Accessibility links

Тамара Қалеева: «Мемлекеттің жуырда баспасөзге бостандық беретін түрі жоқ»


"Әділ сөз" қорының басшысы Т.Қалеева
"Әділ сөз" қорының басшысы Т.Қалеева

Мамырдың 3-і - Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Осы айтулы күнге орай Азаттық радиосына сұхбат берген сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» халықаралық қоғамдық қорының президенті Тамара Қалеева елдегі баспасөзді қорғау шаралары жақсарғанымен, оларға қысым көрсетудің күшейіп бара жатқанын айтады.



ЖУРНАЛИСТЕРДІ ЖАУАПҚА ТАРТУ ЖИІЛЕП КЕТТІ


- Тамара ханым! Қазақстан ЕЫҚҰ - на төрағалық етердің алдында елдегі тәуелсіз басылымдар сәл болса да еркін тыныс ала ма деген үміт отының жылтылдағаны бәрімізге аян. Сол үміт ақталды ма? Түрлі себептермен қыспаққа ұшыраған кейбір басылымдарды қорғау жұмыстары қалай жүріп жатыр.

- Бұрынғымен салыстырғанда Қазақстанда баспасөзді қорғау жұмыстарының анағұрлым жақсарғанын айта кету ләзім. Қорғаушылардың саны артып, біліктілік дәрежесі де өсіп келеді. Алайда оның нәтижесі қандай деген – бұл енді басқа әңгіме.

Мәселе, баспасөзге көрсетілетін қысымның күшейіп, соттық шағымдардың көбейіп, заңдық шектеулердің артып бара жатқандығында болып отыр. Баспасөзге шығарылатын үкімдер де тым қатайып барады.
"Алматы-Инфо" газетінің бас редакторы Р.Есіргеповты түрмеге әкетіп барады. Тараз, 8 тамыз 2009 ж.

Қорғаушылар үшін қанша тырысса да баспасөздің адымын аштырмайтын әпербақан саясатқа қарсы тұру қиындап кетті. Айталық баспасөзді қорғаушылар мен журналистер «Алма-Ата инфо» басылымының бас редакторы Рамазан Есіргеповтің оған таңылған қылмысқа қатысы жоқ екенін дәлелдеу үшін барын салғанымен, нәтиже шықпады. Қазір Рамазан түрмеде отыр.

Конституциямызда сөз бостандығы мен пікір еркіндігіне тиым салынбаған. Президентіміз бен билік басындағы атқамінерлердің бәрі де бірінші кезекте ел экономикасының дамуына зор кесапатын тигізетін сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күресті күшейту керегін айтқанымен, іс жүзінде бәрі басқаша сипат алып барады.

Өткен жылы ғана әкімдердің жеке басы емес, жұмыстағы кемшіліктерін сынға алған үш журналист бас бостандықтарынан айырылды. Батыс Қазақстан облысынның жазушысы Алпамыс Бектұрғанов бір жылға бас бостандығынан айырылды; және Шымкентте үкіметтік емес ұйымның екі басшысына шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Біз осы айтылған журналистер әкімдердің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың бар екенін тапқандықтан мұндай жазаға кесілді деп пайымдаймыз. Яғни, әкімдердің былығын одан әрі ешкім қопармас үшін осындай түрдегі қорқыту-үркіту тәсілдерін кеңінен қолдану үрдіске айналды.

Ең қызығы Қазақстан ЕЫҚҰ –на төрағалық етерге шейінгі жылдары дәл осындай тұрғыда журналистерді жаппай соттау оқиғалары белең алған емес. Баспасөзді қорғаушылардың саны жыл сайын артқанымен, жағдай қиындап, кері кетіп барады.

Қазақстандағы баспасөз ахуалының дәл осылай күрделенуінің себебін елдегі басшылардың тәуелсіз басылымдардың жұмыс істегенін және дамығанын қаламайтын пиғылынан табуға болады.

«УРАЛЬСКАЯ НЕДЕЛЯ» ГАЗЕТІНІҢ БАСЫНА ҮЙІРІЛГЕН БҰЛТ

Осы жерде тағы да Оралда болған соңғы оқиғаны тілге тиек ете кетуге тура келеді.Өткен жылы «Уральская неделья» тәуелсіз басылымында журналист Лұқпан Ахмедьяровтың «Тендердің тасасында» деген мақаласы жарық көрген еді. Мақаланың қысқаша мазмұнына тоқталатын болсақ, онда «Тенгизнефтестрой» компаниясының тендер жарияланбай жатып-ақ, оны орындауға кірісіп кетіп, бірнеше құрылыс нысандарын салып тастағанының тарихы баяндалған.
"Азат" партиясының белсенділері әзірлеген "Сөз бостандығына шабуыл" атты ас. Талдықорған, тамыз 2009 ж

Таяуда Орал қалалық соты «Уральская неделя» газеті мен осы басылымның тілшісі Лұқпан Ахмедьяровқа «Тенгизнефтестрой» компаниясына моральдық тұрғыдан залал келтіргені үшін өтемақы ретінде 20 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге шешім шығарды. Бір қызығы компания басшылығы тендер басталмай тұрып-ақ ондай жұмыстарды істегендерін жоққа шығармайды. Алайда олар мұндай көптеген миллион тұратын мемлекеттік тапсырысты өздерінің ол жұмысты атқаруға дайын екендіктерін көрсеткісі келгендіктен жасағандарын айтады.

Әрине, бұған біз екеуміз, тендерді жеңіп алатыны белгісіз бола тұрып. кім алдын-ала дүдамал іске мол қаржыны шашады деп мысқылдап күлуіміз мүмкін. Өйткені тендерге қатысуға көптеген фирмалар өтініш білдіреді ғой. Соған қарамастан сот компанияның сөзіне сеніп, газет пен журналистке 20 миллион теңге айыппұл салды.

«Уральская неделья» Батыс Қазақстан облысындағы шын мәнісіндегі бірден-бір тәуелсіз басылым. Таралымы 18 мың. Газеттің құрылтайшылары мен акционерлері газет журналистерінің өздері.

Енді газетке салынған 20 миллион теңге көлеміндегі айыппұл аталмыш басылымының қып-қызыл шығынға батуына ғана емес, тіпті оның жабылуына әкеліп соқтырады. Мұндай тәлкекті «Тасжарған» газеті де басынан кешті. Енді ол газеттегі мақаласы үшін Алмас Көшербаевтың әлі қанша жүгіретіні бір Алллаға ғана аян. Қазақстандағы оппозициялық және тәуелсіз басылымдардың көрген күндері осындай. Көңіл қуантатын ештеңе жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДА ТӘУЕЛСІЗ БАСЫЛЫМ АЗ БА, Я МҮЛДЕМ ЖОҚ ПА?

- Жалпы Қазақстанда тәуелсіз басылым бар деп айтуға бола ма? Олай дейтін себебім, елдегі көптеген өздерін тәуелсіз санайтын басылымдарда негізінен оппозициялық бағыттағы мақалалар жарық көреді. Ол басылымдар көп жағдайда белгілі бір адамдардың мүддесін қорғап сөйлейді. Қарсы тараптың уәжіне құлақ асқысы келмейді. Ал, ресми басылымдар болса тек биліктің айтқанынан шықпайды. Олар да үкіметтің немесе белгілі бір шенеуніктердің айтқанымен жүреді. Алайда екі тараптың да пікіріне қысастық қылмайтын басылымды қалай жасауға болады?

-Мұны қалай жасауға болатынын өзің де жақсы білесің ғой деп ойлаймын. Бұл ең алдымен газеттің шығармашылық ұстанымына байланысты туындайтын мәселе, Ешкім де елдегі бұқаралық ақпарат құралдарына қандай да бір ақпараттық саясатты жүргізуге немесе қандай да бір партияның пікірін білдіруге тиым сала алмайды.

Мемлекеттік емес жекеменшік басылымдар қаламаса да биліктің сөзін сөйлеуге мәжбүр болады. Олар көп жағдайда билік тарапынан репрессияға ұшырап кетуден қорқады. Басылымдардың қожайындары экономикалық жағынан билікке тәуелді болғандықтан олардың айтқанынан шыға алмайды.

Олар бұл басылымдарды саяси, экономикалық, шаруашылық мақсатын жүзеге асыру немесе жеке басының амбициялық мақсатын көрсету ниетімен ашады. Өкінішке қарай Қазақстанда шын мәнісіндегі тәуелсіз бағытты ұстанған басылым өте аз.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ШЫНАЙЫ КҮРЕСУШІЛЕР

- Жалпы тәуелсіз басылымда жұмыс істегісі келетін журналистер үшін нақты қандай қиындықтар бар?

Бұл ең алдымен заңнамалық шектеулер. Баспасөзді қоғамдағы тәртіптің сақталуын қырағы бақылауға тиіс демократияның «төбетіне» теңеуге болады. Қоғам баспасөз арқылы ең алдымен өзінің мұң-мүддесін айтуға тырысады және оның шешілгенін қалайды. Күрмеуі күрделі осы мәселелердің шешімі табылса ғана қоғам ілгері дамиды. Міне, сондықтан да журналистиканың ең басты мақсаты қоғамның жоғын толтыруға, мұңын жоқтауға бағытталауы тиіс.

Алайда бізде қоғамдағы қордаланып қалған мұндай проблемаларды жазу өте қауіпті. Егер де қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін сыбайласқан жемқорлық туралы журналист жаза бастаса, оған бірден жеке басының ар-ожданына кір келтірді деген желеумен миллиондаған теңге айыппұл салады.
Сөз бостандығын қорғаушылар шеруі. Алматы, 2006 ж.

Немесе журналист қандай да бір шенеуніктің айлығына сай өмір сүрмейтінін әңгіме қылса жеке өміріне қол сұққаны үшін жауапқа тартылады. Ал өткен жылғы Қылмыстық кодекстің 142 бабына бабына енгізілген өзгертулерге сәйкес жеке адамның өміріне байланысты заңсыз жолмен алынған ақпараттарды жариялағаны үшін заң орындары журналисті бес жылға шейін бас бостандығынан айыра алады. Бұлардың бәрі де сөз бостандығына төніп тұрған нақты қатерлер.

Мұның сыртында журналистерге көрсетілетін неше түрлі қоқан-лоққы мен олардың өміріне қауіп төндіретін шабуылдар қаншама. Мемлекет журналистердің құқығын қорғамайды және қолдау да көрсетпейді. Мысалы журналистер белгілі бір мәселеге байланысты билік құрылымдарынан немесе шенеуніктерден ақпарат беруін сұрайды.

Алайда журналистер көп жағдайда олардан қажетті ақпаратты ала алмайды. Бұған да назар аударып жатқан ешкім жоқ. Ал, осы кезге шейінгі болған Мәдениет және ақпарат министрлігі журналистердің кәсіби қызметін атқаруға байланысты кездесетін кедергілерге орай бірде-бір рет оларды қорғаған емес. Және мұндай бейбастақтық әрекетке жол бермеу үшін шөптің басын да сындырған жоқ.

Біздегі тәуелсіз фотокорреспонденттер мен телеопператорлардың да жұмысы аса қауіпті екенін айта кету керек. Олардың қолдарын бұрап фотоаппараттары мен камераларын тартып алып, сындырып тастап жатады. Мұндай мағынадағы шағымдар да бізге өте көп түседі.

Журналистер полицияға шағымданғанмен, олар осыған байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартады. Мұндай жағдайда мемлекеттік құрылымдар ешқашан да журналистердің құқығын қорғамайды. Біздің қылмыстық кодексіміздегі 155 бап бойынша журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапқа тартуға болады. Алайда әлі күнге шейін бұл бап бойынша жауапқа тартпақ түгіл, бір рет те қылмыстық іс қозғауға әрекет жасалынған емес.

ЗАҢНАМАНЫ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК

-Ал, бұл жағдайды қалай жақсартуға болады?

- Ең алдымен заңнаманы өзгерту керек. Қазір Қазақстан ЕЫҚҰ - на төрағалық етеді. Бұл ұйым ұзақ жылдан бері Орта Азияда өтетін конференцияларда ылғи да жала жабу мен ар-ожданға кір келтіруге байланысты мәселеге орай қылмыстық жауапкершілікті алып тастау қажеттілігін айтып келеді. Бізде көбінісе осы бап бойынша журналистер жауапқа тартылады.

Өкінішке қарай Қазақстан мұндай қадамға бірде-бір рет барған емес. Тіпті бізде осыдан екі жыл бұрын ІІМ –нің өзі жалған ақпарат бергені үшін тағайындалатын жазаны жұмсартатын заң жобасын ұсынған. Бұл жоба Астанада бірнеше рет ЕЫҚҰ – ның сарапшыларының қатысуымен талқыланғанымен нәтижесіз аяқталды.

Қазіргі таңда Парламентте Қылмыстық кодекстің жаңа жобасы қабылданғалы жатыр. Онда журналистерді жазалайтын баптардың бәрі өзгеріссіз баз қалпында қалды. Жағдайды өзгертуді бірінші кезекте заңнаманы либерализациялаудан бастау қажет. ЕЫҚҰ - на төрағалық ету мәселесі қаралып жатқанда Қазақстан заңнамаларды либерализациялауға уәде берген болатын.
Қазақстандық полиция митингіні бақылап тұр. Алматы, 2009 ж.

Бірақ оның ақыры БАҚ туралы заңға болмашы косметикалық өзгертулер енгізумен ғана аяқталды. Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік кодекстің ешқайсысына да өзгертулер енгізілмеді. Міне, осыдан кейін былтырдан бастап БАҚ - тарды қудалау онан сайын күшейе түсті.

Сонымен қатар сот жұмысын жақсарту қажет. Саяси астары бар мәселелерде соттардың барлығы билікке ыңғайлы шешім шығарады. Бұған «Тасжарған» мен «Республика» газеттерін мысалға келтіруге болады. Әу бастан-ақ бұл басылымдардың айыптаушы тараптың талап етіп отырған миллиондаған соммасын төлеуге шамасының жоқ екені белгілі еді.

Моральдық шығынның мөлшерін айыпталушының материалдық жағдайына орай анықтау керектігі туралы Жоғарғы соттың қаулысы бар. Бірақ сот оны анықтамай-ақ, тәуелсіз басылымды құртуға жұмыс жасайды. Мұның зардабын негізінен тәуелсіз және оппозициялық басылымдар тартады.

Әрине ресми басылымдармен соттасып жататын жағдайлар бар. Алайда сот оларға байланысты бұл БАҚ - тар төлей алмайтын дәрежедегі айыппұл салатын шешім шығармайды.

ИНТЕРНЕТ ПЕН ҚОҒАМДЫҚ ТЕЛЕАРНА

-Интернетке байланысты қандай проблемалар туындап жатыр?

- Бұған байланысты туындауы мүмкін проблемаларды біз қазір тек жобалап қана отырмыз. Интернетке байланысты заң өте шикі, әлі піспеген. Сайттардың иелері қазір осыған орай кейбір пікірлерді жібірмейтін болды. Көбісі блогерлік алаңдарын шектеп тастады. Қазір көптеген интернет-сайттардың модераторлары қандай пікірді жіберуге болатынын немесе болмайтынын білмей басы қатып жатыр.

Сондықтан олар қатты қауіптеніп, жариялауға болатын пікірлерді де жібермей тастайды. Басқаша айтқанда қазір біздегі интернетте «жабайы цензура» белең алды. Біздің болжамымыз бойынша бұл заң келесі жылдан бастап өзінің барлық аждаһалық сипатымен танылатын болады.
"Әділ сөз" қорының басшысы Тамара Қалеева сөз бостандығын қорғау минтингісінде. Алматы, 24 маусым 2009 ж.

Яғни 2012 жылы өтетін президенттік сайлауға байланысты науқан басталған кезде, біздің қуғындағы оппозиция немесе бас сауғалап жүрген саясаткерлер өз жұмыстарын интернет арқылы жүргізуге тырысады. Міне, осы кезде олардың сайттарына заңдық тұрғыдан да, заңсыз жолмен де тосқауыл қою қарқын алады.

-Қазақстанда қоғамдық телеарна ашу мәселесі біраз жылдан бері көтеріліп келеді. Егер осындай телеарна ашылса ол Қазақстандағы пікір еркіндігінің дамуына ықпал ете ала ма?

-Либерализациялауға байланысты қандай да бір нақты қадамдар жасалмаған біздің жағдайымызда кез-келген телеарнаны қоғамдық деп атай беруге болады. Оның құжатын осылай тіркей салудың да еш қиындығы жоқ. Бірақ, бұл сөз жүзіндегі ғана қоғамдық телеарна болып шығады. Менің ойымша қазіргі қалыптасқан жағдайда шын мағынасындағы мұндай телеарна ашу мүмкін емес.

Рахат Әлиевтің «Хабар» телеарнасын демонополизациялау жүріп жатқан кезде Дариға Назарбаеваның өзі осының негізінде қоғамдық телеарна ашуды ұсынған. Енді бәрі кеш. «Хабар» мемлекеттік телеарна болып қалды.

-Әңгімеңізге рақмет!
XS
SM
MD
LG