Accessibility links

Украина дағдарысы Ресей газының бір жолын жапты


"Оңтүстік ағын", Предград Кроксичтің карикатурасы.
"Оңтүстік ағын", Предград Кроксичтің карикатурасы.

"Оңтүстік ағын" газ құбырын салу арқылы Украинаны айналып өтпек болған Ресейдің жоспарын күтпеген жерден Болгария бұзды.

Ресей Украинаны Еуропаға газ тасымалдайтын транзиттік елдер санатынан шығару үшін Қара теңіз түбінен «Оңтүстік ағын «газ құбырын салуды бастаған еді. Бірақ осы аптада Болгария жоспарланған газ құбырының құрылысын тоқтатқанын мәлімдеді. Осылайша Украина дағдарысы Ресейдің газ тарту жоспарына кедергі жасап отыр. Азаттық тілшісі осы мәселеге қатысты бес сауалға жауап іздеді.

ЖОБАНЫҢ ҚАЗІРГІ ТАҒДЫРЫ ҚАНДАЙ?

Болгарияның мәлімдеуінше, Қара теңіз арқылы еуропалық жағалауға шығатын ресейлік «Оңтүстік ағын» газ құбыры жобасына тендер жарияланбайды.
Елдің премьер-министрі Пламен Орешарскийдің 8 маусымдағы тосын мәлімдемесіне дейін Еуропаға 63 миллиард шаршы метр газ тасымалдауға тиіс «Оңтүстік ағын» газ құбыры кедергісіз салынып жатқан еді.

Ресей мемлекеттік газ монополиясы «Газпром» қаржыландыратын, құны 45 миллиард долларға бағаланған жоба Береговаядан басталып, Ресейдің Қара теңіз жағалауынан Болгарияның Бургасына барып жалғасатын. Ол жерден Балқан арқылы қосымша құбырларға жалғанып, газ сол аймаққа және Италия мен Австрияға жетуі тиіс еді. Софияның мәлімдемесінен кейін Мәскеу газ құбырының ешбір жағалауға шықпайтыны белгілі болды. «Оңтүстік ағын» жобасының болашағына күмән туып тұр.
АҚШ сенаторлары Болгария президентімен кездесіп тұр. София, 8 маусым 2014 жыл
АҚШ сенаторлары Болгария президентімен кездесіп тұр. София, 8 маусым 2014 жыл


БОЛГАРИЯНЫҢ ШЕШІМІНЕ КІМДЕР ЫҚПАЛ ЕТТІ?

Болгария осындай шешім қабылдағанын үш АҚШ сенаторы 8 маусым күні Софияға келген кезде мәлімдеді. Брюссель де бірнеше айдан бері осындай әрекет жасау керектігін айтып, Софияға ықпал етуге тырысып келген. Аризоналық республикашыл Джон Маккейн, Коннектикут демократы Кристофер Мерфи мен висконсиндік республикашыл Рон Джонсоннан құралған америкалық өкілдер «ресейлік «Стройтрансгаз» компаниясы бастаған консорциум Болгария жариялаған тендерді ұтып ала ма» деп алаңдаған.

"Стройтрансгаз" компаниясын Владимир Путинге жақын ресейлік кәсіпкер Геннадий Тимченко басқарады. Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығы нәтижесінде Вашингтон санкция салған кәсіпкерлердің тізімінде ол да бар. Бірақ Тимченко Еуропа Одағының санкция тізіміне ілінбеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: АҚШ Еуропаны Ресей газына тәуелділіктен құтқара ала ма?

Бұған дейін Вашингтон «егер "Стройтрансгазды" таңдасаңдар, консорциум құрамындағы болгариялық компаниялар да жазаланады» деп Софияға ескерту жасаған еді. Одан бөлек ЕО да Болгарияға қысым жасап, жобадан бас тартуды талап еткен. Еуропа комиссиясы "Оңтүстік ағын" жобасы бойынша болгар акциясының 50 пайызын уысында ұстап отырған "Газпромның" бизнес жасау тәсіліне қатысты дауда Мәскеумен келісімге келе алмай отыр.

Еуропа комиссиясы 2007 жылы ЕО құрамына өткен Софияны сынап, Брюссель "Газпромға" қатысты мәселені шешіп алмай тұрғанда асығыс шешім қабылдап, 2008 жылы Мәскеумен келісімге қол қойып, "Оңтүстік ағын" жобасын бастап кеткені үшін айыптады.

Брюссель "Газпромды" монополиялық әрекет жасайды деп жақтырмайды, ол компания Еуропа комиссиясының Үшінші энергия пакеті (ҮЭП) бойынша әрекет етсе дейді. 2009 жылы күшіне енген ҮЭП-ке сәйкес, энергия алыптары жеке иеленген энергия өндіру және тасымалдау компанияларымен «бөлісіп», үшінші тараптың құбырға қол жеткізуіне мүмкіндік беруі тиіс.
"Оңтүстік ағын" газ құбырының құрылысы.
"Оңтүстік ағын" газ құбырының құрылысы.


Ұлыбританияның Оксфорд институтындағы Natural Gas Research бағдарламасының жетекшісі Джонатан Стерн бірнеше айдан бері Брюссельдің "Газпром" туралы пікіріне Болгарияның құлақ аспағанын айтады.

«ЕО "Оңтүстік ағын" жобасының ҮЭП-ке қайшы екенін ескертті, сондықтан болгарлардан құрылысты тоқтатуды талап етті. Олардың әрекеті нәтиже бермеген еді, бірақ сенаторлар жетістікке жеткен сияқты» дейді ол.

Бірақ Стерн ақырына жетпеген жобаның бір тармағы қалып тұр дейді. Бұрын болгарлар Еурокомиссияға «газ құбыры жобасынан бас тартуға мәжбүрлесеңдер, сот арқылы өтемақы төлетеміз» деген еді. ЕО-ның ең кедей елі Болгария жобаға әжептәуір ақша салғанын айтады, сондықтан ол нәтижесіз қалса, бірнеше миллиард доллардан айрылады.

«Болгарлар америкалық сенаторлардан да өтемақы талап етті ме екен?» деп қызығушылық танытады Стерн.

УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫНА ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?

Қазір Мәскеу Еуропаға сатып отырған газының жартысын Украина аумағынан өтетін құбырмен тасымалдап отыр. Ол 2012 жылы басталған "Оңтүстік ағын" жобасы 2015 жылы аяқталып, Украинаға тәуелділіктен толықтай құтқарады деп сенген еді.

Болгарияның шешімі Мәскеудің жоспарын тас-талқан етті. Украинадағы қазіргі дағдарыстың бұл жобаға ықпалы зор. Ресей газын Еуропаға тасымалдау үшін Украинаның көмегі қажет, сондықтан Киев Мәскеуге экономикалық тұрғыда ықпал етеді.
"Оңтүстік ағын" газ құбырының құрылысын бастау салтанатында сөйлеп тұрған Ресей президенті Владимир Путин. Анапа, 7 желтоқсан 2012 жыл
"Оңтүстік ағын" газ құбырының құрылысын бастау салтанатында сөйлеп тұрған Ресей президенті Владимир Путин. Анапа, 7 желтоқсан 2012 жыл


«Егер "Оңтүстік ағын" құбыры аяқталса, Украинаның Ресейге ықпалы азаяды» дейді 9 маусым күні The Moscow Times басылымына сұхбат берген Мәскеудегі энергетикалық даму қорының директоры Сергей Пикин. «АҚШ та, Еуроодақ та олай болғанын қаламайды».

Егер Украина транзиттік аймақ болудан қалса, Киев Мәскеу газын тұтынатын өлкеге ғана айналады. Солайша батыстың Украинаны өзіне қосып алуы үшін жасаған әрекеттеріне кедергі келтіреді.

БҰДАН СОҢ НЕ БОЛАДЫ?

Болгарияның жобаны тоқтатқанын Мәскеу тарабы сынады. 9 маусым күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ЕО-ны "Софияға қысым жасады" деп айыптады.

«Кейде Брюссель біреуді жазалау үшін, кек алу үшін ештеңеден тайынбайды» деді ол.

Финляндияға барған сапарында журналистерге сұхбат берген ол: «Соңғы уақытта ЕО билігі "Оңтүстік ағын" жобасы бойынша келіссөздер тоқтатылады деді. Олар "Ресей Киевтегі билікті мойындасын" дейді. Осыны сындарлы саясат деуге келе ме?» деп сұрады.
"Оңтүстік ағынның" Сербиядан өтетін тұсы.
"Оңтүстік ағынның" Сербиядан өтетін тұсы.


Кремльді көптен бері бақылап келе жатқан The Economist басылымының аға редакторы Эдвард Лукас Мәскеудің "Оңтүстік ағыннан" айырылмау үшін аянып қалмайтыны байқалады дейді. Оның ойынша, «Ресейдің Болгарияда саяси және экономикалық қомақты активтері бар, енді ойланбастан соларды пайдаланады».

«Айла-шарғы, тыңшылар, өтірік һәм Ресей Батысты қалай алдайды?» кітабының авторы Лукас: «Украина дағдарысынан кейін Ресейдің түпкі мақсаты ЕО-ның энергетикалық нарықта жетекшілік етуіне жол бермеу, бұл соғыста Ресей жеңілісін оңайлықпен мойындай қоймайды» дейді.

Мәскеудің Болгарияға ықпал ету мүмкіндігі бірден байқалды. Болгар премьері мәлімдеме жасағаннан кейін бірнеше сағаттан соң-ақ елдегі Социалистік партия үкіметпен ынтымақтастықты үзгенін мәлімдеді. 10 маусым күні Социалистік партияның жетекшісі Сергей Станишев үкіметтің биліктен кетуін талап етіп, шілде айында жаңа билікті тағайындауға шақырды.

Лондондағы халықаралық қатынастар бойынша Еуропа кеңесінің софиялық зерттеушісі Весела Чернова: «Болгария партиялары арасында "Оңтүстік ағынды" қорғаудан алдына жан салмаған партияның биліктен бас тартуына тура келді» дейді.

«Бұл үкімет "Оңтүстік ағын" құрылысын тоқтатуға қатысты шешімді еш себепсіз қабылдады» дейді ол. Черневаның айтуынша, билікке жаңадан келуі мүмкін уақытша үкімет Орешарскийдің мәлімдемесінің күшін жоюға қауқарсыз. Еуропа комиссиясына қарсы келуі екіталай. Әзірге партиялар дауыс жинауға таласып жатқанда Мәскеу жоғалтып алған ұпайын түгендеуге тырысады.

«ОҢТҮСТІК АҒЫН» ҚҰРДЫМҒА КЕТТІ МЕ?

Бұны ешкім дөп басып айта алмайды. Брюссельдің ресми ұстанымына сенсек, "Газпром" Еуропа комиссиясының талаптарын қабылдаса, ЕО "Оңтүстік ағынды" тоқтатпайды. Ал бұл жоба Австрия, Венгрия, Словения, Италия мен Болгария сияқты ЕО-ға мүше елдерге және мүше болуға әзір Сербия сияқты мемлекеттерге қажет.

Бірақ Украина дағдарысы ЕО-Ресей қарым-қатынасын бұзып тұрғандықтан, Брюссель мен Мәскеудің бір-біріне тәуелділік деңгейі де сынға түсіп тұр. Қазіргі таңда ЕО газдың үштен бірін Мәскеуден алады, Мәскеу экспорттан түсетін барлық табысының 14 пайызын Еуропаға сататын газдан тауып отыр. Екі жақ та әзірге балама тапқан жоқ, бірақ Брюссель болашақта Ресей газына тәуелді болудан арылу жолдарын қарастырамыз деді.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG