Accessibility links

Әшкереленген агент сотталушыларды жемқорлыққа қатысты айыптады


«Қорғас ісіне» байланысты айыптаушылар үзіліс кезінде туыстармен сөйлесіп тұр. Алматы, 20 маусым 2013 жыл.
«Қорғас ісіне» байланысты айыптаушылар үзіліс кезінде туыстармен сөйлесіп тұр. Алматы, 20 маусым 2013 жыл.

«Қорғас ісі» бойынша сотталған шенеуніктер құпиясы сотта ашылған арнайы агентті «жалған куәлік етті» деп айыптады. Сот залында отырғандар «бұл – кедендегі ақшаға бақылау орнатуға тырысқан ведомство аралық соғыс» дейді.

Осы аптада сыбайлас жемқорлыққа қатысты «Қорғас ісі» бойынша Алматыда өтіп жатқан сот құпия агент Талғат Мақатов түсірген видео және аудио жазбалармен танысуға кірісті. Тергеу материалдары бойынша ол Қазақстан-Қытай шекарасы бойындағы кеден бекеттері арқылы тауар өткізудің коррупциялық желісін әшкерелеу үшін «қылмыстық топқа» әдейі енгізілген құпия куәгер ретінде түсінік береді. Бірақ «Саныч», «Бетон» деген лақап есімдерімен белгілі құпия агенттің аты-жөні сотта ашылды.

ҚҰПИЯ ТЫҢ ТЫҢДАУ

Заң тілінде «дәйекті мәліметтер» деп аталатын видео-аудио жазбаларды жариялауға сотталушылар қарсы болды. Бірақ прокурор «оларды жазуға прокуратура рұқсат берген» деп жауап берді. Сотталушылардың бірі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы қызметкері Ерлан Әбдірахмановтың әлгі «дәйекті мәліметтерді» іс бойынша дәлел ретінде тануға жол бермеу туралы өтінішін сот орындаудан бас тартты.

«Дәйекті мәліметтерге» қатысты дау заң жүзінде тоқтатылғанымен, құпия жазылған аудиожазбалардың мазмұнына қатысты басқа дау туды. Өйткені құпия
«Қорғас ісіне» байланысты сот үзіліс кезінде. Алматы, 28 қаңтар 2014 жыл.
«Қорғас ісіне» байланысты сот үзіліс кезінде. Алматы, 28 қаңтар 2014 жыл.
есімі сотта ашылған куәгер Талғат Мақатов пен сотталушылар телефон арқылы тыңдалып, сотта жарияланған әңгімелердегі кейбір сәттерді қарама-қарсы тұрғыда түсіндірді.

Қаржы полициясының құпия агенті ретінде жасаған телефон жазбаларын сотта талдаған Мақатовтың айтуынша, Қытайдан «Қорғас» бекеті арқылы тауармен өткен әр жүк көлігінен кеденшілер шамамен 1 миллион 200 мың теңге (8 мыңға жуық доллар) ақша алып отырған. Ол ақша «ресми кассаға түсіп отырған». Бұдан бөлек кеденшілерге тиесілі брокерлік фирмалардың брокерлері пара бергендердің жүгін «біртекті заттар» деп тез рәсімдеп, кеденнен тез өткізгені үшін тағы 4 мың доллар көлемінде пара алған.

Талғат Мақатовтың айтуынша, егер жүктің қожайыны қарсылық таныта бастаса, кәсіпкер Талғат Қайырбаевтың («шекара арқылы тауар өткізудің коррупциялық желі схемасын жасады» деп айыпталушы) нұқсауымен құжатта бүкіл тауардың, тіпті қаламға дейінгі бүкіл заттың тізімі көрсетілген. Мақатовтың сөзінше, мұндай кезде тізімдегі тауар атауы 700-ге дейін жетіп, жүктің кеден пунктінен өтуі баяулап, кедендік баж салығы да өскен.

«Қорғас ісі» бойынша негізгі айыпталушы Талғат Қайырбаев «куәгер Талғат
Сот өтіп жатқан орынның кіре берісі. Алматы, 28 қаңтар 2014 жыл.
Сот өтіп жатқан орынның кіре берісі. Алматы, 28 қаңтар 2014 жыл.
​ Мақатовтың маған қарсы айтқандарының бәрі жалған» деп мәлімдеп, Мақатовтың сөзін бөлді.

– Құрметті сот, мына куәгер бәріңізді шатастырып отыр, – деді Қайырбаев.

Бірақ судья Советхан Сәкенов куәгерге сөзін жалғастыра беруді бұйырды.

Қайырбаевтың айтуынша, қаржы полициясы Мақатов арқылы кеден бекетіндегі бизнесті өз бақылауына алмақ болған. Сотталушының «Мақатов – қаржы полициясының «кассирі» деген мәлімдемесіне ешкім мән берген жоқ.

ҚҰПИЯ АГЕНТ

Құпиясы сотта ашылған куәгер Талғат Мақатов әдетте сотта түсінік беретін жасқаншақ куәгерлерге ұқсамайды. Сотталушыларға қарсы тайсалмай сөйлеген оның сөздері кейде айыптаушының сөздеріне ұқсап та кетті. Мақатов соттағы егесті «екі Талғаттың арасындағы дау» деп атады.

– [Талғат Қайырбаев] екеуміз бір ауданда тұрдық. Екеуіміз де мығым денелі болғандықтан, екеумізде де қара «Мерседес» болғандықтан жұрт бізді жиі шатастыратын, - дейді Мақатов.

Арнайы жасақтың қара түсті формасы мен беренді кеудешесін, көзін ғана ашық қалдырған маскасын киген, автомат асынған бірнеше жауынгері Талғат Мақатовты үнемі (тіпті сот залында да) күзетіп тұрды.

Өзі жүргізген аудиожазбалардың стенограммасына талдау жасаған Талғат Мақатов бұл жазбаларда ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың
Қорғас бекетінің Қытай жағы.
Қорғас бекетінің Қытай жағы.
есімі аталады дегенімен, стенограммада Шабдарбаев туралы жазылмаған. Залдағылар бұл сөзге ештеңе демеді, ал куәгер бұдан кейін Шабдарбаев туралы ештеңе айтпады.

АТЫШУЛЫ ІС

Қазақстан-Қытай шекарасындағы кеденде қамау басталған 2011 жылы қаржы полициясы ҰҚК мен кеденнің жоғары шенді қызметкерлері де кірген «бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді» деп мәлімдеген.

Бұл іс бойынша әуелі жүзден аса адам айыпталғаны хабарланған. Сот процесіне 45 сотталушы (оның 42-сі абақтыда отыр, үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхат берген) қатысып жатыр. 19 адамға іздеу жарияланған. Басқа айыпталушылар «қатты өкінуіне байланысты» қылмыстық жауапкершіліктен босталып, куәгерлер қатарына ауыстырылған. Сот алдында тұрғандардың ішінде ҰҚК мен кеденнің бұрынғы қызметкерлері ғана емес, кәсіпкерлер мен кедендік брокерлер де бар.

Айыптау болжамынша, іс бойынша сотталушылар «Қорғас», «Қалжат», «Достық» кеден бекеттері арқылы тауар өткізген кәсіпкерлерден пара алған. Кезінде Қазақстан ақпарат құралдары «бұл істің астарында Қытаймен шекарадағы кеден арқылы өтетін ақшаға бақылау орнатуға тырысқан қаржы полициясы мен ҰҚК арасындағы бақталастық жатыр» деп жазған.

«Қорғасы ісі» бойынша сот тергеуі аяқталуға жақын. Енді куәгерлерден жауап алынғаннан кейін, жарыссөз өтеді, сосын үкім жарияланады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG