Accessibility links

«МАИ күш қолданған» белсенді қолдау тапты


Жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылайтын «Общая дорога» ассоциациясының жетекшісі Арсен Шакуов. (Сурет Facebook парақшасынан алынды)
Жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылайтын «Общая дорога» ассоциациясының жетекшісі Арсен Шакуов. (Сурет Facebook парақшасынан алынды)

Жол ережесін бұзғандарды тәртіпке шақырғаны үшін «полицейден зәбір көрдім» деген қоғамдық белсендінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл – Қазақстанда сирек болатын оқиға.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылайтын «Общая дорога» ассоциациясының жетекшісі Арсен Шакуов «өзіне күш қолданған» жол полициясы қызметкерлерінің үстінен қалалық прокуратураға арыз түсіргенін Азаттыққа хабарлады. Ал ішкі істер министрлігінің өкілі жол қауіпсіздігін сақтауға назар аударушы қоғамдық белсендінің арызынан соң жол полициясы қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

– Мен Алматының ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыз түсірдім. Басқарма менің алған жарақаттарымды куәландыру үшін, тексерістен өтуге жіберді. Тексеруден өттім, енді сол қағаздарыммен қазір Алматы қаласының прокуратурасына бара жатырмын, – деді Арсен Шакуов Азаттық тілшісіне.

«30 СЕКУНДТА 20 ПОЛИЦЕЙ КЕЛДІ»

Арсен Шакуов – «Общая дорога» жол қозғалысы қауіпсіздігі ассоциациясы деп аталатын қоғамдық ұйымның басшысы, көпшілікті көлік апатынан сақтандыру мен жол ережелерін сақтауға шақыратын алматылық белсенді. Оның Facebook желісінде ашқан «Общая дорога» атты тобының мақсаты – «Жол апаты мен жарақатын азайту үшін жүргізушілердің көлік айдау мәдениеті мен жауапкершілік сезімін күшейту» деп жазылған.

Белсенді осыған дейін жүргізушілер арасында жол ережелерін сақтау туралы түрлі акциялар өткізіп келген. Бірақ оның жол полициясы қызметкеріне дәл сондай талап қоюы мүлдем басқаша нәтиже бергенге ұқсайды.

Шакуовтың түсіндіруінше, ол қазанның 28-і күні Алматы көшелерінің бірінде жол ережесін өрескел түрде бұзған көлікті көріп, жақын маңда тұрған жол полициясы
Жол полициясы инспекторы. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет).
Жол полициясы инспекторы. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет).
қызметкеріне хабарлаған. Алайда полицей еш шара қолданбаған.

– Мен жол полициясы қызметкеріне наразылығымды білдіріп, жол ережесін бұзу фактісіне қатысты неге шара қолданбағанын сұрадым. Өзінің көлігі де рұқсат етілмеген жерде тұрғанын байқап, мұның да себебін түсіндіруін өтініп, дауысы мен түрін мобильдік телефонымның бейнекамерасына жазып алуға ыңғайландым. Ол көлігінен шықпай-ақ рациямен қосымша жасақ шақырды да, менің телефонымды тартып алмақшы болып атып шықты. Шамамен 30 секундтан кейін 20-дан аса полицей келіп, мені өздерінің көліктеріне бір-ақ тықты, – дейді белсенді.

Оның сөзінше, полицейлер көлік ішінде өзіне күш көрсетіп, тұншықтырмақ болған. Жәдел жәрдем шақыру туралы өтініше ешкім құлақ аспаған.

– Телефонымнан айырылмай қойдым, достарым мен жедел жәрдемге хабар беріп үлгердім. Содан кейін шамамен жарты сағаттан соң жедел жәрдем келіп, мені 12-ауруханаға алып кетті, – дейді ол.
Бұл кеше Розыбакиев көшесінде, МАБ-тың қасында сағат 11.30-12.00 кезінде болған оқиға ғой.
Рано Абдужапарова, оқиға куәгерлерінің бірі

Арсен Шакуовтың Facebook парақшасында қазанның 28-і күні оған әлдебір жол полицейінің тап бергені көрінетін видео жарияланған. Одан бөлек «жол ережесін бұзушы» полицей көлігі мен «Шакуовтың мойнындағы» қол ізіне ұқсайтын қызарған дақтардың суреттері ілінген. Видеоның астына коммент қалдырғандардың бірі – Рано Абдужапарова есімді қолданушы «Бұл кеше Розыбакиев көшесінде, МАБ-тың қасында сағат 11.30-12.00 кезінде болған оқиға ғой? Мен бұл жігіттің қолын қайырып әкеткен [полицейге] автобустан түсе салып көмекке ұмтылған полицейлерді көрдім. Сұмдық. Адамдарға не болған?» деп жазады.

Арсен Шакуовтың Facebook парақшасында жарияланған видеосы:
Ал Арсен Шакуов Азаттыққа «өзіне күш көрсеткен» барлық жол полициясы қызметкерлерін жазалауды талап ететінін айтты.

– «Қоғамдық қызметте жұмыс істейтіндерді мобильдік телефонға түсіруге болмайды» деген заң еш жерде жоқ. Бұл жариялылықтан қорқатын полицияның шамына тиеді. Сондықтан олар видеоға түспес үшін бізге күш көрсетеді, – деді ол.

Бұл мәселеге қатысты қазанның 29-ы күні жергілікті БАҚ-қа комментарий берген Қазақстанның ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха «Шакуовты соққыға жыққан полицейге қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып» жатқанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. «Егер факт расталса, қылмыстық іс қозғалып, полиция қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылады» деген ол.

Қазақстанда соңғы жылдары жол қауіпсіздігі мен ережелерін сақтау бойынша түрлі акциялар мен мониторинг өткізетін қоғамдық белсенділер көбейіп келеді. Ресми мәлімет бойынша 2012 жылы жол апаты 2011 жылмен салыстырғанда 18 пайызға өсіп, 3 мыңнан астам адамның ажалына, 17 мыңнан астам жолаушының жарақат алуына себеп болған. Жол апаттарының негізгі себебі (50 пайызға жуық) – жүргізушілердің жол ережесін бұзуы деп аталады.
XS
SM
MD
LG