Бейсенбі, 24 мамыр 2012, Алматы 23:16

АЙМАҚ ХАБАРЛАРЫ

ВИЧ дертіне шалдыққан сәби өзінен бас тартқан анасын іздеп жаутаңдайды

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ дертіне шалдыққан алты сәби бірер жылдың ішінде әртүрлі себептермен жетімдер үйіне тапсырылған. Қоғамда оларға кемсіте қараудың жойылмай келе жатқандығы ата-ананың қамқорлығына зәру балалар үшін басты қиындықтардың біріне айналып отыр.

Мәтін көлемі - +

АНА МЕЙІРІМІН АҢСАҒАН БҮЛДІРШІН


Шымкент қаласындағы психо-неврологиялық және медико-әлеуметтік мекемесіне осыдан сегіз ай бұрын түскен бес жасар Жарас (есімі өзгертіліп алынды) үнемі анасын іздеп, келген-кеткендерге жаутаңдайды.

Жүйке ауруларына шалдыққан балаларға арналған интернатқа дейін бүлдіршін бір жарым жылдай сәбилер үйінде тәрбиеленген екен. Ол жерге Жарасты ата-анасы әкеліп тапсырыпты.

Дүниеге орталық жүйке дертімен (ДЦП) келген кішкентай Жарастың ауруханада ВИЧ дертіне шалдыққаны жайлы шағын ауылда сөз
Кішкентай Жарас қазір интернатта тәрбиеленіп жатыр. Шымкент, 22 мамыр, 2010 жыл.
тез тарағаннан кейін кейбір көрші-қолаң оларға есік ашуды қойып, бұл отбасымен араласуды сиретіпті. Бұдан кейін Жарастың жанұясы баланы арнайы мекемеге әкеліп тастапты.

– Анасын да кінәлай алмайсың. Оның екі қызы бар. Сал ауруына шалдыққан ұлына қарау қиынға соққан. Бүкіл ауылға мазақ болған. Атасы науқас сәбиден арылуға, не келіннің үйден кетуіне шарт қойған екен. Әрине, келін болған соң ата-енеге қызмет етіп, солардың көңілінен шығу керек. Анасы тастап кетерде Жарастың жылағаны әлі көз алдымда. Ол анасының мойнынан ұстап алып, жібермей ұзақ жылады. Өкінішті жайт. Бірақ баланы біреу үшін емес, өзіміз үшін туамыз ғой, – дейді «Балаларды СПИД дертінен қорғау» қайырымдылық қорының президенті Жанетта Жазықбаева.

Қор президенті қазір Жарастың ата-анасын іздеумен келеді. Науқас баланың ата-анасы 2006 жылы қор ашылғаннан кейін халықтан жиналған көмектен 1,5 миллион теңге қаражат алған екен. Сондай-ақ мемлекет тарапынан берілген жер теліміне де иелік еткен. Ата-анасы өз баласынан ресми түрде бас
Жарастың анасы интернатқа құжат толтыру үшін бір рет келген екен. Бірақ ұлын көрмей кеткен...
тартпағандықтан, сәбиге мүгедектігі үшін ай сайын берілетін жәрдемақыны да ата-анасы алып отыр дейді қор төрағасы.

– Жарастың ата-анасын таппай жүрміз. Олар телефон нөмерлерін үнемі ауыстырады. Балаға ата-ана мейірімі жетіспейді ғой. Оның дертінен гөрі, жан жарасы басым. Келген-кеткенді аңдып, анасын іздейді. Осы уақытқа дейін бұл бала мемлекеттің қамқорлығында. Сондықтан оның ата-анасы ресми түрде баласынан бас тарту керек, – дейді Жанетта Жазықбаева.

Науқас баланың ата-анасын интернат басшылығы да іздеумен әлек. Орталықтың директоры Бақытжан Спабекованың айтуынша, осы уақыт ішінде Жарастың анасы интернатқа құжат толтыру үшін бір рет келген екен. Бірақ ұлын көрмей кеткен. Сегіз айға созылған сергелдеңнен кейін оның атасы телефон арқылы Жарасқа келіп кетуге уәде де беріпті. Бірақ әлі жоқ дейді орталық қызметкерлері.

Жүйке ауруына шалдыққан балаларға арналған интернатта тәрбиеленіп жатқан Жарастың қазіргі жағдайын орталық дәрігері орташа деп бағалайды. Жарас сал ауруымен қатар, күрделі жүйке ауруынан да зардап шегеді. Сөйлей алмайды. Оған ВИЧ дерті Шымкент қаласындағы ауруханалардың бірінде ем қабылдаған кезде жұққан. Қазір ол ВИЧ дертінің 4-тобына жеткен.

– Бөтелкеден тамақтанған болу керек. Бізге түскенде ол асты жұта алмайтын. Қасықпен езілген тамақ береміз. ВИЧ инфекциясына
Балалар дәрігері Зульфия Хаширбаева. Шымкент, 22 мамыр, 2010 жыл.
қарсы (АРВ) антиретровирустық терапияның 3-ші кестесі бойынша ем қабылдайды, осындай терапияға тәуелді. Бала өздігінен зәр шығара алмайды. Күнара оған клизма қоямыз. Мұндай бала ата-ана үшін масыл емес. Бірақ үнемі қадағалауды қажет етеді. Қазір ет алды. Өте зерек. Музыканы ұнатады. Адам таңдайды. Балалардың бәрімен бірдей араласа бермейді. Біз оған барлық жағдайын жасауға тырысамыз, бірақ бала анасын қатты сағынып, алаңдайды, – дейді интернаттың дәрігері Зульфия Хаширбаева.

Бұл интернатта қазір 251 бала тәрбиеленіп жатыр. Жарастың ВИЧ дертіне шалдыққаны жайлы мекеменің санаулы қызметкері ғана біледі екен.

Облыс аудандарының бірінде тұратын кішкентай Жарастың жақындарын іздеп барғанымызда, бізге есікті оның анасы ашты. Жасы отыздар шамасындағы әйел келген мақсатымызды білісімен, еш жауап берместен, қақпаны тарс жапты.

ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРЛАР

Соңғы бірнеше жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстандағы балалар үйіне ВИЧ дертін жұқтырған алты сәби түскен. Осы ауруға шалдыққан екі нәрестеден ата-аналары перзентханада бас тартыпты. Олардың біреуін науқас сәбилердің ата-анасының бірі асырап
Жанетта Жазықбаева кішкентай Жараспен бірге. Шымкент, 22 мамыр, 2010 жыл.
алған екен. Қазір кішкентай қыз сол отбасында тәрбиеленіп жатыр.

«Балаларды СПИД дертінен қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, өткен жылы ВИЧ дертіне шалдыққан бір әйел 6 айлық жүкті кезінде өз өзіне салып өмірмен қоштасыпты. Оның артында айықпас дертке шалдыққан 5 жасар ұлы қалған. Қазір ол бала жетімдер үйінде.

Тағы бір 5 жасар баланың анасы есірткіден уланып көз жұмған. Ол бала да балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Қазіргі уақытта оны туыстары асырап алуға тырысып жатқан көрінеді.

Осыдан төрт жыл бұрын жетімдер үйіне өткізілген ВИЧ індетіне шалдыққан ұл баланы бір американдық отбасы асырап алған болатын.

– Бұл балалар ВИЧ инфекциясын жұқтырғанымен денсаулықтары жаман емес. Барлығы тиісті ем қабылдайды. Олар өте алғыр балалар. Біз қолдан келгенінше көмек көрсетіп жатырмыз, олар да Жарас секілді ата-анасын күтеді, – дейді қайырымдылық қордың президенті Жанетта Жазықбаева.

ҚҰПИЯ ӨМІР

Азаттық радиосына сұқбат берген Сәуле есімді келіншектің екі баласы бар. Үлкен қызы 10 жаста. Ұлының жасы жетіде. Осыдан төрт жыл бұрын ВИЧ жұқтырған ұлы былтыр мектеп табалдырығын аттаған. Келіншек баласының дерті жайлы ешкімге тіс жармайды. Ұлы ВИЧ дертін жұқтырғаннан кейін күйеуі Сәулені екі баласымен тастап кетіпті.

– Бұл ауруды жұқтырғанын білгенде күйеуім бізбен бірге тамақ жеуді де қойды. Тіпті баламыздан кейін дәретханаға да кірмейтін. Ақыры тастап кетті. Ең жақын адамыңның өзі қабылдамағанда басқа жұртқа не дейсің? Қазір мектепке барамыз. Онда ешкім білмейді. Білсе мазақ болатынын білем. Ешкімге айтпаймын. Бұл дертті қабылдауға біздің қоғам дайын емес. Ұлым ем қабылдайды. Оқуы да жақсы. Дәрілерін қабылдайтын уақытты жазып қойып, кейде өзі ескертіп отырады. Мұндай жағдайды ешкімнің басына салмасын деймін, – дейді мұңлы ана.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ дертіне шалдыққан 221 бала тіркеуде тұр. Олардың басым бөлігі дертті ауруханада жұқтырған. Мамырдың ортасында осы ауруға шалдыққан тағы бір бала анықталды.

Бұл дертке шалдыққандар үшін әлі күнге шешімін таппай отырған негізгі қиындықтардың бірі – қоғамда оларға кемсіте қарайтын көзқарастың жойылмай келе жатқандығы дейді ВИЧ жұқтырған балалардың ата-аналары.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Жайна
03.06.2010 20:11
+0 / -0
Қазір аман сау бласынан бас тартып жатқан әйелдер қаншама. бірақ бұл кісілердің ақшаны жеп қойып, баладан бас тартқандары жман бопты. Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме...

Кімнен: Кеншінбай Қайдан: Қызылорда
03.06.2010 20:17
+0 / -0
Көкек аналар қоғамымызда болған, бола береді де. Өкінішті. Ал Вичке қатысты айтар болсақ, қоғам ондайларды қабылдауға әлі әзір емес. ол үшін бірааааз уақыт керек деп ойлаймын.

Кімнен: Мария
03.06.2010 20:19
+0 / -0
Сонда бұл баланы бағып қарау қиын болғаны ғой. бірақ ана қалай болған күннің өзінде тастамау керек еді. негізі оңтүстік жақта келінді адам құрлы көрмейді деген рас екен ау

Кімнен: Мейіржан Қайдан: Шымкент
03.06.2010 20:21
+0 / -0
Бұл ауруды жұқтырғанын білгенде күйеуім бізбен бірге тамақ жеуді де қойды. Тіпті баламыздан кейін дәретханаға да кірмейтін. Ақыры тастап кетті. Ең жақын адамыңның өзі қабылдамағанда басқа жұртқа не дейсің? Қазір мектепке барамыз. Онда ешкім білмейді. Білсе мазақ болатынын білем. Ешкімге айтпаймын. Бұл дертті қабылдауға біздің қоғам дайын емес. Ұлым ем қабылдайды. Оқуы да жақсы. Дәрілерін қабылдайтын уақытты жазып қойып, кейде өзі ескертіп отырады. Мұндай жағдайды ешкімнің басына салмасын деймін, – дейді мұңлы ана.
сонда туған әкесіне керек болмағаны ғой, сұмдық ай. Бәрінен де әйелді аяу керек. не деген аянышты тағдырлар!

Кімнен: Ұлжалғас
03.06.2010 20:32
+0 / -0
Құдай сақтасын!

Кімнен: Айгүл
03.06.2010 20:46
+0 / -0
Не деген аянышты тағдырлар шынымен ақ. Адам баласы дүниеге сау боп он екі мүшең аман боп келгенге не жетсін!

Кімнен: Нуржан Кенже Қайдан: Алматы
04.06.2010 09:41
+0 / -0
Қайдан келді бұл емі жоқ дерт?
Кім кінәлі?
Баланың жазығы не? Ананы жазғыру дұрыс па?
-------------------------------------------------------------------------
Тағдыр
Адамды айдап туғызбақ.
Әрбір
Сүйгенін нәпсі қуғызбақ –
Өмірдің жолы бұл.
Жақсы
Нәпсісін өзі билемек.
Тапшы
Наданды нәпсі сүйремек,
Мақтанға болып құл!
Шәкәрім



Кімнен: Мамыр Қайдан: Алматы
04.06.2010 09:51
+0 / -0
Бұл балаларға бір Алла жар болсын! Өкінішті-ақ... Әке-шешесінің қараңғылығы ғой... Құдайдан ұялса етті, жұрттан ұялғанша. Осы елден ұят, жұрттан ұят, елге не бетімді айттым деген түсініктерден қашан арылар екенбіз. Біреу үшін емес, өзіміз үшін, бауыр етіміз баламыз үшін өмір сүретініміз қашан саңылауымызға жетеді екен. Қайда барсаң, қазақтардың ұраны осы - "ойбүй, елден ұятты..." Бір Алладан ғана жақсылық күтейік.

Кімнен: Талғат Қайдан: Астана
04.06.2010 16:51
+0 / -0
Балаларды айықпас дертке шалдықтырып, ВИЧ жұқтырған дәрігерлерді соттау керек еді. бұл елдің соты болса бәрін ақтап шығарды. сұмдық нағыз сұмдық!

Кімнен: Ақыл Қайдан: Алматы
04.06.2010 18:23
+0 / -0
еееее, емделмейтін Вич түгілі емделетін туберкулезбен ауырсаң өзіңнің ет жақындарын қабылдамайды, жағдайын қалай не боп жатырсың деп сұрауға жарамайды. Кімді кінәлайсың ауырған өзіңді ме, ауырдың деп теріс айналған туысыңды ма?????????

Кімнен: Жалғас
04.06.2010 23:28
+0 / -0
Тұп-тура айттың Ақыл! Ауырған адам ешкімге керек болмай қалады. тіпті жақсындардың өзінде жаудай боп көрінеді.

Кімнен: Мария апай Қайдан: ОҚО
05.06.2010 09:08
+0 / -0
Бейкүнә балалардың жазығы жоқ қой. Егер олардан әке-шешесі бас тартып жатса, бұл әрине өте аянышты жағдай. Ана іштен шыққан баласын тастады дегеннің өзі ауыр жағдай ғой. ол ана үшін де бала үшін үлкен қайғы. Ал ұлын тастауға мәжбүр болған Жарастың анасын аяуға болады. ауылда ол ата-енесіне қызмет ете ме әлде науқас баласын баға ма? қандай қиын өмір еді..барлығы біздің сауатсыз медицинаның кесірі. қаншама тағдырға балта шапқан

Кімнен: қажы мұқамбет қаракедей Қайдан: иран.горган
07.06.2010 09:38
+0 / -0
Хабарды оқырда көз жасыма ерік бермедім деп мақтанар жайым жоқ .
Қосарым - жаңылмасам - " жауын жауса қарлығаш балапанын қорғайды , тас жауса басын қорғайды " ,- Қазақ біліп айтқан ау . " Пұшық мұрнын жасырмас " деген аталы сөз тағы бар . ВИЧ індеті елді жаулап ала жатыр . Бұған көре біреуді жазғырмай ақ қоялық . Дертке шалдыққан сәбилерге бел буған үкіметтік емес ұйымдарды Алла тағала жарылқасын . Сонымен бірге мына шарапатты хадисті де ескерте кету жөн шығар : Қай жерде обадай індет болса оның тұрғындары ол мекеннен қашпасын және оған басқалар көшіп бармасын . Ол дертке бара - бара ем табылады .

Кімнен: Жанар Қайдан: Актобе
07.06.2010 18:20
+0 / -0
Аллаһ сактасын, Жарастын анасынын, атасынын кылыгы адамшылык емес екен. Бала ушин мемлекеттен каншама акша, жер алып отырып Аллаһтан корыкпаганы гой. Таба емес, тоба! Ех, Аллаһ, имансыз пенде шыгар болганы ма екен?