Accessibility links

Қазақ билігі «ажал эскадроны» туралы хабарды елеусіз қалдырды


«Свобода слова» газетінде жарияланған Василий Кузиннің суреті. 2 желтоқсан 2010 жыл.
«Свобода слова» газетінде жарияланған Василий Кузиннің суреті. 2 желтоқсан 2010 жыл.

Василий Кузин ІІМ-нің жазалаушы тобы барын және оған өзінің қатысы болғаны туралы екі мәрте мәлімдеді. Оның айтуынша, осы топ оппозициялық журналист Сергей Дувановқа қарсы арнайы операция ұйымдастырған.


«Свобода слова» газеті, Василий Кузиннің сөзіне сүйеніп, қарағандылық бизнесмен Николай Усатов пен оның ұлына, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Қордай аудандық бөлімі бастығы Сабыржан Байділдаевқа қарсы арандатуларға ішкі істер министрлігі қылмыстық барлау бөлімшесінің қатысы болғаны туралы жазады. Николай Усатов 2008 жылы Мәскеуде жүрек талмасынан кенеттен дүние салды, ал Сабыржан Байділдаев 2006 жылы жұмбақ жағдайда мылтық оғынан қаза тапты.

Газет мақалалары әшкерелейтін тағы бір оқиға – қылмыстық іс бойынша сотқа тартылып, түрмеде отырып шыққан журналист Сергей Дувановтың ісі. Журналиске қарсы атышулы соттан соң жеті жыл өткенде бұл қылмыстық істің арандату мен қолдан жасалған айыптаулар негізінде жасалуы ықтимал деген жорамалға айғақ боларлық деректер алғаш рет жария болып отыр.


ҮКІМНЕН КЕЙІНГІ ҚАЗАЛАР

Дувановтың қылмыстық ісіне қатысы бар кейбір адамдардың кейіннен жұмбақ жағдайда бірінен соң бірі о дүниелік болғаны газет мақаласында айтылып отыр. Сот үкімінде Дуванов зорлады деп танылған қыз кейін түрмеге түсіп, сонда көз жұмған. «Дуванов ісі» бойынша тергеу мен сотта айыптаушы тараптан куәгер ретінде қатысқандардың кейбіреулері қаза болған немесе қазір түрмеде отыр.

Қазақстанда шығатын «Свобода слова» апталық газетінің қарашаның 25-і және желтоқсанның 2-сі күні шыққан екі санында қазақ арнайы қызмет орындарымен қоян-қолтық жұмыс істеген адамның «ажал эскадроны» туралы айтқан әңгімесі жарияланды. Василий Кузин онда нақты оқиғалар
«Свобода слова» газетінде жарияланған «ажал эскадроны» туралы мақаладан үзінді. 2 желтоқсан 2010 жыл.
туралы деректер келтіріп, оған қатысқан адамдардың аты-жөнін атаған.

Газетте бірінші мақала шыққан соң Василий Кузин ондағы өзінің жеке басына қатысты кейбір деректерді жоққа шығаруды талап етіп редакцияға хат жолдағанымен, әңгіменің өзегі болған «ажал эскадроны» туралы айтылған сөзден бас тартқан жоқ.

Мақаладағы оның келтірген деректері ішкі істер министрлігі жанынан құпия жазалау тобы құрылып, заңсыз іс-әрекеттер жасаған дегенге саяды.

Адам құқығын қорғаушылар газеттің соңғы екі санында қатарынан екі мақала жарияланғанымен, ондағы айтылған жайттарды тексеруге кіріспек түгілі, бас прокуратура да, ұлттық қауіпсіздік комитеті де, ішкі істер министрлігі мен қаржы полициясы да жұмған ауыздарын ашпай, тым-тырыс жатқанын айтып отыр.


ВАСИЛИЙ КУЗИН АЖАЛ ЭСКАДРОНЫ ТУРАЛЫ АЙТАДЫ

Желтоқсанның 2-сінде шыққан санында «Свобода слова» газеті Василий Кузиннің алғашқы мақалаға қатысты хатын жариялады. Онда хат ауторы осы газетте қарашаның 25-і күні шыққан «Признания б/с «десятки» МВД» (ІІМ «ондығы» бұрынғы қызметкерінің мойындауы) атты мақаладағы өзінің жеке басына қатысты кейбір деректерді теріске шығарған.

Ол «погон таққан құбыжықтардың» қылмыстық тобы» қатарында ешқашан болмағанын, ішкі істер министрлігі органдарының штатында қызмет атқармағанын айта келе, «саяси арандатуларға, адам ұрлау және басқадай ауыр қылмыс жасауға ешқашан қатысқан емеспін» деп мәлімдеген.

Сонымен бірге ол, алдыңғы мақаладағы сияқты, полковник В.А.Зуев деген адамды тағы да атайды. Кузин оны Қарағанды облысы бойынша 10-қылмыстық барлау басқармасының бастығы деп таныстырады.

«Полковник В.А.Зуев пен О.А.Федоров мені Қордайдағы «арандатуға» (осы мақалада көрсетілгендей) қатыстырмақшы болғанда одан бас тартуға тырыстым, бірақ В.А.Зуев маған және жақындарыма қоқан-лоқы көрсетіп, мені көндіруге мәжбүрлей бастады, ал мен шынында операцияның барысына кедергі жасайтын әрекеттерге бардым. Қарағандыға қайтып келген соң оған ары қарай қатысудан бас тарттым. Бұдан соң В.А.Зуев пен оның маңындағылар тарапынан мені қорқытып-үркіту, бопсалап, ізіме түсу басталды. Олар бұл іске И.Э.Матросовты тартты» деп жазады Василий Кузин.

Өзінің айтуынша, Кузин мен оның отбасы 2006 жылдан бері «құқық органдарына бірнеше мәрте шағымданыпты».

«Ішкі істер министрлігі органдары шағымдар бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетіне берген шағымдар бойынша тексерулер жүргізілді, бүгінгі таңда оның қандай нәтижемен біткені немесе бітпегені маған белгісіз. Мен В.Сурганов мырзаға 2010 жылы жазда айтқан әңгіме, міне, осы туралы болатын. Ол болса «Признание б/с «десятки» МВД» атты өз мақаласында бұны бұрмалап, мені жасаған қылмысы үшін қоғам алдында ақталып, кешірім іздеген адам кейпінде көрсеткен. Бірақ мен әңгімені үшінші жақтан баяндағанмын – яғни мен Дуванов пен Усатовтар туралы өзіме полковник В.А.Зуевтің сөзінен ғана мәлім болғанын атап айтқан едім», – деп жазады «Свобода слова» газетіндегі хатында Василий Кузин.

Кузин өзіне «мәлім қылмыстар туралы» БАҚ арқылы жеткізбек болғанын айтады. Ол бұл көздеген мақсатына жетті деуге де болады. «Свобода слова» апталығында қарашаның 25-і күні жарияланған «Признание б/с «десятки» МВД» атты мақалада ол ішкі істер министрлігінің арнайы жазалау тобы жасаған кемінде үш «қылмыс» туралы білетінін баяндайды.

Ол осы мақалада айтқан куәліктерінен газеттің соңғы санында шыққан талап-хатында бас тартпайды, тек өзінің «қылмыстық топ құрамында болғаны және оған жетекшілік жасағаны, саяси арандатуларға, адам ұрлау және басқадай ауыр қылмыс жасауға қатысқаны» туралы жазылғандарды үзілді-кесілді жоққа шығарған.


«ДУВАНОВ ІСІ»

Василий Кузиннің сөзіне сүйеніп жазылған «Признания б/с «десятки» МВД» атты мақалада «Свобода слова» газеті ІІМ қылмыстық барлау қызметі 2000 жылдардың басында билікке жақпайтын журналист Сергей Дувановқа қарсы арнайы операцияны жүзеге асыру туралы тапсырма алғанын жазады.

«Бұл мақсат үшін Қарағандының бір түкпіріндегі Сортировка деген кентте тұратын бір нашар отбасын таңдап алды. Кузиннің әңгімесіне қарағанда,
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 23 қараша 2010 жыл.
кейіннен әлгі отбасының көзін құртқан: ішімдікке салынған анасын адам өлтірді деген жаламен айыптап, түрмеге тыққан, ал қызын есірткі таратқаны үшін қамауға отырғызған. 2009 жылы ол қыз «қамауда өзіне-өзі қол жұмсаған-мыс», – деп жазады «Свобода слова» газеті.

2002 жылы Сергей Дуванов сол кезде жаңадан басталған «Қазақгейт» ісі туралы алғаш мақала жазғандардың бірі еді. Сол жылы билік оны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысына тиді деп айыптады. Бір айдан кейін Сергей Дувановты Алматыдағы үйінің кіре берісінде біреулер аяусыз ұрып-соғып, кеудесін пышақпен тілгілеп кетті. Арада тағы бір ай өткенде ол кәмелетке толмаған қызды зорлады деген айып бойынша қамауға алынып, 2003 жылы қаңтарда үш жарым жылға сотталды. Ол жазасының көп бөлігін түрмеде өтеді.

Қазақстандық адам құқығын қорғаушылар мен оппозициялық топтар Сергей Дувановтың әдейі жасалған арандатудың құрбаны болғанын айтып, бұл іске билікті кінәлаған болатын.

Василий Кузин «Дуванов ісі» – полицияның арандату операциясы болды деп отыр.

Азаттық тілшісімен әңгімеде журналист Сергей Дуванов «бұл полицияның арандатуы екенін әу бастан білгенін» айтты. Алайда журналист өзінің кінәсіз екенін айғақтайтын бұл деректерді пайдаланып, қылмыстық істі қайта қаратуға құлшынып отырған жоқ.

– Мен бұл елде адал, әділетті соттың жоқ екенін дәлелдеумен келе жатқаныма 15 жылға жуық уақыт болды. Соның бәрін ұмытып, өз ісімді қайта қарауды сұрап сотқа тұра жүгіре алмаймын ғой. Жоқ, іс қалай өрбісе де, мен бұл сотқа бармаймын. Мен оған принципті түрде сенбейтіндіктен, тіпті осындай жағдайда да шағым айтып барғым келмейді, – дейді Сергей Дуванов.


ҚАУІП ПЕН ЖАРИЯЛЫЛЫҚ

Сергей Дуванов ІІМ қылмыстық барлауына қатысты баспасөзге әңгімесінен кейін Василий Кузиннің өміріне қауіп төніп тұр деп есептейді.

– Егер ол бұл ақпаратты көпшілікке жария етпесе, оны сөзсіз өлтірер еді, – дейді Сергей Дуванов. – Егер оған қарсы қазір сондай әрекетке барса, қоғам бұл кімнің ісі екенін бірден біледі. Біріншіден, бұған ол аты-жөндерін атаған адамдар кінәлі болып шығады; екіншіден, бұл билікке дақ түсіреді. Сондықтан, меніңше, билік қазір оны өлтіруге мүдделі емес.

Сергей Дуванов өзіне қарсы арнайы операцияға қатысы болған кісілердің
Егер ол бұл ақпаратты көпшілікке жария етпесе, оны сөзсіз өлтірер еді. Оған қарсы қазір сондай әрекетке барса, қоғам бұл кімнің ісі екенін бірден біледі.
көзін жоюға биліктің тырысуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Ол өзі түрмеде отырған уақытта іске қатысқандардың кейбірі қазір өмірде жоқ екендігін де айтып өтті.

– Сотта «жәбірленушіні» барынша қорғаған Эрик Нұршин дүние салды. Ол бұл істің бүге-шігесін білетін. Мен босап шыққан соң екі апта өткенде менің көршім Александр қайтыс болды. Маған қарсы операция жүргізгенде соның үйін пайдаланған, яғни ол мұны жақсы білген. Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы бастығы Қисықов та марқұм болды. Енді, міне, әлгі қыздың өзін де өлтіріп тастағанын газет жазып отыр, – дейді Сергей Дуванов.

Ол газетте жарияланған мақалада айтылған жайттарға байланысты Қазақстанда билік орындары тарапынан ешқандай іс-қимылдың жоқтығын, олардың екі апта бойы үн-түнсіз отырғанын да атап айтты.


РЕСМИ ОРЫНДАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ

«Свобода слова» газетінде «ажал эскадроны» жайлы жазылған мақалалар бойынша қандай да бір ресми іс-әрекеттің бар-жоғын білу мақсатында Азаттық радиосы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігіне хабарласқан еді.

ҰҚК баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров «екі мақаланы да оқығанын», бірақ олар әлі бұл мекемеде «ресми тіркеуге алынбағанын» айтып жауап берді.

Мақалада «ІІМ құпия тобының командирі полковник Зуев» деп аталған адамды Азаттық тілшілері іздеп таба алмады.

Қазақстан ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Раушан Қыпшақбаева сауалымызды жазбаша түрде жолдауымызды сұрап, жауап беруге уәде етті. Оның электронды поштасына Азаттық радиосының сұрақтарымен бірге «Свобода слова» газетіндегі екі мақаланың жазбаша мәтіні де қоса жолданды. Бұл мақала жазылып болғанымен, министрліктен уәделі жауап келген жоқ.

Ал газет мақалаларына байланысты бас прокуратураның тарапынан қандай іс-қимылдар жасалып жатқаны әзірге белгісіз.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG