Accessibility links

WikiLeaks америкалық ұйымның құпия хаттарын жариялады


WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж. Лондон, 27 ақпан 2012 жыл.

WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанж. Лондон, 27 ақпан 2012 жыл.

Лондонда орналасқан WikiLeaks веб-сайты осы аптада америкалық жекеменшік Stratfor («Стретфор») барлау және талдау компаниясының бес миллионнан астам құпия электрондық хатын жариялай бастады.


WikiLeaks таратқан хабарламаға қарағанда, хаттар 2004-2011 жылдар аралығында жазылған. Онда компанияға мәлімет беріп тұрған адамдар, оларға ақы төлеу жүйесі, қаржыны жасырып қалу, компанияның жұмыс істеудегі психологиялық тәсілдері жайлы мәліметтер бар.

ХАКТИВИСТЕРДІҢ «СЫЙЛЫҒЫ»

«Бұл хаттар Stratfor-дың АҚШ үкімет орындарымен байланысы бар екенін дәлелдейді» дейді WikiLeaks.

Ал Stratfor бұл оқиғаға байланысты «WikiLeaks жариялаған хаттардың біразы өтірік не өзгертілген болуы мүмкін, кейбірі рас болуы ықтимал» дейді.

Stratfor ұйымына байланысты материалдарды WikiLeaks-ке Anonymous хакерлер тобы ұсынған. Anonymous хактивистері 2011 жылдың желтоқсан айында Stratfor серверлеріне компьютерлік шабуыл жасап, құпия мәліметтерді алған екен.

Хактивистер бұл құжаттарды WikiLeaks-ке берген мақсатын түсіндіре келе, «Әлемді тану үшін жариялылық керек» деп жазды Twitter-дегі парақшасында.

«Хактивист» – 2011 жылы пайда болған, ағылшын тіліндегі «hack» (ашу) және «activism» (активизм) деген екі сөзден құралған, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданылған жаңа сөздердің тізіміне енген (Financial Times басылымының есебінше) атау.

Бұл жаңа сөз альтруистік мақсаттағы хакерлерді сипаттау үшін айтылады. Әдетте хактивистер компьютерлік шабуылдар жасау арқылы жемқорлар мен педофилдерге қарсы жұмыс істейтіндерін айтады.

«АҚПАРАТ АЛУ ЕРКІНДІГІ»

Бұл WikiLeaks жариялаған алғашқы құпия мәліметтер емес. Сайт 2010 жылдың қараша айында АҚШ дипломатиялық қызметкерлерінің өзара құпия хаттарын жұртқа көрсетіп, осы елдің сыртқы саясатының кейбір құпияларын жұртшылыққа мәлім еткен еді.

Ол құжаттардың кейбірі Орта Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға да қатысты болған.

Бірқатар ел басшылары бұл сайттың жасырын материалдарды жариялауын құп көрген жоқ.

2011 жылы мамырда Австралиядағы «Сидней бейбітшілік қоры» осы елдің азаматы, WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанжды «құқық қорғау саласындағы қызметі» үшін «Сидней бейбітшілік сыйлығымен» марапаттады.

«Сидней бейбітшілік қоры» Ассанждың «саяси саладағы ғасырлар бойғы қалыптасқан құпиялылықты шайқалтып, азаматтардың ақпарат алу еркіндігін қорғаудағы қызметін» баса айтқан.
XS
SM
MD
LG