Accessibility links

«My name is...» деп айта алмайтындар 90 ұпай жинады» дейді үміткер


Емтихан тапсырушылар. (Көрнекі сурет)
Емтихан тапсырушылар. (Көрнекі сурет)

Жоғары оқу орындарына магистратура мен докторантураға қабылдау емтихандары басталды. Сынақтың бірінші турында шет тілінен жоғары ұпай жинағандардың кейбірі жауапты сатып алғанын не орнына басқа адам кіргізгенін айтты.

Магистратураға түсуге үміткер, 21 жастағы алматылық Арман Сейсенбаев (есімі өзгертілді) тамыздың 14-інде ағылшын тілінен сынақ тапсырып, 100 ұпайдың 95-ін алған. Ол ағылшын тілінің тест жауаптарын сатып алғанын жасырмады.

– Мың доллардай бердім. Жауапты сатқандар «90 ұпайдан жоғары аласың» деді. Бұл іспен белгілі бір адамдар айналысады. Тест жақындағанда жауап сататындар шыға бастайды. Олар жауапты қайдан алатынын білмеймін. Бастысы – жауап сатушылар ақшаны алып, уәделерінде тұрды. Тест кітапшасын алған соң нұсқаны ұялы телефон арқылы хабарлама етіп жібердік. Олар жарты сағаттың ішінде жауаптарын жіберді. Белгілеп шығып, керекті ұпайымызды алдық, – дейді ол.

Арман енді магистратура сынағының екінші турына – шығармашылық емтиханға дайындалмақ. Оның айтуынша, «факультеттегі оқытушылар «ағылшыннан алып келсең, екінші турдан өзіміз өткіземіз» деген».

«ЕМТИХАНҒА 2 МЫҢ ДОЛЛАР КЕТТІ»

Нұржан С. есімді талапкер де – ағылшын тілі емтиханынан ақшамен өткендердің бірі. Ол «тест жауабын сатып алу үйреншікті болып кеткенін» айтады.

– Таң қалмаймын. Былтыр да сатылған, биыл да сатылды. Бұл – үйреншікті

ҚазҰУ алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.
ҚазҰУ алдына жиналған талапкерлер мен олардың ата-аналары. Алматы, 12 тамыз 2013 жыл.

жағдай. Тест тапсырып жатқанда өзің танитын адамның фамилиясын атап түгендегенде, оның орнында басқа адам отырады, – дейді сұхбаттасымыз.

Емтиханға өзінің орнына басқа адамды кіргізгендердің бірі – Сандуғаш К. Магистратура грантынан үміткер Сандуғаш шет тілін білмейтіндіктен ағылшын тілінің сынағына «ерте қамданыпты».

– Жауап сататындарды да іздедім. Біразын таптым, бірақ сенімді болмадым. Кейін орныма ағылшын тілін жақсы білетін маманды кіргіздім. Барлығы 2 мың доллардай ақшам кетті. Маманға және тест тапсыратын университеттегі күзет қызметі мен тест қабылдаушы комиссияға да ақша бердім. Грант үшін нені аяймын. Кейін магиструраға түссем, стипендиядан қайтарып аламын ғой, – дейді ол.

«ЕМТИХАНДЫ ӨЗІМ ТАПСЫРДЫМ»

Ал Жанар Сәбитова есімді талапкер ағылшын тілін жақсы меңгергенін айтады. Магистратураның ағылшын тілі емтиханынан 78 ұпай жинаған Жанар қазір «бармақ тістеп отыр».

– Ағылшын тілін оқып, білім деңгейімді көтеріп, тестке өзім кіріп, 78 ұпай алдым деп қуанып жүрсем, ағылшын тілін білмейтін қарсыластарым 90 ұпайдың үстінде жинапты. Жағамды ұстадым. «My name is...» («Менің атым...») деп айта

Емтихан тапсыруға бара жатқан үміткерлер. Алматы, 5 маусым 2013 жыл. (Көрнекті сурет)
Емтихан тапсыруға бара жатқан үміткерлер. Алматы, 5 маусым 2013 жыл. (Көрнекті сурет)

алмайтындардың өзі жоғары ұпай жинап кетті. Мен енді өкініп отырмын. Білемін дегенше жауабын сатып ала салуым керек еді, – дейді ол.

Азаттық тілшісі «ағылшын тілі емтиханының жауаптары сатылды» деген дерекке байланысты Қазақстан білім және ғылым министрлігіне хабарласқан еді. Министрліктің телефон тұтқасын көтерген өкілі «тест сатуға байланысты ешқандай факт тіркелген жоқ» деп қысқа қайырды.

Қазақстанда жоғары оқу орындарына магистратура мен докторантураға емтихан тапсыру екі кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең – тамыздың 14-інде шет тілінен (ағылшын, француз, неміс тілінің бірі) тест тапсыру. Бұл емтиханды білім және ғылым министрлігінің комиссиясы қабылдайды. Талапкерлер ағылшын тілі тестінен (100 сұрақ – 100 ұпай) 50 ұпай жинаса ғана екінші кезеңге өтеді.

Екінші кезең – тамыздың 17-інде өтетін жазбаша емтихан. Үміткерлер жазбаша емтиханды өздері таңдаған оқу орындары комиссиясына тапсырады. Бұл сынақ кезінде талапкерге мамандығына байланысты үш сұрақ қойылып, жауабына сай баға (ең жоғарғысы – 100 ұпай) беріледі.

Екі кезең қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған үміткерлер магистратура немесе докторантура бойынша білім грантына ие болады.

XS
SM
MD
LG