Accessibility links

Қол жинау аяқталар шақта Назарбаевтың сайлауға да, референдумға да әзір екендігі айтылды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Назарбаевтың президенттік өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуге үндеген бастамашыл топ 4 миллионнан астам қол жинағандарын жария еткен тұста Назарбаевтың кеңесшісі егер парламент алған бетінен қайтпаса, референдум өткізуден президенттің бас тартпайтынын мәлімдеді.


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамашыл топтың жетекшісі, Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, қаңтардың 10-ында Азаттық радиосына берген сұқбатында «Қазақстандағы барлық сайлаушылардың жартысы референдумды өткізуді қолдап отырғанын» мәлімдеді.

Ерлан Сыдықовтың айтуынша, бастамашыл топ 4,2 миллионнан астам қол жинаған және оның барлығын құжаттап, сейсенбі күні Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақ.



Қаңтардың 10-ы күні ҚазТАГ агенттігіне берген сұқбатында Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев:

«Президент сайлауға дайын. Бірақ егер парламент ветоны еңсеретін болса, президент референдум өткізуге де әзір. Ол әзірге сайлауға қатысам деген ниетте. Маған бұл туралы өзі айтты», – деген.

Өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өкілетін 2020 жылға шейін ұзарту жөнінде Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты республикалық референдум өткізу туралы ел парламентінің ұсынысын қабылдамай тастаған.

Қазақстандағы АҚШ елшілігі Назарбаевтың бұл шешімін қолдап, жұма күні мәлімдеме таратқан еді.

«Қазір талқыланып жатқан «референдум туралы мәселеге» қатысты ерекше немесе жеке бас мүддесі бар адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзатын, одан да маңыздысы Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи еңбегін жоққа шығаратын асығыс шешім қабылдамаса екен дегенді айтамыз», – делінген қаңтардың 7-сі күні АҚШ елшілігі таратқан құжатта.

Сонымен бірге АҚШ елшілігі «Қазақстан парламенті 80 пайыз дауыс жинаса, президент Назарбаевтың ветосы еленбеуі мүмкін» деген қаупін де білдіріп, референдум өткізудің халықаралық маңызды салдары болуы ықтимал екенін еске салды.

Бұған дейін Азаттық радиосы хабарланғандай, Қазақстан парламенті ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту үшін Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өткізуді сұрап, президентке өтініш жолдаған.

Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламенті қос палатасының бірлескен отырысы өтеді. Оның күн тәртібінде қандай мәселе қаралатыны әзірге жарияланған жоқ.

Былтыр маусым айында президент Нұрсұлтан Назарбаев өзіне «Елбасы» мәртебесін беру туралы заң жобасын қабылдаған парламент депутаттарының бастамасына рақмет айтып, оған қол қоюдан бас тартқан. Бірақ президент ол заң жобасына вето қоймаған соң, арада аз уақыт өткенде, Қазақстан заңнамасына сәйкес сол заң күшіне енген.

Былтыр 70 жасқа келген президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды үздіксіз басқарып келе жатқанына 20 жылдан асты. Ол соңғы рет 2005 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті болып жеті жылға қайта сайланған болатын.

Қазақстан президентінің кезекті сайлауы 2012 жылы өтуі тиіс.
XS
SM
MD
LG