Accessibility links

Қаржы полициясы кеденге байланысты «қылмыстық топты» ұстағанын мәлімдеді


Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Астана, 2009 жылдың қазаны.

Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Астана, 2009 жылдың қазаны.

Алайда сарапшылар бұл шара ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен қаржы полициясының «бұрынан келе жатқан соғысының» бір көрінісі деп отыр.


Қазақстан қаржы полициясының айтуынша, Қытаймен арадағы шекарада «ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталған». Олардың арасында Ақмола облысы ҰҚК департаменті бастығының орынбасары, «Қорғас» кеден бекетінің басшысы да бар.

«ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП»

Сейсенбі, мамырдың 3-і күні Астанада арнайы брифинг өткізген қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуынша, Қытаймен шекаралас территорияда шекарадан тауарларды контрабандалық әдіспен тасымалдауға қатыстып жүрген тағы бір топ адам қолға түскен.

– Қаржы полициясының «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттерінде арнайы жүргізген шараларының нәтижесінде қылмыстық топтың 100-ден аса мүшесі анықталған, – дейді ресми өкіл.

Оның айтуынша, апта сайын «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттері арқылы контрабандалық жүкпен 100-ден 200-ге дейін машина өтіп отырған. Шекарадан өткен контрабандалық әрбір автокөліктен 25-30 мың АҚШ доллары заңсыз алынып келген. Оның бес мыңы ғана бюджетке кедендік төлемдер түрінде түсіп, «қалғандары топ мүшелерінің қалталарына кетіп отырған» деп мәлімдейді қаржы полициясы.

Мемлекеттік ұйым таратқан ақпаратқа сәйкес, тінту барысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен Алматы мен Астанадан 44 пәтер, 12 үй, 7 жер учаскесі, 47 автокөлік, 10 «КамАЗ», әрқайсының құны 100 мың АҚШ доллары тұратын 40 рефрижератор, екінші деңгейдегі банктердегі 12 есепшот, 3 сейф-жәшік, 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 техникалық жөндеу станциясы, 2 автоорталық пен мейрамхана анықталған.

Марат Жұманбайдың айтуынша, бұл мүліктің негізгі бөлігі қылмыстық топ басшылары мен кассирге тиесілі болған, қазір бәрі тәркіленген.
Кәсіпкер Қанағат Такеева «Қорғас» кеденіндегі заңсыз алымдар туралы мәлімдеме жасап отыр. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.

Бас прокуратура мен интерпол арқылы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің шетелдердегі есепшоттарына қамау жариялап, оларды қайтармақ болып жатыр.

«ҚОЛ СОҒЫП, КӨП РАХМЕТ АЙТАМЫН»

Кәсіпкер Қанағат Тәкеева «Қорғастағы» былықтардың «шектен шығып кеткендігін» өткен жылы мәлімдеген еді. Кеден бекетіндегі брокерлік компания жетекшісі болып қызмет еткен Тәкеева жұмыс істеуге мүмкіндік бермегенін айтып, тиісті орындарға шағымданған. Алайда оның жауабын әлі күнге дейін алмапты.

– Қаржы полициясы соңғы бірнеше жылда ешкімнің қолынан келмеген істі жасады. Мен тек қол соғып, көп рахмет айтамын. Себебі бұл осылай қала бергенде жағдай күрделене беруші еді. Біздегі коррупциялық механизмнің «дамығаны» соншалықты – кеденде істеп жүргендер жазаланбайтындығына кәміл сеніп алған. Генералдар мен министрліктегі шенеуніктердің «демеуінің мықтылығынан» кедендегілер, тіпті, күш көрсетуден қымсынбайды, – дейді Қанағат Тәкеева.

Қанағат Тәкееваның сөзінше, ҰҚҚ осыған дейін бұл «бассыздықты» тоқтатпай келгеніне қарағанда, ол мекеменің де «өз көздегені болуы мүмкін». Оның пікірінше, өз бақылауындағы кеденге тіисті бақылау жасай алмаған ҰҚҚ «жауап беруі тиіс».

«ӨТІРІК КҮРЕС»

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин қаржы полициясының бұл мәлімдемесіне күдікпен қарайтындығын айтады.

– Қазіргі билік режимінде шын мәнінде жемқорлықпен күрес жүрмейді. Тек
Саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл.
«күрес жүріп жатыр» деп түр көрсету. Сондықтан мен сенбеймін. Бұл, меніңше, өзара текетірес. Әйтпесе бұлардың барлығы, әсіресе кеден саласының былыққа батқаны бұрынан белгілі, – деді Жасарал Қуанышәлин.

Оның сөзінше, енді ҰҚҚ де «жай жатпай, жауап беруі мүмкін».

– Енді олар (ҰҚҚ) қарсы бір әрекет жасайды. Олардың әрқайсысы да қарап қалмайтындығы белгілі. Бұлардың өздерінің арасында бітпейтін айқас жүріп жатады. Ол бірде көрініп қалады, бірақ әдетте көрінбейді, – дейді саясаткер.

«ПРЕЗИДЕНТ, ӘБІҚАЕВ ЖӘНЕ ҚОЖАМЖАРОВ БІРІГІП...»

Парламенттің бұрынғы депутат Уәлихан Қайсардың пікірінше, қаржы полициясының жетекшісі Қайрат Қожамжаров жоғары жақтан «жұмыс істе, ешкім саған тиіспейді, қысым жасалмайды» деген тапсырма алған болуы мүмкін.

– Меніңше, қазір президент, Әбіқаев және Қожамжаров бірігіп жұмыс істеп жатыр. Байқауымша, «өз халқыңды былай қойғанда, әлем алдында ұят болды – қанағат деген болу керек, тәбеттеріңді тыйыңдар» деген саясат жүріп
Саясаткер Уәлихан Қайсаров.
жатқан сияқты, – дейді Уәлихан Қайсар.

Қазақстанда коррупция бірінші орындағы мәселе екендігін айтқан саясаткер «кедендегі тәртіп екі жағдайда ғана орнайтынын» айтады.

– Алдымен – президенттің саяси ерік-жігеріне байланысты. Екіншіден – Қаржы полициясы мен ҰҚҚ-де Қайрат Қожамжаров пен Нұртай Әбіқаев отыруы тиіс. Әбіқаевты жақсы танимын, онымен үш жыл бірге жұмыс істедім. Ол өз орнында отыр, егер қаласа – жұмысын қажетті дәрежеге жеткізе алады. Ал Қайрат Қожамжаров Дмитрий Медведевпен бір топта оқыған деседі, ол жас әрі амбициялы жігіт. Егер олардың бірін ауыстырса, жұмыс өнбейді, - дейді Уәлихан Қайсар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG