Accessibility links

Қазақстандық белсенділер АҚШ-ты «Жаңаөзен актісін» қабылдауға шақырды


The Human Rights Foundation ұйымы вебсайтында жариялаған постер.
The Human Rights Foundation ұйымы вебсайтында жариялаған постер.
Құқық қорғау ұйымдарының одағы Жаңаөзен мен Шетпе тұрғындарына көмек ретінде бір миллион теңгеге жуық қаржы аударғанын айтады. Оның негізгі бөлігі -Ресей азаматтарынан түскен ақша.

Мамыр айынан бастап қолға алынған қайырымдылық шарасының аясында жаңаөзендік сегіз және шетпелік төрт отбасына көмек көрсетілген. Бұл шара әлі де жалғаса береді.

ЖҰМЫСШЫЛАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Бұл - биылғы қаңтарда құрылған «Құқық қорғау ұйымдарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің алғашқы ауқымды жобасы.

- Осы жылдың мамыр айында бізге Ресей еңбек конфедерациясы хабарласып, «Ресей жұмысшылары жаңаөзендік жұмысшыларға көмектескісі келетіндігін» айтты. Біз өз құрамымызға енген «Аман-саулық» қорымен бірлесіп, оларға барлық құжаттар мен мағлұматтарды жібердік. Көп ұзамай олар алғашқы транш – 30 мың рубль жіберді, - деді Азаттыққа ұйымның хатшысы Георгий Архангельский.

Бұл сома күйеулері сотталған көп балалы екі анаға аударылған.
"Жаңаөзен оқиғасында" оқ тиіп, мүгедек болып қалған жігіт "Полицейлер сотына" келіп тұр. Ақтау, 2 мамыр 2012 жыл.
"Жаңаөзен оқиғасында" оқ тиіп, мүгедек болып қалған жігіт "Полицейлер сотына" келіп тұр. Ақтау, 2 мамыр 2012 жыл.

- Ақшаны пошта арқылы жібердік. Өйткені Жаңаөзен мен Шетпеде былтырғы желтоқсаннан кейін сотта қысым күшті болды. Сотталғандардың туыстары байланысқа шықпай қалды. Сол жақта жүрген біздің адамдарымыз арқылы екі келіншектің аты-жөнін алып, соларға көмектестік. Іле-шала бізге жаңаөзендіктер өздері хабарласып, көмекке мұқтаж екендіктерін айтты, - деді Архангельский.

Одақтың бастамасы бойынша бүгінге дейін Жаңаөзен мен Шетпе тұрғындарына 990 мың теңге көмек қаржы жіберілген. Оның негізгі бөлігін (700 мың теңге) ресейлік жұмысшылар, қалған 290 мыңын алматылық 3 тұрғын алып келіп берген.

- Бізде мұқтаж адамдар тізімінде 15 отбасы тұр. Солардың төртеуіне әлі көмектесуіміз қажет. Ресей еңбек конфедерациясы әлі де қаржы жібереміз деп отыр, - дейді Құқық қорғау ұйымдары одағының хатшысы Георгий Архангельский.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА СЕНБЕЙДІ»

«Жаңарту» тәуелсіз республикалық кәсіподағының төрағасы Есенбек Өктешбаев жаңаөзендіктерге қаржымен қоса моральдық та көмек қажет екендігін айтады.

- Қазақстанда жаңаөзендіктерді қолдау мақсатында рұқсат етілмеген митингілерді, басқа да наразылық шараларын Ресейдің бірнеше қалаларында ұдайы бірлесіп, ұйымдастырып жүрміз. Бұл шаралар, нақты нәтиже шықпайынша, ары қарай да жалғаса береді. Осы аптадан бері Мәскеуден бастап, Санкт-Петербург, Барнаул, Новосибирск, Омбы қалаларында өтіп жатыр, өзге де қалалар қосылуға ниет білдірді. Украинаның біраз қаларында да Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарының алдында шаралар ұйымдастырылып жатыр, - деді ол.

Өктешбаев Жаңаөзенде ереуіл кезінде құрылған көмек қоры әлі жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
Роза Төлетаева (ортада) Жаңаөзендегі ереуіл кезінде. Маусым, 2012 жыл
Роза Төлетаева (ортада) Жаңаөзендегі ереуіл кезінде. Маусым, 2012 жыл

- Бүгінде көз жұмған және сотталғандардың отбасыларының банк есеп шотына тікелей аударылып тұрады. Соңғы рет алты отбасына 90 000 рубль, яғни әрқайсысына шамамен 500 АҚШ доллары жіберілді. Роза Төлетаева мен өзге де көмекке мұқтаж отбасыларға тікелей көмек көрсетіліп тұрады, - деді Азаттыққа пікір білдірген Есенбек Өктешбаев.

Архангельскийдің сөзінше, «биліктен арсыздық пен әділетсіздікті әбден көрген қазақстандықтар қайырымдылыққа мүлдем сенбейді».

- Бұдан бөлек бізде ақша аудару мен оны жинауда алаяқтардың көптігі сонша, ешкімнің басын қосып көмектесуге шақыра алмайсың. Оған кінә тағуға да болмайтын шығар. Дегенмен ресейлік серіктестер де «жеті рет өлшеп, бір рет кесті». Әбден тексеріп, әр аударылған қаржыға қатысты есеп беріп отырмыз. Осылайша өзімізден емес, өзгеден көмек алып отырмыз, - дейді ол.

АШЫҚ ХАТ

Қазанның 17-сі қазақстандық бір топ қоғам белсендісінің Жаңаөзен оқиғасына қатысты АҚШ үкіметінен көмек сұрап, жолдаған хаты The Washington Examiner газетінде жарияланды. Бұл туралы хабарлаған халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы аталған мақалаға демеуші болғанын атап өтеді. HRF-тің вебсайтындағы арнайы хабарламаға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты диктаторға теңейтін постер қойылған. Ашық хаттың тұтас мәтінін де осы хабарламадан оқуға болады.
Магнитский актісі сияқты Жаңаөзен актісі деген заң қабылданар болса, ол президент Нұрсұлтан Назарбаевты демократияға бет бұруға мәжбүрлейді деп сенеміз.
Ашық хатқа қол қойған Болат Атабаев, Лұқпан Ахмедьяров, Бақытжан Төреғожина, Игорь Винявский, Зәуреш Батталова, Розлана Таукина, Қасым Аманжол және бірқатар азаматтық қоғам белсенділері АҚШ үкіметінен Ресейге қатысты жасалған Магнитский Актісіне ұқсас заң қабылдап, Жаңаөзен оқиғасына қатысы бар қазақстандық лауазым иелерін Америкаға кіргізбей қоюды және осы елдегі қандай да бір қаржы операцияларын құрсаулап тастауды сұрайды.

«Жаңаөзен оқиғасынан бері саяси қуғын-сүргін күшейді» деген белсенділер азаматтық қоғам өкілдері ретінде «билік тарапынан қуғын көріп отырған азаматтардың тағдырына алаңдайтындарын» айтады.

«АҚШ депутаттарынан көмек сұраймыз. Бұған дейін еуропалық саясаткерлердің араласуы арқасында Болат Атабаев, Жанболат Мамай, Наталья Соколова және Игорь Винявский қамаудан босатылған. Магнитский актісі сияқты Жаңаөзен актісі деген заң қабылданар болса, ол президент Нұрсұлтан Назарбаевты демократияға бет бұруға мәжбүрлейді деп сенеміз» деп жазылған хатта.
XS
SM
MD
LG