Accessibility links

Пуштун музыкасы «пираттардың» шырмауына түсті


Пәкістанның Равалпинди қаласында жайма базарда компакт-дисктер сатып отырған адам. (Көрнекі сурет).

Пәкістанның Равалпинди қаласында жайма базарда компакт-дисктер сатып отырған адам. (Көрнекі сурет).

Пәкістанда пираттық әдіспен сатылатын тауарлар жергілікті базарды жаулап алды. Бұл елдегі музыка өндірісі мен осы нарықта еңбек ететіндердің жолына тосқауыл болып отыр.

Пәкістандағы әнші, продюсерлер мен саудагерлер пуштун музыкасының өндірісіне заңсыз өнім шығаратын «пираттар» зор нұқсан келтіріп отырғанын айтады. Зияткерлік меншік құқығын қорғаушылар қолда бар заңды пайдаланып, құқықтық шара қабылдауға шақырса, шенеуніктер «пираттармен» күресудің ауыр екенін алға тартады.

ПИРАТТАР ӨНЕРГЕ БАЛТА ШАБАДЫ

«Пираттарды» басқа топтан оңай ажыратасыз – қолдарында ноутбугі бар, көшеде жайғасып отырған жастар Пәкістанның солтүстік-батысында жиі кездеседі. «Соңғы хит керек еді» деген сөз аузыңыздан шықса болғаны, флэш-карта, смартфон немесе таза ықшам дискіге сізге керекті музыканы дем арасында көшіріп береді. Бұл үшін түпнұсқа жазбаның құнының тек бір бөлігін ғана төлейсіз.

Музыканы тегін жүктеп алуды ұсынатын сайттар мен «пираттар» мәдени мұраның түбіне балта шабатын қауіпке айналды. Пуштун музыка өндірісі әншілер, продюсерлер мен бөлшек саудада жұмыс істейтін мыңдаған адамның нан табуына жағдай жасап отырған еді. Жаңа музыка өнімдерін басып шығарып, сататын музыкалық дүкендердің көбі пираттық жолмен әуен сату әдісі пайда болған соң жабылып қалды, қалғаны банкрот болудың алдында тұр. Музыка өндірісінде пираттық әдістің өріс алуы бұл салаға инвестицияның қысқаруына әсер етеді, оның арты жаңа әндердің азаюына апарып соғады дейді сарапшылар.

Аса танымал пуштун әншілерінің бірі Сардар Юсафзаи музыкалық дүкен қожайындарының өз дауысын жазып алуға таласқан кездерді ұмытқан жоқ. Ал қазір музыканттар әуенді жазғызу үшін дүкенге ақы төлеуге тиіс дейді әнші. Соның өзінде музыкалық дүкендер әнді ықшам диск немесе кассетаға жазуға ынталы емес, себебі ол пираттардың қолына түскен соң өздері пайдасыз қалатынын біледі.

Пуштун әншісі Сардар Юсафзаидың видеосы:



44 жастағы Юсафзаи пуштунның «құлақтан кіріп, бойды алар» тамылжыған әуезді халық әндерін орындайды. 2008 жылы туған қаласы Малакандта музыка мен ойын-сауықты «исламға жат» деп қабылдайтын Талибаннан қашып құтылған әншіні қазір елдегі әріптестерінің жағдайы толғандырады.

– Біздің қоғамда әртістер ең жағдайы мүшкіл, дәрменсіз топқа жатады, себебі олардың қолынан басқа ештеңе келмейді. Олардың мамандығы – өмірлік кәсібі, – дейді пуштун әншісі.

Юсафзаидың айтуынша, күні кеше жұртқа танымал жұлдыз болған әншінің өмірі бүгін күнкөріс үшін күреспен өтеді. Басқа әнші, музыканттармен әңгімелескенде қайыршылық пен күйзеліс жиі сөз болады дейді ол.

– Мен оларға «үнемі ширығып жүретіндіктен бәріміз дертке шалдыққанбыз» деп айтамын. Ол терроризмнің құрбаны болудан қорқамыз дегенді ғана білдірмейді. Тіршілік етуге мүмкіндік берген мамандықтың та еш құны қалмады, – дейді Сардар Юсафзаи.

Пуштун музыкасы Пәкістан мен Ауғанстанда аса танымал. (Көрнекі сурет)

Пуштун музыкасы Пәкістан мен Ауғанстанда аса танымал. (Көрнекі сурет)

Бұндай көзқарас музыка өндірісінде кеңінен қалыптасқаны байқалады. Пешавардағы музыкалық дүкен иесі Сохали Хан өзін пуштун музыкалық элитасының жойылып бара жатқан түріне жатқызады. Оның Пешавардағы «Сангам музыка үйі» бір кездері музыканттар мен әншілердің түлеп ұшқан ұясы болатын. Ханның жазу студиясы бар дүкені пуштун музыка өндірісінің негізі саналатын, ол жаңа әуенді қаржыландырып, жазып, халыққа тарататын.

Жігіт ағасы жасындағы Ханның өндіріске инвестиция салатын қаржысы бар, оның дүкенінде 700 альбом жатыр. Клиенттер мұсылман мерекесі кезінде жаңа жазбаларды сатып алады. «Сангам музыка үйі» Пешавардағы көне дүкендердің бірі. Ал Пешавар мен басқа ірі қалалардағы және Хайбер-Пахтунхвадағы көптеген дүкендер жабылып қалды.

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

Айына мыңдаған АҚШ доллары көлемінде пайда тапса да, Сохали Хан есеп айырысып, отбасын асыраудың қиындап кеткенін айтады.

– Мамыражай кезең өтті. Қазір ауыр дағдарысқа тап болдық, бизнесіміз құрдымға кетті. Жинаған қаржымыз қалмады. Қажетті дүниеге шығындала да алмаймыз. Хиял Мухаммад, Гулзар Алам, Назия Икбал сияқты әншілер альбом шығаруға ақша ұсынған. Бірақ «пираттардың» кесірінен альбомдар саудада өтпейді. Музыкалық өндіріс өкілдері наразылық білдірсе де, билік авторлық құқықтың сақталуын қадағаламай отыр, – дейді Хан.

Пуштун әншісі Назия Иқбалдың орындауындағы ән:




Исламабадтағы шенеуніктер «пираттармен» күресудің ауыр екенін алға тартады. Пәкістанда 2005 жылы құрылған зияткерлік меншік құқығын қорғау ұйымы бар. Оның өкілі Сайфулла бұл ұйымның пуштун музыкасын қоғамдық басқару өндірісіне көмектесіп, «инвесторлар мен әншілер өздерін қорғай алатынын» айтады. Ол пуштун музыканттарын қолда бар заңды пайдаланып, құқықтық шара қабылдауға шақырады.

– Мәселе көп, бұл сала ауыр жағдайда тұр. Тіпті авторлардың өзі елімізде құқықтарын қорғайтын заң бар екенін білмейді. Солайша авторлық құқықты бұзудың алдын алуға дәрменсіз, – дейді Сайфулла.

Ол жұмыс істейтін зияткерлік құқықты қорғау ұйымы Пәкістан әлемдегі пираттық өнімдердің орталығына айналған кезде құрылған.

Пуштун музыкасының жас жұлдызы Каран Хан Пәкістан мен Ауғанстанда өзін сүйіп тыңдайтындардың қатары көбейіп келе жатқанын мақтан тұтады. Жас әнші пираттық тәсіл жақын арада жойылмайды деген пікірде.

- Елдің бәрінде USB, смартфон, сандық радио мен интернетке кіру мүмкіндігі бар. Сондықтан олар қалаған музыкасын жүктеп алып, тыңдай береді, - дейді ол.

(Азаттық тілшілері Харун Бача мен Әбубәкір Сыддықтың мақаласын қазақшаға аударған Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG