Accessibility links

Кейбір алматылықтар «кептелген» көшеден шаршап жүр


Саин-Жұбанов көшесіндегі жол айрықты салу жұмыстары. Алматы, 27 қыркүйек 2012 жыл.
Саин-Жұбанов көшесіндегі жол айрықты салу жұмыстары. Алматы, 27 қыркүйек 2012 жыл.

Алматыда алты бірдей жолайырықтың құрылысы жүріп жатыр. Маусым айында басталған құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылып кетуіне алматылықтар наразы.

Алматыдағы Райымбек көшесінің бойында пәтер жалдайтын студент Қайсар Абдрахманов жұмыс күндері таңғы алтыда тұрады. Таңертең тоғыз жарымда басталатын сабағына бару үшін үйінен жетіде шығу тиіс. Студент «үйден ертерек шықпасам, сабаққа кешігіп қаламын» дейді.

- Алматыда салынып жатқан жолайрықтардың кесірінен күніне төрт сағатымды автобуста өткіземін. Университетке жеткенше екі сағат, кешкілік үйге қайтуға екі сағатым керек. Күнде кептеліс. Жолдың бәрі жабық, айналып өтуге тура келеді, - дейді студент.

«ЖОЛАЙРЫҚ ҚҰРЫЛЫСТАРЫ ЫҢҒАЙСЫЗДЫҚ ТУДЫРАДЫ»

Ал күнделікті жолаушы тасып, ақша табатын таксист Қайролла Задаев «жолайрықтардың жұмысы баяу жүріп жатыр» дейді.

- Алматыдағы ең ірі көшелердегі жолдардың жабылғанына жарты жылдан асты. Көпірлер мен айналма жолдардың қашан салынып бітетіні белгісіз. Әрине, жолдарды жөндеген дұрыс. Бірақ ұзаққа созылып кетті. Кейде құрылыс жүріп жатқан көшедегі кептеліске кіріп кетсең, екі сағатсыз шықпайсың.
Саин-Жұбанов көшесіндегі жол айрықты салу жұмыстары. Алматы, 27 қыркүйек 2012 жыл
Саин-Жұбанов көшесіндегі жол айрықты салу жұмыстары. Алматы, 27 қыркүйек 2012 жыл

Ал қала сыртындағы Іргелі ауылында тұратын Медет Салихов та «жолайырықтардың құрылысы халықтың тұрмысына көп кедергі келтіріп жатыр» деген ойда.

- Қаланың ортасында жұмыс жасаймын. Сондықтан Іргеліге жеткенше түнгі сағат он болады. Қаланың барлығы кептеліс. Жолайрықтардың құрылысы салынып бітпеді. Жарты жыл болды жолдан көп уақыт жоғалтамыз. Жолды жөндегендері дұрыс, бірақ халықпен де санасу керек еді. Құрылыс жұмыстарын бастаған кезде оның тұрғындарға ыңғайсыздық тудырмас үшін жасалуы тиіс жағдайлары дұрыс қарастырылмаған, - дейді ол.

Қазір Алматыда Әл-Фараби – Розыбакиев, Әл-Фараби – Дулати, Сайын – Торайғыров, Сайын – Жұбанов, Халиуллин - Құлжа трассасы, Райымбек – Момышұлы көшелерінің бойында жолайрықтар салынып жатыр.

«БАСТЫСЫ – ҚАЛАДАҒЫ КӨЛІК КЕПТЕЛІСІ АЗАЯДЫ»

Қазанның 10-ы күні Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қалада салынып жатқан жолайрықтардың құрылысымен танысып шығып, «жыл соңына дейін барлық жолдар ашылуы тиіс» деген бұйрық берді.

Алайда әкім «жыл соңында дейін жұмыс бітуі керек» дегенімен қаладағы бес жолайрық әлі салынып жатыр. Жақында Сайын және Жұбанов көшелерінің бойында салынып жатқан жолайрықта көлік қозғалысы ашылды. Бірақ ол жерде де құрылыс жұмыстары толық бітпеген. Электрлік монтаждау, барьерлік қоршауларды орнату, жер асты жүргінші жолдарын салу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Тек Әл-Фараби-Розыбакиев көшесіндегі құрылыстардың негізгі жұмыстары аяқталған.
Алматы қаласы автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Ғани Мырзахановтың Азаттыққа берген жауабында:
Саин-Жұбанов көшесіндегі жол айрықты салу жұмыстары. Алматы, 27 қыркүйек 2012 жыл.
Саин-Жұбанов көшесіндегі жол айрықты салу жұмыстары. Алматы, 27 қыркүйек 2012 жыл.

«Төрт жолдың құрылысы толығымен 2013 жылдың желтоқсанында аяқталады. Қазір көлік қозғалысы реттеліп, жолдар рет-ретімен ашылып жатыр. Жолдар ашылғанымен, жоспарланған жұмыстар әлі де жалғаса береді. Жолдарды кеңейтіп қана қоймай, жолдағы жарықтардың да саны көбейеді. Қаладағы бағдаршамдардың саны кемиді. Бастысы, кептеліс азайып, экология тазара түседі. Мысалы, Халиулин көшесімен Құлжа трассасында жол ашық. Енді жол төсемдерін, арықтар орнату, жолдарды жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр» деп жазылған.

Басқарма бастығының орынбасарының жауабына сүйенсек, Райымбек пен Момышұлы көшесінің қиылысындағы жолайрықтың жұмысы әлі аяқталмаған.
«Момышұлы көшесінің бойындағы эстакаданың тіреу қабырғалары, арқалықтары орнатылып жатыр. Жаяу жүргіншілерге арналған үш жер асты өткелдері де салынуда. Бұл аймақтың құрылысы да келер жылдың соңында аяқталады. Әл-Фараби мен Розыбакиев көшесіндегі жол ашылды. Енді осы көшедегі тунельдің құрылысын бастаймыз» деп жазады Ғани Мырзаханов.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматыдағы жолайрықтардың құрылысына бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінген. Жолайрықтардың құрылысы үшін қаладағы 120 үй сүрілген. Бұзылған үйлерді әкімдік өз қаржысына сатып алған. Құрылыс жұмыстары кезінде қаладағы 3900 ағаш кесілген. Әкімдік «құрылыс жұмыстары толық біткен соң көшелерге 9 мың көшет отырғызамыз» деп хабарлады.

(Материалды әзірлеуге Әбілқасым Есентаев қатысты)
XS
SM
MD
LG