Accessibility links

Жоғарғы сот алқасы Евгений Жовтистің адвокатының өтінішін қанағаттандырмады


Жовтистің суреті салынып, сот жүйесін сынаған сөздер жазылған шар.
Жовтистің суреті салынып, сот жүйесін сынаған сөздер жазылған шар.

Дүйсенбі күні Жоғарғы соттың қадағалау алқасы Евгений Жовтитің адвокатының өтінішін қарай келе бастапқы сот шешімін күшінде қалдырды. Жақында Назарбаев пен Обаманың Вашингтондағы кездесуінде Жовтис ісіне назар аударылғаны да септігін тигізе алмады.


ШАРАСЫ ТАУСЫЛҒАН АДВОКАТ

«Жоғарғы соттың қадағалау алқасының судьялары адвокат Валерий Вороновтың сотталған Евгений Жовтсике қатысты шығарылған шешімді қайта қарау туралы шағымына орай іс материалдарымен таныса отырып, Алматы облысының Балқаш аудандық сотының 2009 жылғы 3 қыркүйектегі және Алматы облысының қылмыстық істер бойынша алқасының 2009 жылғы қазан айының 20-дағы қаулысын өзгеріссіз қалдыруды ұйғарды», – деді Жоғарғы соттың қадағалау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов дүйсенбі күні.
Жоғарғы соттың қылмыстық істерді қадағалау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов. Астана, 26 сәуір, 2010 жыл


Судья бұл өтініштің адвокаттың атынан түскендігін, өз кезегенде сотталған Жовтистің де Жоғарғы сотқа осындай шағым жазуға құқылы екендігін атап өтті.

Евгений Жовтистің қорғаушысы Виталий Воронов қадағалау алқасының бұл шешімімен келіспей отыр.

– Өкінішке қарай, бүгінгі қаулының бірқатар тұстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейді. Дәлірек айтқанда, 67-баптың қолданбауының себебі ретінде - келтірілген зиянды өтеу (сотталушының позитивті тәртібі немесе сотталушының кінәні мойындауы) болмағандығы көрсетілген. Қылмыстық кодексте мұндай талаптың жоқтығына мен 100 пайыз сенімдімін. Сондықтан мен соттың бұл шешімімен келіспеймін, бірақ менің мүмкіндігім осымен аяқталды. Мен қолымнан келгеннің барлығын жасадым, – деді адвокат Воронов.

Адам құқы мен заңдылықтардың сақталуы бойынша халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтисті 2009 жылы 3 қыркүйек күні Балқаш аудандық соты жол жүру ережесін бұзып, кісі өліміне себепкер болды деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын. Қазір құқық қорғаушы Өскемендегі қоныстану-колониясында жазасын өтеп жатыр.

ЖОВТИСТІҢ ІСІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР НАЗАРЫНДА

Қазанның 20-да облыстық соттың апелляциялық алқасы Жовтиске қатысты Балқаш аудандық сотының үкімін өз күшінде қалдырған еді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі кеңсесінің директоры Янез Ленарчич қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтистің ісі бойынша апелляциялық шағымды қараған облыстық сот алқасының алдыңғы шешімді өзгеріссіз қалдырғанына алаңдаушылық білдірген болатын. Аталған ұйымның мәлімдемесінде Ленарчич Жовтистің әділ сотқа деген құқына кепілдік беру маңыздылығын атап көрсеткен-ді.
Польшаның азаматтық қоғам белсенділері Варшавадағы қазақ елшіліг алдында Жовтисты қолдау акциясын өткізіп тұр. 15 қыркүйек, 2009 жыл


Бұған қоса, "Фридом Хаус" ұйымы да Жовтистің ісі бойынша соңғы соттың шешіміне наразылық танытып, Қазақстан билігін құқық қорғаушының ісі бойынша тергеуді қайта бастауға шақырған.

Халықаралық «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының мәлімдемесінде адам қағып, істі болған Жовтис ісінде заң бұзушылықтардың көп болғаны, айыпкерге өз құқын толыққанды жүзеге асыруға, өзін-өзі қорғауға мүмкіндік берілмегені турасында айтылған еді.

«Бұл шешім Қазақстандағы әділ сот стандарты туралы ойлайтындар үшін соққы болды», — деп атап көрсеткен болатын «Хьюман Райтс Вотч» ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Рейчел Денбер. Жовтиске шығарылған үкімнің өзгеріссіз қалғанына сондай ақ, ЕҚЫҰ, Ашық қоғам институты, «Фридом Хауз» халықаралық ұйымдары да алаңдаушылық білдіріп, сол кезде ЕҚЫҰ-на төраға болғалы отырған Қазақстанды халықаралық талаптарды сақтауға шақырған еді.

Алматы мен Бішкекте және әлемнәің басқа да қалаларында Жовтиске қарсы сот ісінің әділ болуын талап еткен құқық қорғау белсенділері сол тұста бірқатар наразылық шараларын да өткізді.

Евгений Жовтис 1993 жылдан бері Қазақстандағы Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының директоры, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институты мен адам құқығы бойынша бюросының сарапшысы, Дүниежүзілік демократиялық қозғалыстың мүшесі.
XS
SM
MD
LG