Accessibility links

Гүлжан Ерғалиева: "Ажал эскадроны" Қазақстанның шынайы келбетімен кірігіп кеткен


"Свобода слова" газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева.

"Свобода слова" газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева.

Журналист Гүлжан Ерғалиева Қазақстанда астыртын әрекет ететін “үшінші күшті” Сталин заманындағы СМЕРШ командасымен немесе “өлім эскадронымен” салыстырады. Осындай “күштерді” әшкерелеу үшін оппозиция өзін құрбан етіп келеді, олармен күресу үшін Қазақстанға өзіндік “Нюрнберг процесі” керек деп есептейді Гүлжан.

“Үшінші күш” Қазақстанда Рахаттан кейін де қалды

- Гүлжан ханым, біріншіден, кезінде ресми биліктің оппозицияның серкелері мен белсенділерін асқан қатігездікпен басып-жаншыған, кейбір оппозициялық журналистер түсініксіз жағдайларда автокөліктердің астына түсіп қаза болып жатқан, енді бір басылым редакциясына басы кесілген иттің өлігін, ал иттің басын бас редактордың пәтеріне тастап кеткен оқиғалар болды. Азаттық радиосына берген сұхбатында сол уақытта да және қазір де президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев осы зұлымдықтарды құпия “үшінші күш” іске асырып жүр деп мәлімдеген болатын.
Ал қазір бірқатар тәуелсіз журналист пен қоғам қайраткері “үшінші күш” деп жүргені Рахат Әлиев болатын дейді. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

- Мен онымен жартылай ғана келісемін. Себебі, Рахат Әлиев, қазір анықталып отырғандай, екі жүзді Янус болып шықты. Яғни, ол президент отбасының жақын мүшесі, жақын туысы болса, кейінірек жоғары лауазымды мемлекет қайраткері болып жүрді, ал енді анықталғандай, Рахат өте жақсы ұйымдасқан, тарамдалып кеткен және өте қауіпті қылмыстық топтың басшысы болып келіпті.

Алайда мен Рахат Әлиевпен бірге Қазақстандағы қауіп-қатер сейілді деп ойлаудан аулақпын. Турасын айтқанда, бұл соңынан үнемі осындай “қара күштер” еріп жүретін саяси жүйенің өзі. Өйткені, “үшінші күш” дегеніміз белгілі бір тұлғаның құрған құрылымы емес, бүгін Қазақстанды билеп-төстеп отырған саяси режимнің қара көлеңкесі, соңынан еріп жүрген заңды “қара күші” деп айтуға болады. Міне сондықтан да бізде жалғыз Рахат Әлиев емес, әлі талай “әлиевшілер” қарасын көрсетеді. Көп айтылып келген “үшінші күш” елде болды және әлі бола беретін түрі бар.

“Үшінші күштер” – ол әрі СМЕРШ, әрі “өлім эскадроны”

- Гүлжан ханым, ортақ пікір бойынша, Қазақстанда шынында да астыртын түрде “үшінші..., төртінші..., бесінші... және тағы қаншама күш” бар көрінеді. Мұндай күштердің болуы, президенттің белгілі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың мәлімдеуі бойынша, “елде еркін пікірсайыстың – плюрализмнің барлығын аңғартады және мемлекеттің күшін білдіреді”, ал қоғам қайраткері Асылбек Қожахметовтің пікіріне сәйкес, “үшінші күштің” болуы, керісінше, биліктің ішінен жік шыққанын және оппозицияның әлсіздігін байқатады. Ал сіз қалай ойлайсыз?

- Бұл жерде оппозицияның мүлде қатысы жоқ. Менің есептеуімше, оппозицияны не әлсіз, не күшті деп сипаттайтын адамдардың өздері әлсіз бе деген ой келеді. Оппозиция мен “үшінші күш” дегеніміз - бір-біріне тіпті қатысы жоқ нәрселер.

“Үшінші күштер” деп жүргендерді Қазақстанды осымен 17 жыл бойы билеп отырған биліктің өзі туындатып, тәрбиелеп отыр. Ал олар қайдағы бір “үшінші күштер” емес, ресми билікпен қоян-қолтық іс атқаратын нағыз қылмыстық құрылымдар. Сондықтан да олардың бес, алты, он немесе одан көп күш болуы ғажап емес.

Яғни менің айтайын дегенім: Қазақстандағы саяси басқару жүйесі “топтық күштердің ұйымы” болып табылады және сондай әрбір топтың тиесілі қызметі бар. Ол қызметтер өз жетекшілерінің, дәлірек айтсам – “қожайындарының” алдынан есігін ашып-жауып, ләппай тақсыр дегп "қалтқысыз" қызмет етіп, немесе іс - қағаздарын, баяндама-есептерін жазып қана қоймай, олардың өмірі мен қызметінің “қауіпсіздігін” бағып-қағады.

Тағы да сол Рахат Әлиев бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың тәжірибесінен көз жеткізгеніміздей, “қауіпсіздік қызметтері” деп отырғандары – айта беретін қарақшылық құрылымдар болып табылады және олар өз “қожайындарының” өте маңызды шаруаларын тиянақты тындырып отырады. Ол қожайының отбасының қамы ма немесе өз басының қауіпсіздігіне қатысты шаруа ма – ол үшін оның пәлендей айырмашылығы жоқ.

Жалпы мұндай топтар заңнан тыс құрылып әрекет етеді, оларға не Ата заң, не қылмыстық немесе тағы басқа әкімшілік заңдар мен кодекстер ықпал етпейді, яғни олар заңға қарама-қарсы, құқықтық кеңістіктен тыс, қара көлеңкеде қимылдайды.

Біз олардың не аты-жөндерін, не мекен-жайларын білмейміз және ешқашан біле алмаймыз, өйткені олар – көлеңке іспеттес. Сондықтан да оларға толық еркіндік берілген – ресми міндет-тапсырмалардан бастап, турасын айту керек – біреудің көзін құртумен, қудалаумен немесе ғана емес, енді мәлім болып отырғандай, кісі өлтірумен де айналысқан.

Міне сондықтан да мұның тек Қазақстанға ғана тән құбылыс екенін түсіну үшін бір Рахат Әлиев пен ол бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың тәжірибесі жетіп артылады және бұл жай кездейсоқтық емес.

Ал оппозицияға қайта оралсақ, оның еш қатысы жоқ. Оппозиция осындай қара күштердің құрбаны болып келеді. Асхат Шәріпжановтың және өзге де журналистердің өлімі, Алтынбек Сәрсенбайұлын, Заманбек Нұрқаділовтің қазалары – дәл осы “үшінші... немесе оныншы күштердің” іс-әрекетінің салдары емес пе?!

Шындығына келгенде бұлар өздерінің қожайындарына құлшылық еткен қарақшы, қылмыстық топтар. Яғни, Қазақстанның билік мекемелері мен қылмыстық құрылымдардың өзара әлдеқашан ауыз жаласып кеткенін ашық айтатын мезгіл әлдеқашан келді. Оның өзінде де билік “баукеспе ұры-қарылар” сынды қылмыстық құрылымдармен ауызжаласқан жоқ, ұры-қарылардың құрылымдарынан әлдеқайда ұйымдасқан, олардан әлдеқайда күшті қылмыстық топтар құрып алған. Өйткені ұры-қарылар – заңнан тыс болса, биліктің қылмыстық құрылымдары – заңнан жоғары тұр. Өйткені, олар кез-келген қара ниет тірлікті билік ішіндегі қожайындарының бүркемелеуімен, қолдауымен атқарады.

Бұл күштердің іс-қимылына ешқандай шектеу қойылмайды. Егер мен қателеспесем, мұндай шексіз құзыр Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында КСРО-ның ішкі істер халық комиссариаты жанынан құрылған СМЕРШ командасында болды. Яғни СМЕРШ командасы кез-келген жерде және кез-келген уақытта кімді өлім жазасына кесу, кімге рақымшылық жасау керектігін өз бетінше шеше алатын. Міне осындай шексіз құзыры бар “смерштер” бүгінгі Қазақстанда бар және олар тыным көрмей әрекет етіп жүр.

Олар халықтың бір бөлігін қорқынышта ұстап отырумен қатар, қожайындарының сілтеуімен бір-бірімен тынымсыз соғысу үстінде. Өйткені түрлі топ бір-бірімен бақталасады, күндеседі, олар үнемі бір-бірін бағып, соғыс жағдайында отырады.

Егер, мысалға, кімде-кім күндес топтың немесе құрылымның мүддесіне тиіп кетсе немесе қожайындарының қылмыстық ізіне түсе қалса, онда оның сазайын тартқызу үшін әлгіндей “үшінші күштерін” айдап салады. Бұл жұртқа құпия болудан қалған. Сол себепті де менің қайталап айтқым келетіні – біз “рахатәлиевтердің” әлі талайын көреміз.

Ал оппозицияға оралсақ – оппозицияға шексіз алғыс ату керек! Менің айтпағым: оппозиция өз қатарындағылардың өмірлерін құрбандыққа шала отырып, Қазақстанда өзінің қарсыластарымен күресу үшін қылмыстық айла-амалды қолданатын “үшінші күштердің” барлығын және билік пен осындай күштердің кірігіп кеткенін, қоян-қолтық әрекеттенетінін әшкерелеп келеді.

Әрине, Қазақстанда өте ірі шенеунектердің қылмыстық істеріне куә болған талай адам кісі қолынан көз жұмды, кісі өлтірген қаншама аты-шулы қылмыс ашылмай қалды, ал халықтың көпшілігі одан тіпті бейхабар. Неге десеңіз, билік мұндай істерді жасырып отыр. Өйткені, елді дүрліктірген әлгіндей ауыр қылмыстар не тиянақты әрі ашық тергелмейді, не әділ сот шешімі шығарылмайды, ол туралы көпшілікке хабар берілмейді.

Бұлай деп айтуға болмайды, бірақ айтпасқа амал жоқ – оппозицияның Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділов сынды жарқын жетекшілерінің қазасы арқасында ғана қазақ қоғамы елде бір адамның билігі үшін құрылған саяси жүйені қорғау үшін қылмыстық жолмен кісі өлтіруді кәсіп қылған “үшінші күштердің” немесе “өлім эскадрондарының” барлығын білді.

Оған қоса топаралық күрес-тартыстың құралы ретінде қызмет жасайтын “үшінші күштер” өздерінің тынымсыз, қырықпышақ соғысында, бір-бірімен дүние-мүлік үшін, билік үшін, ықпал-бедел және тағы басқа үшін қырылысады, әрбір топтың “көсемі” өзінің адамын қайсыбір ықпалы зор лауазымға немесе “майлы” қызметке отырғызуды аңсайды.

Мұның бәрі қып-қызыл қантөгіс соғыс және мұндай күрес-тартыс айтарлықтай қылмыстармен, өте ауыр қылмыстармен өрбиді. Бұл да көпшілікке құпия емес.

Қазақстанға өзіндік “Нюрнберг процесі” қажет

- Гүлжан ханым, берік қалыптасқан пікір бойынша, мазаны алған “үшінші күштер” немесе, сіздің өз сөзіңізбен айтсақ, “өлім эскадрондары” жиі-жиі биліктің мүддесіне де, оппозицияға да қарсы әрекет ететін көрінеді...

- Сіз түсінесіз бе, Қазақстан үшін классикалық мысал болып табылатын Рахат Әлиевтің тәжірибесін алып қарасақ, оның өзі мен ол бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ шынында да билікке де, оппозиция ға да қарсы әрекет етті. Ол салық полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастап қай қызметінде отырмасын, әрқашанда оппозицияға қарсы ашықтан-ашық күресті.

Оппозиция серкелерін соққыға жығуды ұйымдастырды, атап айтқанда – менің отбасыма қарсы қарақшылық шабуыл ұйымдастырды, менің жақындарымның өмірлеріне қатер төндірді. Одан кейін түрлі-түрлі әшкере материалдар пайда болды, сырттан аңду, жасырын тыңдау, астыртын бейнекамераға түсіру – міне мұның барлығы дәл оппозицияға қарсы бағытталды.

Сонымен бірге Рахат Әлиев, енді мәлім болып отырғандай, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси үстемдігіне қарсы әрекет жасапты және оның... алысқа жетелейтін жоспары болған көрінеді.

Міне осыдан келіп біз оппозицияға және билікке қарсы күрестің дәл осындай құрал-сайманымен қаруланған өзге “үшінші күштер” де дәл сондай “шаруамен” айналыспайды деп неге ойлауымыз керек!?

Өзіңіз ойлап қараңыз: Қазақстанда ресми түрде президент бар, атқарушы, заң шығарушы және сот биліктері - яғни мемлекеттік билік дегеннің барлық тармағы бар сияқты да, ал ақиқатына келгенде – олардың барлығы да өзін түсініксіз түрлі құрылыммен қоршап алған, биліктің бір-бірінен ыдыраған, дербес бөлшектері болып табылады. Міне сол себепті де олардың арасында түрлі қақтығыс, дау-жанжал, күрес-тартыс шығып жатады.

Сондықтан да әлгіндей құрылымдар биліктің өзіне де, оппозицияға да қарсы күресе береді. Себебі, олар тек өздерінің мұңын ғана мұңдайды – ондай құрылымдар не билік үшін, не өзгенің меншікті дүние-мүлкін тартып алу, не болмаса оппозиция ішіндегі біреуден, тәуелсіз журналистерден немесе көрнекті қоғам қайраткерінің бірінен кек алу, не көзін құрту үшін әрекет жасайды.

Ия, біздің елімізде мемлекеттің ішіндегі осындай шағын “дербес мемлекеттер” баршылық. Соған байланысты мен тағы да қайталап айтқым келеді: осы күні Рахат Әлиевтің қолтаңбасынан айнымайтын “оқиғалар” тағы болып жатыр. Кезінде ол оқиғалар да әшкереленіп, әдеттегідей, жұрт “аһ”, “үһ” деп жағасын ұстайды.

Қазақстанға да “Нюрнберг процесі керек” деп мен кезінде талай айтқанмын, қазір де айта айтып отырмын. Рахат Әлиевтің хикаясынан кейін билік осы құбылыстың табиғатын терең зерттеп, саяси жүйенің кем-кетіктерін жоюға тиіс еді. Айталық, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қауіпсіздік комитеті мен құқық қорғау мекемелері елде не болып жатқанын жақсы біледі, алайда әлі күнге дейін қоғамнан жасырып келеді

Билік ештеңе істемей қол қусырып отыр. Демек жаман әдетке айналған мұндай оқиғалар жалғаса береді деген сөз!

- Гүлжан ханым, әлі есіңізде болар: осыдан 2 жылдай бұрын Түркіменстанда Сапармұрад Түркіменбасы аяқастынан марқұм болған сәтте, басы-қасында болған адам билік басынан бір-ақ шықты. Ал Қазақстанда жалғыз саяси оппозицияға емес, тіпті биліктің өзіне де қарсы шапқан әлгіндей “үшінші күштер” қазір бір-бірімен “мезгілі келгенде керек жерден табылу үшін” күресіп жатқан жоқ па?! Сізге солай көрінбей ме?

- Ашығын айтқанда, біздің елде билік үшін күрес-тартыс ешқашан толастаған емес. Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев саяси сахнадан түскен соң – ол екеуі билікке тым ашық ұмтылды, олар тым дандайсып кетті, менменшіл болды – олар сахнадан түскен соң, өзге күштер екз елген оңтайлы сәтті қалт жіберіп алмайық деп бағып отыр.

Қазақстанда болып жатқан барлық саяси, экономикалық үдерістер – бәрі де мұзтаудың - айсбергтің тек шыңы ғана. Ал қалың қара судың астында болып жатқаны - өте маңызды, шым-шытырық, аса күрделі құбылыстар. Бірақ барлығы да бір мәселеге байланған – билік үшін күрес – ол күрес кейде-кейде ғана ашық сипатқа көшсе, көбіне астыртын әрі бір тынбай жалғасып келеді.

Міне сол себепті де Қазақстанда санаға тіпті қонбайтын, үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін нәрсенің болуын күтуге болады. Қазақстандағы күрес-тартыстың тіпті фантастикалық, болжап болмайтын, мүлде қисынға келмейтін нәтиже беруі әбден мүмкін. Өйткені қазіргі биліктің бағыты, психологиясының өзі осыған жетелейді. Билік үшін күрес-тартыс жалғаса береді және уақыт өткен сайын шиеленісе түседі.

Нұрсұлтан Назарбаев билік басында неғұрлым ұзақ отырып, оның жасы ұлғая түскен сайын, яғни оның күні жақындасаған сайын, билік үшін күрес те қыза түспек. Демек, Рахат Әлиев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобы тәрізді өзге құрылымдар әшкерелене береді. Ал президент өзінің осындай құпия бақталастарына қарсы күресін жалғастыра беруге мәжбүр болады.

- Гүлжан ханым, сұхбатыңызға рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG