Accessibility links

Украина дағдарысы Астананың экономикалық проблемасын көбейтеді


Қазақстандағы газ құбыры. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы газ құбыры. (Көрнекі сурет)

Ресейге жаңа санкциялар салынса, Қазақстан мұнай экспортының жаңа маршруттарын іздеуге мәжбүр болады. Бірақ Украина дағдарысы қазірдің өзінде экономиканың кейбір салаларына әсер етті.

Егер Мәскеу өткен аптада қол қойылған Женева келісімдерін орындауға күш салмаса, АҚШ билігі жуырда Ресейге қатысты жаңа санкциялар енгізу туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді. Қарулы ресейшіл сепаратистер Украинаның шығысындағы кейбір елді мекендердегі заңсыз басып алған мемлекеттік мекемелерді босатудан бас тартты. Дағдарыс Кеден Одағына мүше елдерге де әсерін тигізді.

ИРАН АРҚЫЛЫ ЭКСПОРТТАУ

Наурыз айында Норвегия мен Швейцария Ресейдің Қырымды қосып алуына байланысты Кеден Одағымен еркін сауда-саттық аймағын құру туралы келіссөздерін уақытша тоқтатты. Бұдан бұрын Жаңа Зеландия да осындай қадамға барған еді. Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне байланысты АҚШ пен Еуропа Одағы Ресейге қарсы жаңа экономикалық санкциялар саламыз деп сес көрсетті. Бұл санкциялардың зияны Беларусь пен Қазақстанға да тиюі мүмкін.

Ұзақбай Қарабалин.

Ұзақбай Қарабалин.

Қазақстанның мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин: «Ресейге жаңа санкциялар салынған жағдайда Қазақстан өз мұнайын Батуми порты арқылы тасымалдаудың балама мүмкіндігін қарастырады. Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия арқылы Қара теңізге шығуға күш саламыз. Ол жақта мүмкіндігі де мол, қуаты да мықты Батуми порты бар. Біздің Ақтаудағы порт 12 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдай алады. Оның үстіне, қазір Иранмен қарым-қатынастың жақсарып келе жатқанын мұқият бақылап отырмыз. Егер Иранға салынған санкцияларды алып тастаса, экспорт жолымыз дайын. Оны кезінде Ақтаудан Нека портына дейін пайдаланғанбыз» деп мәлімдеді.

САУДА-САТТЫҚ СОҒЫС ЕЛЕСІ

Сәуірдің басында Қазақстанның мемлекеттік бас дәрігері Украинаның бес өндірушісінің ірімшігін әкелуге және сатуға тыйым салу туралы қаулыға қол қойды. Бұған «ірімшік сапасы ақуыз, май және ылғалдылығы жағынан сәйкес емес» деген себеп аталды. Сәуір айының басында «Роспотребнадзор» дәл осындай себеппен әлгі өндірушілердің өніміне тыйым салған.

Былтыр Ресейден кейін іле-шала Қазақстан да Украина кәмпиттері мен құс етін әкелуге тыйым салған. Қазақстанның Ресей әрекетін қолдауы дұрыс па? Бұл Қазақстанды сауда-саттық соғысына арандату қаупін тудырмай ма?

Украина ірімшіктері. (Көрнекі сурет)

Украина ірімшіктері. (Көрнекі сурет)

- Жоқ, дұрыс емес. Бұл - абсурд. Баға қымбаттайды, оның ішінде халық тұтынатын тауарлардың да бағасы өседі. Ресурстарымызды сату қиындайды. Мына жағдайда рубльдің құны түседі. Бір Кеден Одағында болғандықтан, оған ілесе теңге де құнсызданады. Бензин де қымбаттауы мүмкін, - дейді Алматы қаласы тұрғыны Айдар Ерғалиев.

Ақтаулық тұрғын Марина Азаттық тілшісіне «Мемлекеттер арасында еркін тауар айналымы болуы тиіс. Украина тауарларын, көбінесе тамақ өнімдерін сатып алып тұрамын. Әрине, олар жоқ болса, басқасын алуға тура келеді. Меніңше, сауда-саттықты шектеу дұрыс емес» дейді.

ТАУАР АЙНАЛЫМЫ - 3,3 ПАЙЫЗ

Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы онша ауқымды емес. Қазақстан статистика агенттігінің дерегінше, былтыр екі елдің арасындағы тауар айналымы 4 миллиард 300 миллион доллар болған. Қазақстан 2 миллиард доллардың тауарын экспорттап, 2 миллиард 300 миллион доллардың тауарын импорттаған. Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы Украинаның үлесі - 3,3 пайыз.

Қазақстан Украинаға темір, марганец, хром, асбест, мұнай сияқты минералды ресурстарды, мұнай өнімдерін, минералды тыңайтқыштар және басқа заттар экспорттайды. Ал Украинадан көбінесе ет, қант, айран және кондитерлік өнімдер сияқты тағам өнімдерін, цемент, лак-бояу материалдарын, құбыр, құрал-жабдық, трактор сияқты өнеркәсіп тауарларын импорттайды.

Украинаның "Наступ" қоғамдық ұйымы Ресейде өндірілген тауарларды өртеп, наразылық акциясын өткізіп жатыр. Киев, 16 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинаның "Наступ" қоғамдық ұйымы Ресейде өндірілген тауарларды өртеп, наразылық акциясын өткізіп жатыр. Киев, 16 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал Ресей мен Украина арасындағы сауда қатынастарының көлемі мүлде бөлек. 2013 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 39 миллиард 500 миллион доллар болды. Украинаның тауар айналымындағы Ресей үлесі 25 пайыздан асады. Ресей – Украина нарығына энергоресурстар тасымалдайтын негізгі ел.

Ал сәуірдің 22-сі күні ақпарат агенттіктері «бір айдан кейін «Астана-Киев» бағытындағы пойыз қозғалысы тоқтайтынын» хабарлады. «Пойыз қозғалысы Украина тарапының өтініші бойынша тоқтайтыны» туралы ресми хабарланды.

(Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG