Accessibility links

Көлік апаттарының себептері әртүрлі


Батыс Қытай - Батыс Еуропа күрежолы бойындағы құмды дауыл кезіндегі жол апаты. Жамбыл облысы, 28 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Батыс Қытай - Батыс Еуропа күрежолы бойындағы құмды дауыл кезіндегі жол апаты. Жамбыл облысы, 28 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда соңғы аптада 500-ден аса жол-көлік апаты болып, 108 адам көз жұмды. Полицейлер мұны «жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан» көрсе, мамандар «сапасыз жолдың да әсері бар» дейді.

Шымкент тұрғыны Марат осыдан екі апта бұрын Шымкент–Ақсу бағытындағы жолда көлік апатына ұшыраған.

– Қаладан ауылға қайтып бара жатқанмын. Мен мінген такси сағатына 60 шақырыммен келе жатты. ВАЗ-2114 көлігі бізге қарама-қарсы бағытқа шығып, бетпе-бет соғылдық. Қатты жылдамдықпен келе жатып, өз жолына қайта түсе алмай, бізге келіп соғылды, – дейді жас жігіт.

Оның айтуынша, жанында отырған жолаушылардың бірінің қолы сынып, екеуі кішігірім зақым алған, таксист қысылып қалған.

– Мен қалай аман қалғанымды өзім түсінбеймін. Әйтеуір тірі қалдым. Бізге соғылған көліктің жүргізушінің аяғы сынған, – деді Марат Азаттық тілшісіне.

«БАСТЫ СЕБЕП – ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН ЕЛЕМЕУ»

Қазақстан ішкі істер министрлігі «өткен апта ішінде (19-25 тамыз аралығында) Қазақстанда 547 жол-көлік апаты болып, 108 адам көз жұмды, 719 адам түрлі жарақат алды» деп хабарлады.

– Негізгі себеп – жүргізушілердің жол ережесін ескермеуі, жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығып кету, ережені сақтамау. Сондай-ақ жүргізушілердің балаларға қауіпсіздік белдігін тақпауы, арнайы автокреслоға отырғызбауы да алаңдатады, – дейді ішкі істер министрлігі жол полициясы комитетінің баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина.

Жол салу саласында 22 жыл тәжірибесі бар маман Қайрат Мансұровтың айтуынша, «көлік апаттарына негізгі жауапкер – жүргізуші, ал жолдың сапасы – екінші кезектегі мәселе».

– Жол жаман болса да, сағатына 60 шақырыммен келе жатып қайдан апатқа ұшырайды, – деді Қайрат Мансұров.

Ол кей жолдардың жағдайы нашар екенін растап, оған «сапасыз материалдар төсей салатын» жол салушыларды кінәлады.

– Қаланың жолдарында негізінен ескі асфальтты алып, орнына жаңасын төсейміз. Ал ескі асфальт қала шетіндегі ауыл аралық жолдарға жарайды. Бірақ олар ұзаққа шыдамайды, – деді маман.

«ЖОЛҒА БӨЛГЕН АҚШАНЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ЖЕТЕДІ»

Тәуелсіз автомобилистер одағының басшысы Эдуард Эдоковтың айтуынша, жол-көлік апатына жүргізуші ғана емес, көліктің техникалық күйі мен жолдың сапасы да себепкер.

– Жолда түнге қалып қойсам, амал жол – сүйретіліп жүремін. Өйткені жол бойында жарық жоқ, жаяу жүргінші жүретін орындар көрінбейді, жаяу жүргіншіні алыстан көру мүмкіндігі жоқ, әсіресе ағаш арасынан атып шығатын болса тіптен жаман. Бұған қоса жолда шұңқырлар бар, – дейді Эдуард Эдоков.

Жол салуға ісіне қатысты кәсіпкер Хасанның айтуынша, жолдың сапасыз болуының бірнеше себебі бар.

– Біздің компанияларда арнайы оқытылған, білікті мамандардың өзі тапшы. Одан бөлек, жол салуға бөлінген қаржының барлығы сол жолға жұмсалмайды. Жолда 30-40 пайызы таратылып, қалғаны материал мен жұмыскерлерге кетеді. Сондықтан сол қалған 60 пайыз қаржыға сапасыз материал мен біліксіз жұмыскерлер тартылады, – дейді Хасан.

ОҚЫҢЫЗ: Жолдың құны мен сапасы үйлеспейді

Дүниежүзілік экономикалық форумның «Әлемдегі бәсекеге қабілеттілік. 2012-2013» атты есебіне қарағанда, Қазақстан жолдарының сапасы жөнінен 144 елдің арасында 117-орында тұр.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қазақстанда 1000 адамға 189 жеңіл көліктен келеді. Елде тек 2012 жылы ғана екі жарым мыңнан астам адам жол-көлік апатынан қаза тапқан.

ВИДЕО САУАЛНАМА: Жол апаты қайтсе азаяды?

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG