Accessibility links

Қазақстан халқы халал тағамның дәмін ала бастады


Алматы тұрғындары "AgroWorld Kazakhstan 2010" көрмесінде бал сатып алып жатыр. Алматы, 2 қараша 2010 жыл
Алматы тұрғындары "AgroWorld Kazakhstan 2010" көрмесінде бал сатып алып жатыр. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

Қазақстанда «мұсылман еместер» де құрамында зиянды заттардың жоғын алға тартып, халал өнімдерін көптеп тұтына бастады. Қазіргі уақытта «халал» белгісінің сертификатын алуға әлемдік ірі компаниялар да ұмтылып отыр.


Алматы қаласының тұрғыны Леонид Демьянов бірнеше жыл бұрын Ислам дінін қабылдаған. Осыдан екі жыл бұрын мұсылмандарға арналған бал шығаратын компания құрмақ болған ол көп кешікпей халал бал шығаратын компания жетекшісіне айналады.

- Ислам, бұл адамдар үшін тек игілік қана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Осы міндетті алып жүрген адам одан да жақсы нәрселерге ие болуы керек. Маркетингте «үздіктердің үздігі» принципі бар. Әрбір мұсылман өте сапалы азық алуы қажет деп есептеймін. Бұған қоса, бұл азықтың көмегімен «дауат» жасалады (Исламға шақыру мен оны тарату – ред.) – деді Леонид Демьянов.

«ХАЛАЛ БАЛ»

Леонид Демьяновты сейсенбі күні Алматыда басталған AgroWorld Kazakhstan 2010 арнайы көрмесіне келген кезде жолықтырған едік. Бұл көрмеге ол сонау Оңтүстік Қазақстаннан балдың жаңа сортын таныстыру үшін жетіпті.

Сұхбаттасымыздың әңгімесіне қарағанда, оның балы табиғи таза заттардан дайындалады және онда ағзаға зиянды заттар болмайтын көрінеді. Сол себепті де халал-өнім болып есептеледі. Дегенмен Демьяновтың пікірінше, балдың өзі әу бастан-ақ халал өнім. «Неге десеңіз, «ол туралы Құранда айтылған, «Ара» атты сүре бар». Балға аралардың табанды да ауыр еңбегі сіңген. Бал тұтынушысына береке сыйлап, Жаратушының алғысын әкеледі» дейді ол.
Түрлі халал өнеркәсібін дамытып, орындар ашсын. Мұндай орындарда өзім де жұмыс істеуге әзірмін. Қазақстандағы халал-өнімдердің болашағы зор деп ойлаймын.

- Мемлекеттік органдар арнайы лабораторияларда балымыздың сапасын тексереді. Құрамында генетикалық өзгеріске ұшыраған заттар бар-жоғын саралайды. Қазіргі таңда адамдар шынында да, сапасыз еттерден, қант т.б (тағы да не қосатынын бір құдай біледі – Л.Д) қосылған балдардан әбден шаршады. Цехымызда мұсылмандар жұмыс істейді. Қызметкерлеріміздің ешқайсысы да темекі тартпайды, ішімдік ішпейді, бал тұрғанда балағаттамайды. Балды «Бісміллә» деп құямыз, - деді Леонид Демьянов.

ҚОЛАЙЛЫ БАҒА

Сұхбаттасымызбен әңгіме арасында бал қойылған орынға шамамен 55 жастағы әйел жақындады. Есімін Нағима деп таныстырған бейтаныс әйел Азаттық тілшісіне азықтың құрамына түрлі заттар қосатындықтан дүкендерден тауар алуды ұнатпайтынын әңгіме арасында айта кетті.

Бал құйылған ыдыстардағы жазуды қарай бастаған әйел ондағы «халал-өнім» деген жазуға көзі түсіп, мұқият зерделей бастады. Бұдан соң екі кило бал сатып алмақ болды. «Неге балды бірден көп мөлшерде сатып аласыз?» деп сұрағымызға ол «тауардың қолайлы бағасы мен халал-өнім болғаны» деп жауап берді.

Көрмеде халал балдың бір килограмы 1200 теңгеден сатылып жатты. Салыстыру үшін Алматыдағы бірқатар дүкендерді де аралап көрген едік. Онда халал емес өнімдердің килограмы орташа есеппен алғанда 1600-1700 теңге болып шықты.

- Халалдың аты халал. Ол денсаулыққа өте пайдалы. Халал-өнімдердің өзімізде көп болғанын қалаймыз. Түрлі халал өнеркәсібін дамытып, орындар ашсын. Мұндай орындарда өзім де жұмыс істеуге әзірмін. Қазақстандағы халал-өнімдердің болашағы зор деп ойлаймын, - деді Нағима.

«ТЕК МҰСЫЛМАНДАР ҮШІН ЕМЕС»

Көрмеде халал балды тек мұсылмандар ғана емес, сонымен қатар өзге дін өкілдерінің де сатып алып жатқанына көз жеткіздік. Солардың бірі православие дінінің өкілі Алматы қаласының тұрғыны Наталья Георгиевна халал-өнімінің тұрақты тұтынушысы болып шықты. .

- Халалдың таза өнім екені анық қой. Енді адамдардың бәрі бұған қызығып отыр деп ойлаймын. Себебі, құрамында қоспалар жоқ. Бұл экологиялық таза өнім. Бұдан бөлек, дінге сенген адамдар алдамайды. Халалды сол үшін де таңдадым, - деді Наталья Георгиевна.
AgroWorld Kazakhstan 2010 көрмесіне қойылған халал шұжықтар. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

«AgroWorld Kazakhstan 2010» ауыл шаруашылығы өнемдерінің көрмесінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген елуге тарта компания көрме қонақтары мен мамандарға өздерінің өнімдерін таныстыруды көздеген. Сондай кейбір компания өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта халал белгісі бар азық-түліктерге көптің назары ауа бастаған. Себебі, Қазақстанда бұл өнімдерге барған сайын сұраныс еселеп артып келеді.

Көрмеге қатысқан компаниялардың бірінде бас технолог болып істейтін Наталья Дубовая шұжық және сосиска өнімдерін таныстырмақшы екен. Олардың арасында халал-өнімдердің бірнеше түрін көзіміз шалды. Сұхбаттасымыздың сөзіне қарағанда бүгінгі таңда Қазақстанның оңтүстігінде ғана емес, сонымен қатар солтүстігінде де халал-өнімнің тұтынушылары көбейіп отыр.

- Дилерлік өнімдеріміз арқылы екі түрлі халал шұжық шығардық. Қазір халал-өндірісі дамып келеді. Себебі, адамдар барған сайын тек халал-өнім тұтынуға тырысып жатыр. Және олардың арасында өзге діннің өкілдері де бар. Олар мұны денсаулыққа пайдалы, таза өнім деп есептейді. Әзірге, бұл өнімдер қымбатырақ. Неге десеңіз, өнімдердің сапасына, мал соятын орындар мен өндіріс ошақтарына тым жоғары талаптар қойылып жатыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Павлодар, Астанада тұтынушыларымыз өте көп. Яғни, солтүстік те бұл тауарларға қызыға бастады, - деді Наталья Дубовая.

Қазақстандағы халал-индустрия қауымдастығының дерегі бойынша, бүгінгі таңда елде 500-ден астам кәсіпорын «халал» белгісімен өнім шығарып, «халал» стандартына сәйкес қызмет көрсетеді. «Олардың отыздан астамы – Қазақстанның «халал» белгісімен сертификатталған халықаралық кәсіпорындар», - деді Азаттық радиосына қауымдастықтың президенті Марат Сәрсенбаев.

ХАЛАЛ ИНДУСТРИЯНЫҢ ДАМУЫ

- Бұл компаниялар тамақ өнеркәсібі бағыты бойынша жұмыс жасайды. Яғни, ет өңдеу, нан, сүт және кондитерлік өнімдер, түрлі сусын, шырын шығаратын зауыттар. Сонымен бірге бұлардың арасында қоғамдық орындарда халал қызмет көрсететін компаниялар да бар. Мұсылмандық дизайн, киім шығаратын компаниялар. Сонымен бірге халал-дәрі-дәрмек, косметика шығаратын компаниялар да бар. Халал банкинг, логистика, туризм, спорт, білім саласы. Қазір халал әртүрлі бағыт бойынша дамып келеді, - деді Марат Сәрсенбаев.

Оның сөзіне қарағанда, «халал» сертификатына ие болған кәсіпорындар жыл сайын мұқият тексерістен өтеді. "Өнімдеріне жасанды қоспа немесе доңыз етін қосатын ешбір кәсіпорын бізді алдай алмайды", - дейді ол.
Бұл микроағзалар егер ағзада қалса, онда миллиондап көбейе бастайды. Мұндай етті тіпті қайнатсаң да, микробтардың тек аз бөлігі ғана жойылады.

- Біздің қолымызда кез келген өнімнің құрамында доңыз еті бар ма, жоқ па, соны тексеретін құрылғы (тестер) бар. Биотехнологиялық ұлттық орталығы да бізге көмектеседі. Сонымен қатар өнімге қосылған қоспалардың арам нәрселермен уланбағанын де анықтай аламыз. Себебі, бұл адам денсаулығына өте зиянды. Мысалы, егеуқұйрықтарды генетикалық өзгеріске ұшыраған және ұшырамаған азық түрлерімен қоректендірдік. Генетикалық өзгеріске ұшыраған картопты жеген егеуқұйрық екінші және үшінші буында тұқымсыз болып қалды. Енді гендердің арам екенін анықтайтын тестер кәсіпорындарды тексеруді оңайлатады, - деді сөзін жалғаған Марат Сәрсенбаев.

Әңгіме арасында Марат Сәрсенбаев елде халал болып есептелетін ет өнімдерінің не себепті қымбат екенін де түсіндіре кетті. Оның айтуынша, халал өнімдері көбіне, қол еңбекті талап етеді. Әсіресе, мал соятын кезде. Себебі, малдың етінде артық қан сияқты өзге де артық заттар қалмауы тиіс.

«ХАЛАЛ ОРБИТ»

Сұхбаттасымыздың айтуынша, жануарлардың ағзасында өзіне тән инфекциялар болады. Өлген кезде бұл инфекциялар қанға араласады. Себебі, микробтарға көбею үшін қолайлы орта керек дейді ол.

- Егер малды тоқпен өлтірсе, онда жүрегі бірден тоқтап, ағзадан қан шығып үлгермейді. Ал оны қолмен бауыздаған кезде ағзадағы қан, артық заттардың барлығы қозғалыспен бірге шығып кетеді. Бұл микроағзалар егер ағзада қалса, онда миллиондап көбейе бастайды. Мұндай етті тіпті қайнатсаң да, микробтардың тек аз бөлігі ғана жойылады. Ал қалғандары бұл кезде айналасына ұлпа құрып та үлгереді. Қолайлы жағдай туған уақытта ұлпаны ерітіп, өмір сүруін жалғастыра береді, - дейді Марат Сәрсенбаев.

Оның айтуынша, елдегі халал-кәсіпорындардың басым бөлігін еуропалықтар басқарады. Ол Азаттық тілшісіне жуық арада Қазақстанның халал-индустрия қауымдастығының әлемге әйгілі Wrigley’s брендімен сағыз, кәмпит шығаратын «Ригли» (Wrigley) компаниясын сертификаттағанын мақтанышпен жеткізді. Бұл компанияның айналымы қазіргі таңда миллиардтаған долларға жеткен.

- «Орбит» сағызын сатып алыңызшы, онда «халал» деген белгіні көресіз. Компания сағыздың құрамына кіретін барлық өсімдік-мал майларын алып тастап, оны халал-өнімге айналдырды. Қазір әлемде қаржылық айналымы жағынан бірінші орынды Coca-Cola компаниясы иемденсе, екінші орында осы Wrigley, ал үшінші орында Microsoft компаниясы тұр. Бұдан бөлек, шамамен 20 компанияға Қырғызстанда, бірнеше компанияға Өзбекстанда, төрт компанияға Малайзияда халал сертификатын алуға көмектестік. Қазір Оңтүстік Кореяның компаниясы бізден өзінің косметикалық өнімдеріне сертификат алғысы келеді. Өзге елдердің «халал» сертификатын мойындағанымызбен, неге екені белгісіз, көптеген компаниялар сертификатты бізден алуға құмар, - деп өз сөзін тәмамдады Марат Сәрсенбаев.

Қазақстанда халал-өндірісінің дамып келе жатқанына қарамастан елдегі сауда сөрелері әлі де болса халал емес өнімдерге сықып тұр. Елде халал-өнім тұтынушыларының саны жөнінде арнайы статистика да жүргізілмеген. Дегенмен халал-индустриясы қарқынмен дамып келеді. Бұған дәлел ретінде мұсылман киімдері мен халал азық түрлерін сататын сауда орындарының көбейіп келе жатқанын дәйек ретінде келтіруге болады. Бұған қоса, клиенттеріне тек халал тағам ұсынатын халал кафелер мен мейрамханалар да пайда болып жатыр.

- Қазір халал көптеген Қазақстан азаматтарының ойында тек таза өнім дегенді ғана білдірмейді, бұл сонымен қатар ойлау жүйесі мен өмір салтына айналып келеді, - дейді Леонид Демьянов Азаттық тілшісіне.
XS
SM
MD
LG