Тыңдау

Қазір әуеде

Кешкі бағдарлама

Келесі бағдарлама




Мультимедиа


 

Саясат

Шаңырақ саяси брендке айналды, бірақ ол іс бойынша сотталғандар ұмытыла бастады

Диссидент Арон Атабек өзін 18 жылға түрме жазасына кесу туралы сот үкімі шыққан соң Алматының тергеу абақтысында. Ақпан, 2007 жыл.

29.01.2010
Мәншүк АСАУТАЙ

Шаңырақ ісі бойынша айыпталып 18 жылға сотталған, қазірде Қарағанды түрмесінде отырған қазақ диссиденті Арон Атабектің жаза мерзіміне, «тәртіп бұзғаны» үшін жаңадан тағы да 5 жыл қосылуы мүмкін, деді оның жары Жайнагүл Азаттық радиосына берген сұхбатында.


ШАҢЫРАҚ ТҰТҚЫНДАРЫ

2006 жылы қарашада Алматы қалалық соты белгілі қоғам қайраткері әрі диссидент Арон Атабекті «Шаңырақ шағын ауданында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны» және «полиция қызметкерін қасақана өлтіргені» үшін айыпты деп тауып 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сол жолы билік ауылдан қоныс аударып келіп, Шаңырақта күн кешіп жатқан жұрттың құжыра-баспаналарын заңсыз тұрғызылған деп тауып, оларды күреп тастауға әрекет жасаған-ды.

2006 жылы жазда сол елді мекенде тұрғындар мен полиция арасында болған қақтығыс салдарынан полиция офицері жас жігіт қаза болған еді. Билік Шаңырақ тұрғындарын жерді өз бетімен басып алып, заңсыз баспана тұрғызған деп кінәлаған болатын.

Арон Атабекпен бірге тағы үш адам ұзақ мерзімге сотталды. Атап айтқанда, Құрманғазы Өтегенов – 16 жылға, Ерғанат Тараншиев – 15
Ақын, диссидент Арон Атабек Шаңырақ ісі бойынша сот процесі кезінде.
жылға, Рүстем Тұяқов – 14 жылға түрме жазасына кесілді. Қазақ қоғамында бұл төртеуі нақақ айыппен сотталған деген пікірлер де айтылады. Әсіресе, олардың ішінен Арон Атабектің есімі ерекше аталады.

Арон Атабек дүйім жұртқа 1980-1990 жылдары «Желтоқсан» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде танылды.

Ал қазір тар қапаста отырған Арон Атабектің биліктегі саяси режимді сынаған өткір өлеңдері мен мақалалары ара-тұра Интернетте жарияланып келеді. Бірақ сол үшін оны, темір тордың арғы жағында да, бір адамдық камераға қамап жазалайды, дейді оның әйелі Жайнагүл Айдархан.

ХИКАЯҒА ТОЛЫ ДИССИДЕНТТІК ӨМІР

– Жайнагүл ханым, 31 қаңтар – Арон Атабектің туған күні, ол 57 жасқа толады. Әдетте сіздер осы күнді қалай атап өтуші едіңіздер?

– Ондай күндерді біз, әрине, екі баламыз – ұлымыз Асқар және қызымыз Айданамен бірге өткізуге тырысатынбыз. Бірақ, хикаяларға толы диссиденттік өміріміз неше түрлі қилы жағдайларда өткен соң, туған күндерді атап өту біз үшін қалыптасқан дәстүр, әдеттегідей дағды
Асқар Айдархан, түрмеде отырған диссидент Арон Атабектің ұлы.
болды деп айта алмаймын.

Кей кездері достарымыз жиналатын. Екі басқа мемлекетте отырып, бір-бірімізге жылдап жете алмаған кездеріміз де болды.

Ұлым әкесінің бостандығы үшін күресіп жатыр деп мақтанышпен айта аламын. Ол Арон Атабектің сайтын ашып, соған редакторлық жасайды. Асқар әкесі үшін өте үлкен, бәрінен де көп шаруа атқарды деуге болады. Түрмеден үзік-үзік етіп алып шыққан кітаптың мәтінін өзі теріп шықты. «Шаңырақ – баспанасыздар көтерілісі» деп аталатын ол кітапты жазуды Арон тергеу абақтысында отырғанда бастап, сот үкімі шығысымен толық бітірді.

– Жұбайыңыз отбасында қандай адам?

– Жарқын мінезді, аса қамқор жан. Ақжүрек, кең пейілді, қарапайым. Өзіме өте ұнайтын, әрі өз мінезіме жақын қасиеттерінің бірі – әзілқой адам. Өмірдің сан қилы белестеріне қарамастан, күнделікті тұрмысында ақылды әзілқой бола білу – жоғары өнер деп санаймын. Бұл да оның ішкі жан-дүниесінің тереңдігін көрсететін дәлел.

Балаларын қатты сүйеді, жұмсақ қарайтын. Маған шынайы ілтипат білдіріп, өте сыйлайтын, еркелететін. Білгірлігімен тәнті ететін Арон дарындық пен сыпайылық үлгісі бола алатын текті тұлға. Жаратқанға шүкір, ондай мінез-құлқы балаларымызға да дарыған.

– Арон абақтыға жабылған соң өміріңізде қандай елеулі оқиғалар болды? Сіздің ересектерге арнап жазған ертегілеріңіз саяси карикатураға жақындау. Әйткенмен сіздің қаламыңыздан шыққан дүниелермен көпшілік таныс емес.

– Аронсыз өмір, әрине, өзгерді, дегенмен мен өз-өзімді ұстауға тырысып келемін. Ал елеулі оқиғалар арасынан екі жайтты атап өткім
Айдана Айдархан, түрмеде отырған диссидент Арон Атабектің қызы.
келеді. Біріншісі, ешқандай қиындықтарға қарамастан, шығармашылыққа деген құштарлығым арта түскендей. Ертегі, кейде әңгіме жазумен шұғылданамын. Мүмкін, өмір мені осылайша шыңдап, шынықтырайын деген болар.

Екіншісі, қайғылы жайт – өткен күзде ардақты анамнан айрылдым. Арон бұл қайғыны әлі естіген жоқ. Анаммен екеуі бір-бірін қатты сыйлайтын. Айтпақшы, 82 жасқа қараған шағында дүниеден өткен анам, Азаттық радиосының көп жыл бойғы тыңдарманы болатын.

– Сіз, кейде әйел адам ретінде, Аронның сол жолы Шаңырақтағы оқиғаларға қатысқандығына кейіп, оны кінәлаған сәттеріңіз болды ма?

– Жоқ, кінәламаймын. Қалайша кінә тағам? Арон Шаңырақта өзінің азаматтық борышын орындады. Ары бар адамның шегінуге құқы жоқ. Бұндай әрекетке өжеттік емес, бойда жатқан жанның шынайы тазалығы мен пәк сезімі итереді. Бірақ, жадымда жатқан терең өкінішті сеземін. Осы оқиға менің елімде болғанына өкінемін.

ХХІ ғасырда өмір сүретінімізді ұмытқан сияқтымыз. Бұл тарихымыздың өшпейтін тағы бір масқара беті, қоғамымыздың драмасы мен трагедиясы. Аузын жұмған зиялы қауымның Шаңырақ оқиғаларына көрсетіп отырған селқостығынан жүрегім тітіркенеді. «Халықты биліктің тас диірменінен өткізе беріңдер, тек бізге тиіспеңдер» дейтін сияқты.

«ДҰРЫС ФОРМА КИМЕГЕНІ ҮШІН ТАҒЫ 5 ЖЫЛ ҚОСПАҚ»

– Арон Атабектің қазір Қарағанды облысы, Қаражал елді мекеніндегі түзету мекемесінде (бұрынғы Карлаг), қатал режимдегі камерада жатқаны туралы әңгімелер айтылып жүр. Күйеуіңіздің бүгінгі хал-жағдайы жөнінде сізде қандай да бір ақпарат бар ма?

– Оның жалғыз адамға арналған камерада жатқанына үш айдан асты. Ресми мәлімет жоқ. Естуімше, оның камерасына тәулік бойы видеобақылау орнатылған. Денсаулығы мәз емес. Аронға медициналық көмек қажет. Тамағы нашар. Суы сапасыз, уран кеніштерінің маңы болғандықтан, ішуге келмейтін, денсаулыққа зиянды су. Оған медициналық көмек көрсетілмейді.

Оның жеке заттары, дәрісі мен хаттары, киім-кешегі, су сүзгіші жойылды. Хат алысуға рұқсат жоқ. Тіпті, қалам мен қағаз ұстауға да рұқсат жоқ. Ресейлік тұтқындар Ресей Федерациясының заңы бойынша, баспасөз құралдарына жаза алады.

– Бірде сіз Арон Атабектің өміріне қауіп төніп тұр дегенді айтып едіңіз, бүгінде жағдай қалай?

– Ондай қауіп әлі сол күйінде, тіпті, одан сайын күшейе түскен деуге болады. Тамағына у қосылуы мүмкін деген күдік бар. Ондай қастандықты лагерьді басқаратын астыртын күштердің тарабынан күтуге болады. Қарауылдарға да сенім жоқ.

Арон түрмедегі екі жаққа да қолайлы емес. Қатал режимді лагерьде қауіп аз емес. Әсіресе, Арон сияқты жандар үшін. Елді өз халқына өз
Жайнагүл Айдархан, түрмеде отырған диссидент Арон Атабектің жары.
қолымен геноцид жасайтын сатқын билік басқарса, қауіп өрби түседі. Камерада жалғыз отырған адамға бәрін де жасауға болады.

Бірақ, өлі ақын Атабектен гөрі, тірі тұтқын Арон Едігеев артық екенін билік түсінетін шығар деп үміттенем. Билік өз қолымен Аронды барша елге танымал батыр қылды. Ал оны өлтіріп, аңызға айналдыру керек емес екенін басшылар тағы да түсінеді деп ойлаймын.

– Ақын, қоғам қайраткері Арон Атабектің темір тордың арғы жағында саяси күреске қатысты көзқарасы өзгерді ме?

– Жоқ, өзгерген емес. Қайта оның көзқарастары, идеялары шынықты, шымырланды. Оған көз жеткізгіңіз келсе, тығып жазып, жариялаған мақалаларын оқып қараңыз. Соңғы жеткені – «Революция мен назарбаевщина» деген мақаласы. Дәл сол жұмысы үшін өштенген билік одан кек алмақшы боп жаңа айыптау тағып отыр.

«Арнайы үлгідегі форманы кимегені» үшін Арон Атабектің 18 жыл мерзіміне тағы 5 жыл қосқалы отыр. Бұл соңғы жеткен дерек. Олар Аронды иліктіре алмайды. Ол өз дегенінен қайтпайтын адам. Аронды саяси күрестен тайдыру ешкімнің қолынан келмес. Тек ажалдың қолынан келер. Бірақ Тәңір оған жеткізбес.

ШАҢЫРАҚ ТҰТҚЫНДАРЫ КӨМЕКСІЗ ҚАЛДЫ

– Жайнагүл ханым, бүгінде Қазақстан оппозициясы мен құқық қорғаушылар Арон сияқты саяси тұтқындарға араша түспей отыр. Сіздіңше, неліктен олай?

– Біздегі оппозицияның қатары азғантай. Сондықтан да олар қазіргі режимге қарсы тұрарлық күшке айнала алмай отыр. Олар мүлдем қол ұшын бермеді деп айту қате болар еді. Процесс кезінде белсенділік танытты. Саяси және қоғам қайраткерлері қолынан келгенін істеді. Алғыс білдіретін азаматтар бар, әрине. Бірақ, солардың арасынан Шаңырақ ісі бойынша сотталғандарды қорғау жөніндегі комитет құрып басқара алатын ешкім шықпады.

Өзім болсам, күнделікті тұрмыстың күйбеңі мен балалардың қамынан аса алмай келемін. Бұл шындығында қиын кезең еді. Адам құқын қорғаушыларға қатысты тек сын ғана айта аламын. Қазақстандық адам құқын қорғау жөніндегі бюро жетекшісі Жовтис Шаңырақ проблемасына селқостық танытты. Өз наразылығын білдірген жоқ, бір де бір рет сотқа келген емес.

Ал енді қазір оның өз басын бұлт шалып отыр, өкінішке қарай. Менің ойымша, бір-екі жылдан соң оның жаза мерзімі өзгереді. Үлгілі мінез-құлқы үшін – оны жақтаушы команданың арқасында – шартты мерзім алып бостандыққа шығады деп ойлаймын. Біздің елде туыстық, белгілі әулеттің адамы болу, қалтадағы қаражаттың молдығы көп нәрсені шеше алады.

Ал Арон болса жалғыз. Көк тиыны да жоқ. Мен оған ұялы телефонға арналған бірлікті өте жиі жіберудемін. Түрмеде ол ақша бірлігі ретінде саналады. Оған азық-түлік пен керекті зат айырбастауға болады. Бүгінде Шаңырақтың төрт тұтқынына көмек жасамайды. Оларға ондай көмек беру үшін арнайы комитет ашу керек. Егер де бұл төртеуіне түрменің сыртынан көмек көрсетіліп тұрса, олардың түрмедегі хал-жағдайы қазіргідей мүшкіл болмас еді.

Асылбек Қожахметов басқаратын «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі не бітіріп жүр? Неліктен олар Шаңырақ тұтқындарының ешқайсысына жәрдем етпейді? «Шаңырақ ісіне» қатысты қайтадан жаңа тергеу қажет. Басты куәгерлер – ағалы-інілі Ибрагимовтердің айып тағудан бас тартып отырғаны неге ескерілмеді? Астанадағы Жоғарғы сот құлағы керең кісідей ауыз ашпады. Әділетсіз үкім шығарды.

Билік өз жұртын соқыр, топас деп санайды. Ал халық болса бәрін де біліп отыр, тек наразылық білдіретіндей санаға келген жоқ. Дәрмені аздау боп тұр. Шаңырақты қантөгіс шайқасына апарған жендеттер мен шенеуніктер, атап айтқанда – әкім Иманғали Тасмағамбетов пен бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов, бостандықта тайраңдап жүрген нағыз қылмыскерлер. Солар жауапқа тартылсын!

Сөзімнің соңында Аронға зынданнан тезірек босап шық деген тілек білдіремін. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ басқаруға кірісті, ендеше дәл осы ұйым Арон Атабекке бостандық әкелсін. Ондай әділетті әрекет пен шешім еліміздің шынайы тәуелсіздік пен азаттық жолына түскендігінің дәлелі болар еді.

– Сұқбатыңызға рақмет, Жайнагүл ханым.
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: Сыр қазағы
29.01.2010 23:05
Аман бол, қазақтың қазіргі заманғы батыры!
Пікір алмасу

Кімнен: konys Қайдан: inderbordan
31.01.2010 00:12
aron azamat kaitpa,tek alga.enkeu-enkeu zher shalmai,ereuli nayza kolga almai erlerdin isi biterme?

Кімнен: бокки Қайдан: қытай-өр алатай
30.01.2010 03:36
заңсыз ұй салғандары қате, ал жас жыгыттың өлімі тіпті ашынышты жағдай. ал ақон атабек бұл оқиғаға қалай қыстырылып жүр тұсынбедым ?!
осы туралы егжейлы-тегжейлы таныстырулар болса,сылтеме жасасаңыздар екен. обал-сауабын бізде біліп қалсақ екен


Кімнен: Ер қазақ Қайдан: Ақтөбе
30.01.2010 08:52
"Тірлігінде силаспаған ағайын өлгенде босқа" жылама деп Махамбет айтқандай,барлық Алаштың басын қосатын,мұңын жоқтайтын ұлтқа қамқор азаматтар қайдасыңдар? Аронды шығарудың жолдарын неге қарастырмайды.Қаптаған қалың ел Шаңырақтықтар қайда? Арон өз қамы үшін емес,баспанасынан айрылатын қазақтың мұңын жоқтады емес пе? Осы оппозиция дегенді түсінбей қойдым.Халықты әбігерге салып қояды.Бірісті бастайды да,аяқсыз тастайды.Ғалымжан Жақиынов істі болғанда қол жинап,наразы халықтың пікірін әлемге жеткізіп еді.Оғанда қол қойғанбыз.Жары Жайнагүл шырылдап жүр,Болат Әбілов мырза сізге халық сенеді.Сенімді ақтау үшін халықты соңыңа ерте біл.Адай халқы Жармаханға,Жасаралға,Әміржанға,Болат пен Төлегенге сенеді.Қалың ел болып Арон Атабеккежағдайжасай алмасақ,елдігімізге сын.Түрмеде кілең идиототырмаған шығар.Бәріміздің барар жеріміз қара жер.Қара халықтың мұңын жоқтаған азаматтың жоқтаушысы бар екенін дәлелдейік,ағайын...

Кімнен: Әлім төре Қайдан: Ақтөбе
30.01.2010 10:30
Жарайды, Арон Атабекке обал шығар. Ал анау тірілей өртеніп кеткен жас жігіттің обал-сауабы кімнің мойнында? Ол байғұстың да туған-туыстары, әке-ешелері бар шығар. Аронның әйелі олар туралы неге бір ауыз жылы сөз білдірмейді? Әлде "Әркім өз байын жоқтайдының" кері ме? Бұл енді адамгершідлікке жатпайтын дүние.Қай мәселеде де әділеттілік болу керек. Саясат үшін біреудің обалына қалу ұят.
Пікір алмасу

Кімнен: ТОР
30.01.2010 18:49
Әрине, Жайнагүл ол туралы неге айтуы керек, өйткені ол күйеуінің бұл өлімге қатысы жоқ екендігіне сенімді!
Пікір алмасу

Кімнен: Anaharis Қайдан: qozibasi
01.02.2010 00:53
Өртелген азаматқа билік кінәлі. Билік оларды өздерінің қабаған иті қылып айтақтамаса, халық ол итті өлтірмес еді!

Кімнен: қазақ қызы Қайдан: астанадан
30.01.2010 20:42
Қазақтар, Аронға бостандық берілсін деген акцияны бастайық, қолдаңвздар!!!!

Кімнен: самал Қайдан: Сайраннан
30.01.2010 20:44
Қайран ер, түрмеде шірітетін болды ғой, сені мына жуйе. Мен Аронның әнін тыңдадім сұхбаттың соңында бар екен соны тіркеп қойсаңыздвр

Кімнен: Мақсат Қайдан: Майлытөбеден
30.01.2010 21:19
Алып ер тұлға -Арон Атабектің ерлігі кейін бағаланады. Бірақ мені ойландырып қалғаны, балалары неге оның фамилиясында емес, шешелерінің атында. Әлде, Жайнагүлдің тек өзінің балалары ма, артынан келген. Не балалары әкесінің атын ауыстырған ба? Осыны анықтауға бола ма?

Кімнен: Жигит Қайдан: Кызылорда
30.01.2010 21:39
Кызы оте сулу екен

Кімнен: Нұрбек
30.01.2010 22:29
Арон Атабекке бостандық берілсін!!! Аронды аман-есен шығарып алатын акция жүргізу керек сияқты. Ел болып, қолға алайық, оны түрмеде өлтіріп тастамай тұрғанда. Дара тұлға, дарынды адам екенін көп адам байқамай жүр. Елде ол туралы көп мәлімет берілмейді, өкінішке қарай.

Кімнен: Күнсұлу Қайдан: Алматы
30.01.2010 22:31
Арон ағаның әнін мақаланың шетіндегі айдардан тыңдаңыздаршы, қандай жақсы, мағыналы ән. Шынымен өзі орындады ма екен?
Пікір алмасу

Кімнен: жанарбек
30.01.2010 23:52
иә, бұл оның өз даусы, бірден таныдым.

Кімнен: бокки Қайдан: Қытай-Өр Алтай
31.01.2010 03:48
рас , тамаша ән екен. сонда ол кісі нақақ болған болды ма ? дәлел-іспат қайда ?


Кімнен: shynar
31.01.2010 16:06
Cұхбатты Жайнагүл оқып отырған сияқты ма қалай?

Арон Атабекке қолдау керек. Бірақ марқұм болып кеткен жігіттің өліміне сол кезде полиция қызметкерлерінің өздері кінәлі болғандықтан, бұл істі өзгерту қиын болады. НАН кетпей өзгермейді. Ашынып тұрған халықты сондай іске итермелеген полиция қызметкерлерінің топастығы ма, пасықтығы ма, кім біледі. Қазақтардың түбіне қазақ жететін заман болды. Бұрын барлығын орыстардан көруші едік, енді кімнен көреміз? Кешегі митингінің түрі анау болды.

Кімнен: Асылтас
31.01.2010 17:48
Қазақтар-ау, Арон Атабекті түрмеден босатуды талап ету шарасын қалай қолға аламыз, көп сөзден іске көшейік те. Мүмкін қоғамға белгілі бір адамның жетекшілігіне тапсырамыз ба? Кімнің қолынан келеді осы істі соңына дейін жеткізу. Дауыс берейік. Қол жинасақ, оны шығарып алуға болады деп сенемін. Кім қосылады оның бостандығын талап ету шарасына?

Кімнен: алимулы Қайдан: акудаистан
31.01.2010 20:27
Ортенген милиционердин обалы оган тапсырма берген бастыгында,Асылтас дурыс аитасын Арон сыкылды оз халкын содыр билик бульдозеринен коргаимын деген казахтын батыр улын коргау керек,

Кімнен: Оспан батыр Қайдан: Алтай
01.02.2010 21:24
Сорлы қазақ баласы атан жілік азаматты қорғауға қауқары жоқ

Кімнен: Ұлан Қайдан: Алматы
01.02.2010 23:23
Әлім төре! Адамгершілік туралы лекция оқыпсыз, оған менің қосарым: сіздің руласыңыз болар әлгі Иманғали господин Тасмағамбетов, сол бір күні Шаңыраққа өкілін жіберіп, үйлерін заңдастырып беруге уәдесін қоса жолдап, оған қуанған байғұс қазақтар қойын сойып, Иманғилыңызға бас мүжітіп, үстіне шапан жауып құрмет көрсетті, арада 3-4 күн өткенде таңғы сағат 4-те ауылға шабуыл жасап, күл-талқанын шығарды, ал обалы кімге? Алданған байғұс қандастарын қорғауға шыққан Арон Атабектей Азаматтар анау офицер жігітті (топырағы торқа болсын) өлтірген жоқ, жағдайдың видеобейнеде қалай болғаны бар, жауыздыққа қаны қарайған басқа біреу өлтірген, сот оны әділ қараған жоқ. Демек ол марқұиның обалы да Иманғалиыңыздың мойнында. Әділ болсаңыз, қайғы-қасіретті әйелді беталды жазғырмай, шамаңыз келсе шындыққа жүгіне сөйлемейсіз бе?

Кімнен: Мәншүк Асаутай Қайдан: Almaty
11.02.2010 12:07
Қымбатты оқырмандар, өздеріңіздің Азаттықтың көтерген тақырыптарына қатысты ой бөлісіп, әрдайым пікір бөлісіп отырғандарыңыз үшін рақмет.
     
Мәтін көлемі - +