Accessibility links

Назарбаев Украинаға байланысты ЕҚЫҰ-ны айыптады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Азиядағы сенім шаралары және өзара ықпалдастық кеңесі жиынында Ресей президенті Владимир Путинмен (ары қарап тұрған адам) сөйлесіп тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Азиядағы сенім шаралары және өзара ықпалдастық кеңесі жиынында Ресей президенті Владимир Путинмен (ары қарап тұрған адам) сөйлесіп тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл.

Астана экономикалық форумында сөйлеген Қазақстан президенті «күш қолданғыш елдерді» сынап, еркін нарыққа алаңдайтынын айтты.

«Украина қақтығысын шешуде ЕҚЫҰ-ның шарасыздық танытқаны бізді алаңдатпауы мүмкін емес. Оның бір себебі – ЕҚЫҰ басшылығының бұл ұйымды реформалайтын саяси ерік-жігерінің жоқтығы» деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның «кей елдердің өткен ғасырдан қалған жосықсыз әрекеттерді қайта жаңғыртқанына алаңдап отырғанын» да айтқан.

«Жанжалды күшпен шешу, ұстамсыздық көрсету әлемде қауіпті прецедент тудырып, шын мәнінде мемлекетаралық талас-тартыстарды күшпен шешуге ынталандырады» деді ол.

Қазақстан президенті бұл жиында санкция туралы да айтқан. Оның сөзінше, «санкция қолдану кең ауқымдағы еркін сауда мен еркін нарық принциптерін жоққа шығарады».

«Халықаралық қатынас тарихында мұндай саясат ешқашан жемісті болған емес, ол тек жаһандық экономикалық өсімге кедергі жасайды, жаһандық әділ экономикалық жүйе құрылуына бөгет тудырады» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Назарбаев ЕҚЫҰ-ны мамырдың 19-ында Қытайға барған сапарында да сынап, оған бәсекелес ретінде Азиядағы қауіпсіздік пен даму ұйымын құру жөнінде бастама көтерген. Қазақстан 2010 жылы бұл ұйымға төрағалық етіп, Астанада саммитін өткізген.

Ал Астанадағы экономикалық форумда Нұрсұлтан Назарбаевтың «мемлекетаралық мәселені күш қолдану арқылы шешіп отыр» деп қай елді меңзегені белгісіз күйде қалды.

Халықаралық қауымдастық биыл көктемде Қырымды аннексиялаған Ресейді айыптап, АҚШ пен Еуропа елдері Мәскеуге экономикалық санкциялар салған. Ал Қазақстан «Ресейдің Қырымға қатысты шешіміне түсіністікпен қарайтынын» білдірген.
XS
SM
MD
LG