әлеуметтік саясат министрі


Әлеуметтік саясат министрі

Людмила Денисова (53 жаста) -- Тимошенконың тұсында 2007-2010 жылдары еңбек және әлеуметтік саясат министрі қызметін атқарған тәжірибелі саясаткер. Ресейдің Архангельск қаласында дүниеге келген. 1990 жылдардың басында Қырымға қоныс аударады. Бұнда ол аймақтық үкіметтің әр түрлі билік сатыларына көтерілген, соның ішінде экономикалық және қаржылық лауазымдар бар. Аймақтың құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі және зейнетақы қорының басшысы ретінде қызмет еткен. 2005 жылы «Батьківщина» партиясының мүшесі болып, парламентке бірнеше рет сайланды. 2009 жылы Украинаның ең ықпалды әйелдерінің бірі деп танылды.

Әділет министрі

Павел Петренко (34 жаста) -- заңгер, 2012 жылдан бері «Батьківщина» партиясы төрағасының орынбасары. Бұдан бұрын Киев аймақтық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бұнда ол мекеменің коррупцияға қарсы комиссиясының құрамында жұмыс істеген. Сонымен қатар Украинаның мемлекеттік жинақ банкінде бас кеңесші болып қызмет еткен.

Мәдениет министрі

Евгений Нищук (41 жаста) – актер және әнші, Еуромайдан шерулері барысында жиындардың бейресми жүргізушісі ретінде қызмет еткен. Киевтегі «қызғылт-сары революцияда» 10 жыл бұрын дәл осы рөлді атқарған еді. Бұл қызметінен соң Нищук «Майдан дауысы» деп аталып кетті. Ол өзінің позициясын зорлық-зомбылық өршіген сәттерде шерушілерге қауіпсіздік туралы нұсқаулар беру үшін пайдаланды. Сонымен қатар, Майдан сахнасы үшін көптеген әуендер жазды. Ол бір сұхбатында шерулердің ашық аспан астындағы концерттерге айналып кетпеуі керектігін айтып, бірақ «мейлі мұңды сәттер, мейлі қуанышты кездер болсын, украиндар музыкасыз өмір сүре алмайды» деген. Украинаның мәдени мұрасын қалпына келтіріп, сақтап қалуға уәде береді.

Экономикалық даму және сауда министрі

Павел Шеремет (42 жаста) -- Киев-Могилев бизнес мектебінің тұңғыш деканы және Киев экономика мектебінің президенті. Шеремет дамушы экономикалар эксперті және Малайзия үкіметіне арнайы кеңесші ретінде қызмет еткен маман ретінде белгілі. Ол сонымен қатар АҚШ-тың Атланта қаласындағы Эмори университетін бітіріп, Гарвардта дамуды басқару бағдарламасы бойынша оқыған. Украинаның топ-менеджерлерінің бірі болып жиі танылады. Экономика министрі ретінде тағайындалуына таңданыс білдірді, бірақ үкіметте «жаңа адамдардың» болу қажеттігін мойындайтынын айтты. Украина халықаралық қаржылық көмекті сақтап қалуға қажетті жедел реформалар жүргізетін болғандықтан, Шеремет басты «ойыншы» рөлін атқармақшы.

Білім және ғылым министрі

Сергей Квит (48 жаста) – «Киев-Могилев академиясы» ұлттық университетінің ректоры. Квит – Украинаның ең беделді әдебиет сыншылары мен педагогтарының бірі. Өзіне дейін министр қызметін атқарған Дмитрий Табачниктің қарсыласы болған. Ол Табачникті университет автономиясын шектеуге және әлеуетті студенттер үшін оқу орнын азайтуға тырысты деп айыптаған. Квиттің тағайындалуы Украинаның саяси белсенді студенттер класына сөзсіз жағады. Себебі олар жылдар бойы Табачникті ресейшіл және «украинофоб» қасиеті үшін орнынан кетіруге тырысып келген.
Дмитрий Булатов, Украинаның жастар саясаты мен спорт министрі

Дмитрий Булатов, Украинаның жастар саясаты мен спорт министрі


Жастар саясаты және спорт министрі

Дмитрий Булатов (35 жаста) – Автомайдан белсендісінің бір аптаға жоғалып кетіп, белгісіз ұрлаушылар қолымен аяусыз азапталуы 90 күндік Еуромайдан шерулерінің шешуші оқиғаларының біріне айналған болатын. Оппозиция қолдаушылары, солардың арасында 5-арна иесі Петр Порошенко соққыға жығылып, аштық көрген, бірақ аман қалған Булатовтың жағдайын көрсетіп отырды. Үш баланың әкесі, Киев қаласының тумасы Булатов шетелде ем қабылдап, осы аптада Украинаға оралды. Азаптаушылар оның құлағын жарым-жартылай кесіп тастаған болатын.

Отын және қуат министрі

Юрий Продан (55 жаста) – Ресейде дүниеге келген. Продан Юлия Тимошенко тұсында қуатқа қатысты басты лауазымды екі жарым жыл иеленген болатын. Украинаның Ресеймен табиғи газға қатысты даулы келісімі дәл Продан кезінде жасалған еді. Кейінірек Янукович Тимошенконы түрмеге отырғызу үшін осы жайтты пайдаланды. Продан ешбір партияға мүше емес. Ол Киев пен Украинаға қуат жеткізуші монополист компанияларда жоғары қызметтер атқарған. Сонымен қатар Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының орынбасары болған. Оның алғашқы тапсырмаларының бірі ресейлік газдың жеткізілуіне қатысты өзгертуге болатын келісімге қатысты келіссөздер жүргізу болуы ықтимал. Ал екіншісі ЕО-мен қауымдасу жөніндегі келісімнің басты шарты – қуат көздеріне баға қалыптастыру реформаларын жүргізу болуы мүмкін.

Сыртқы істер министрі

Андрей Дещица (48 жаста) – кәсіби дипломат Дещица елші ретінде Финляндия мен Исландияда қызмет еткен және көршілес Польшамен берік байланыстар орнатқан. Львов қаласының тумасы Дещица Канаданың Альберта университетінен саясаттану ғылымының Ph.D докторы дәрежесін алған. Ол поляк, ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. 2012 жылдан бері арнайы тапсырмалар бойынша елші, ЕҚЫҰ-ның ұзаққа созылған қарарлар бойынша өкілі ретінде Украина атынан Молдованың Приднестровье дауын шешуге үлес қосты.

Қорғаныс министрі

Игорь Тенюх (55 жаста) – контр-адмирал және Украинаның әскери-теңіз күштерінің бұрынғы қолбасшысы. Тенюх 2008 жылы Ресей-Грузия соғысы барысында Ресей флотын Севастополь айлағына кіргізбес үшін, кемелерге жолды жауып тастауға бұйрық берген болатын. Осы әрекеті арқылы Ресей тарапынан өзіне өшпенділік тудырып алды. Екі жылдан кейін оны қызметінен Янукович босатты. Тенюх Еуромайданда белсенді рөл атқарды. Ол қарулы күштерді биліктің «заңсыз» бұйрықтарын орындамауға шақырды. Тенюх Львов қаласында туған және ұлтшыл «Свобода» партиясының мүшесі.
Соққыға жығылған Татьяна Черноволға қолдау көрсетушілер.

Соққыға жығылған Татьяна Черноволға қолдау көрсетушілер.


Коррупцияға қарсы бюро басшысы

Татьяна Черновол (34 жаста) – журналист, әрі белсенді. Булатов сияқты оны да белгісіз топ адам шошырлық соққыға жыққан. Бұл – Черновол ішкі істер министрі Виталий Захарченконы жаппай коррупцияға қатысты айыптаған мақаласын жариялаған соң бірер сағаттан кейін болған жағдай. Ол соққыға жығылған соң Еуромайдан Захарченконың қызметтен кетуін және коррупция мәселелерімен жұмыс істейтін арнайы үкіметтік қызмет құруды талап етті. Черновол – 2006 жылы Януковичтің ысырапшыл Межигорье иелігі туралы репортаж жасаған алғашқы журналист. Аталмыш қызмет – оның бірінші үкіметтік қызметі болуы мүмкін. Ол 2012 жылы парламент сайлауына қатысып, сайлана алмаған болатын.

Люстрациялық комитет басшысы

Егор Соболев (37 жаста) -- кәсіби журналист және Еуромайдан коменданты. Шерулердің барынша сұңғыла ұйымдастырушылары мен стратегтерінің бірі деп танылды. Януковичпен «қызғылт-сары революция» кезеңінде таныс болған ол шерушілерді басынан зорлық-зомбылыққа жол бермеуге үгіттеді. Соболев өз ұстанымын «моральдық биіктігімізді» жоғалтып алмауымыз керек» деп негіздеді. Оның жұбайы Мария Падалко – танымал теледидар жүргізушісі. Коррупцияға қарсы бюро секілді Люстрациялық комитет те жаңа құрылым. Ол Майдан ұйымдастырушыларының талабына сәйкес құрылды.

Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Әзина Мақұлжан

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG