Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 04:18

БАЛАМА ТАРИХНАМА

10 жыл бұрын Қазақстанның «жаңа байлары» соңғы рет демократия ойнап көрді

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы туралы арнайы зерттеу жасаған Индиана университетінің түлегі, Питцер колледжі деканының орынбасары Барбара Жүнісбай Азаттық радиосына 2001 жылғы қарашаның 18-і құрылған оппозициялық ұйымның не себепті сәтсіздікке ұшырағаны туралы сұқбат берді.

ҚДТ жетекшілерінің бірі Ғалымжан Жақияновты қолдап шыққан оппозициялық шерулердің бірі. Алматы, қаңтар 2005 жыл.
Мәтін көлемі - +

- Барбара ханым, бірнеше жыл бұрын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) атты оппозициялық қозғалыс туралы арнайы зерттеу материалын жариялаған едіңіз. Мақалада: «ҚДТ-ның маңызы зор, өйткені бұл қозғалыс клиентелистік саяси жүйеде жасалған аз ғана экономикалық либерализацияның өзі элитаның арасынан демократиялық реформа талап етушілердің шығуына түрткі болатынын көрсетті» деп жазыпсыз. 10 жылдан кейін бұл қозғалысты құрғандардың барлығына жуығы жаңағы «клиентелистік саяси жүйенің» өзінен қайта орын тапты, я келісімге келді немесе саясат туралы сөйлесуге құлықсыз бизнесмендерге айналды. Сіздің ойыңызша, сол бір демократиялық реформа талап еткен жас һәм амбициялы саясаткерлер не халге ұшырады?

- Меніңше, бұл сұрақтың жауабын төртке бөлуге болады. Біріншіден, өзіне қажетті «сен тимесең – мен тимен» жеке бас мәртебесін қайтарып алудың пайдасы шаш етектен екені кімге болсын түсінікті. Мұндай жағдайда өзіңіз бен жақындарыңыз үшін баюдың көзін қайта табасыз, әлемді емін-еркін шарлайсыз, Қазақстанның көршілерімен салыстырмалы түрде қол жеткізген экономикалық бостандығынан туындайтын барлық тиімді жағдайдың рақатын көресіз. Жалпы айтқанда, даулы саясатқа араласудан сақтансаңыз болды, алқып-шалқып өмір сүре аласыз.

Екіншіден, өзгерісшіл саяси реформаны талап етудің арты неге соғатыны да түсінікті болды. Бірқатар белсенділер мен биліктің оппозицияға кіргізген адамдарының бастан кешкен оқиғалары осыны көрсетеді. Яғни, мұның соңы мемлекеттік немесе өзге де жоғары қызметтен шеттетілу, түрмеге түсу, қудалану, я тіпті өлім құшуға соқтыруы мүмкін.

Үшіншіден, ҚДТ қозғалысының құрылуына катализатор болған Рахат Әлиев саясат алаңынан қуылды. Топтық әрекеттердің күшеюіне әсер етуші катализаторсыз ұйымшылдықты ұстап тұру да қиын. Дүниежүзі бойынша элиталық топтардың сипаттары ұқсас болғанымен, ешбір елде бір дене құсап үйлесімді түрде қозғалатын біртұтас элита болмайды. Ұстанатын пікірі, қолданатын тәсілі, мақсатқа жетуге қатысты ынта-жігері әртүрлі адамдар қайда болсын жетерлік.  Бәсекелес фракциялар мен тұлғалар тіл табыса алмай қалып жатады. Мұндай бәсеке мен ой-пікірдің алуан түрлілігін ескеретін болсақ, саяси қозғалысты сақтап тұрудан гөрі я іштен, я сырттан бөлшектеп жіберу әлдеқайда оңай. Олардың һәммасына төнген қатер ғайып болысымен реформа жасау қажеттігі соншалықты шұғыл мәселе болып көрінбей қалады да, жүйенің ішіне қайта кіріп қызмет жасауға деген ынтызарлық арта түседі.
Барбара Жүнісбай, Лос Анджелестегі Питцер колледжінің Қазақстан бойынша жетекші маманы.
​​
Төртіншіден, реформашылдардың қарапайым халықтан қолдау табуға құлықсыз болғандығына баса назар аудартар едім. Реформашыл қозғалыстарға элиталық және бұқаралық қолдау қажет екені анық. Көптеген себептерге байланысты, оның ішінде мемлекеттік қудалау да бар, элитаның қара халыққа сенбеуі, қара халықтың элитаға сенбеуі де бар, осындай Қазақстандағы элита бастаған оппозиция қажетті көпір орнатуға қауқарсыз болып шықты.

- Сол ғылыми зерттеуіңізде билеуші топтың ішкі шеңберіне кіру үшін ғана тартысатын Африкадағы неопатрионалдық режимдердің элитасы сияқты емес ҚДТ жетекшілері жеке мүдделерін күйттеумен бірге идеология да ұстанды деп жазасыз. Бұлардың идеологиясы мен жеке бас мүддесін сипаттап бересіз бе?

- ҚДТ-ның бақылаушылары – бейтарап партиялар, жақтастары мен қарсыластары және бірқатар ұйымның негізін қалаушылар да қозғалысты құруға материалдық немесе экономикалық мүдде түрткі болғанына нұсқайды. Бұлардың кейбірі – көздің құртына айналған табиғи ресурстар саласындағы бизнес жобаларға қатыса алмай көңілі қалғандар еді.

Басқалары президент отбасының мүшелері тарапынан қысым көріп, бизнесінен айрылған немесе қоқан-лоқыға ұшырағандар болатын. Осылайша оларды демократиялық лагерьге қуып тықты десе де болады. Өйткені олар саяси реформалар мен заңның күшін жеке меншік құқығы әлсіз һәм әлімжеттікке жиі жем болатын қоғамда бизнестерін қорғап қалудың бір жолы ретінде қарастырды.

Осы демократиялық ашықтықты талап етуде идеология да рөл ойнады деуге болады, ал заңды сыйлауға шақыру арқылы ҚДТ-ның іргесін қалаушылар өздерінің материалдық мүдделерін қорғамақ болды. Өздерінің өрісі тар саяси мақсаттарын кең ауқымды етіп те көрсетті. Негізгі мәселе, менің түсінуімше, бұл идеология пісіп-жетілмеген еді. Бұл тек қана ҚДТ мен Қазақстанға ғана тән құбылыс емес, барлық бұрынғы совет республикаларынан табылатын сипат. Бұл елдерде партиялар бір-бірімен еш сәйкеспейтін идеологияларды бір мезетте арластырып ұстана береді, я болмаса батыстың партиялық платформаларын мәнісін терең түсінбей жатып, көшіріп ала салады.

Бірінші сұраққа қайта оралар болсақ, Қазақстан үкіметінің ҚДТ-ның платформасының аспектілерін қабылдап ала қойғанын, сөйтіп президент билігін әлсіретпей-ақ демократия талаптарын қанағаттандыратындай икемділік танытқанын көреміз.

- 2000 жылдардың басында сіз бірнеше жыл Қазақстанда ЮСАИД-тың ақпарат қызметкері ретінде қызмет істеп жүріп, саяси оқиғаларды жақыннан бақылауға мүмкіндік алдыңыз. Рахат Әлиевтің Қазақстан саясатындағы ықпалды тұлға һәм президенттің күйеу баласы болған кезінде ҚДТ құрылтайшыларының шешіміне қаншалықты әсер еткенін де жақсы білуіңіз керек. Сол кезде ҚДТ жетекшілері оны рейдерлік жасады деп айыптады, Рахат Әлиев болса, Азаттыққа берген сұқбатының бірінде ҚДТ-ны «Назарбаевтың жобасы» деп атады. Қалай ойлайсыз, Рахат Әлиевсіз ҚДТ-ның пайда болуы мүмкін бе еді?

- Әлиев болмаса ҚДТ пайда болар еді деп ойламаймын. Жоғарыда айтқанымдай ол шешуші катализаторға, сол сәтке дейін Қазақстанда қалыптасқан патрон-клиенттік жүйенің кемшіліктерін айшықтайтын символға айналды. Элиталық топтардың баршасы оны жек көрді, оған себебі де бар еді. Сол себептердің бастысы сіз айтып өткендей көзге бадырайып көрінген және өте агрессивті рейдерлік әрекеттеріне қатысты айыптаулар еді.

Әлиевке қатысты президент Назарбаев тұтас элитаның қажеттіліктері үшін өз отбасының немесе ішкі шеңбердің мүшесін жазалай алатынын көрсетті. Бұл ойлы қадам еді, өйткені осы әрекет президенттің отбасы саясатынан жоғары тұратын әділ қазы да бола алатынын көрсетеді. Бұл сонымен бірге президент араласпай қалып, статус-квоға көңілі толмайтындардың көбірек қолдауына ие болатын жағдайда тууы мүмкін қақтығыстың нышандарын айшықтайды. «Не болар еді» деген жағдаймен салыстырғанда «не болғаны» көбірек қонымды болып тұр!

- Соңғы уақытта ұсынып жүрген ғылыми тезистеріңіздің бірінде Қазақстандағы саясаттың негізгі қозғаушы күші кланаралық бәсеке емес, қаржылық-өндірістік топтар деген сияқты ой айтасыз. ҚДТ-ның жағдайында қаржылық-өндірістік топтардың, дәлірек айтқанда президент Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы, елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаевтың позициясы қандай болды?

- Бұл сұраққа жауап беру маған қиынырақ соқпақшы, бірақ сонда да көрейін. Рахат Әлиевпен салыстырғанда Тимур Құлыбаев көбіне тасада тұрады, қатты саясиланбаған және өзге элиталық топ мүшелерінің күн көруіне және иерархиядағы позицияларына қатер төндіретіндей амбициясы жоқ.

Менің ойымша, элиталық топтар президент отбасының мүшелері экономикада белгілі бір орынға ие деп таниды, сондықтан осы мәртебесіне сай отбасы мүшелерінің көп ақша табуы және шешуші саяси позиция ұстануы «қалыпты жағдай» болып саналады.  Сол себепті ҚДТ-ны құрғандардың да осындай жалпы «отбасы ережесіне» үзілді-кесілді қарсы болуы міндетті емес еді. Бірақ, отбасының нақты бір мүшесі өте белсенді түрде және ашкөздікпен элитаның бизнес мүдделеріне шүйлігетін болса, жүйенің қалайша басқарудан шығып кететіні көрініп қалды.

Қазақстанды ерекше мысалға айналдырып тұрған екі нәрсе – оның табиғи қазба байлықтары мен президентінің жүзеге асырған экономикалық реформалары. Осының нәтижесі ретінде экономикалық әлеуеті мен қаржылық қоры, мысалы көрші Қырғызстанмен салыстырғанда, әлдеқайда зор. Сондықтан осы дәулеттен үлес тарату элитаның басын ноқтадан шығармайтын аса тиімді тұрақтандырушы күшке айналады.

Өзін заңнан жоғары қоя бастаған және шектен шығуға шақ қалған Рахат Әлиевтен төнген қатерге қатысты президенттің жасаған әрекеті оның саяси өмірін де, қазіргі жүйенің оған деген бағыныштылығын да ұзарта түсті. Бұны Қырғызстанның алғашқы екі президентімен салыстырып көріңізші, олардың балалары элитаның бизнесін тартып алып, өздерін шеттеткені соншалықты - қайта қалпына келмейтіндей дәрежеде асқындырып алды. Бұл президенттер элитаның қолдауынан айрылған сәтте биліктен бірден қуылды.

- Соңғы сауалым, неліктен ҚДТ Қазақстандағы саясатқа ұзақ мерзім бойы әсер етуші саяси феноменге айнала алмады және бұл қозғалыстың жүзеге аспаған миссиясын бір ауыз сөзбен қалай анықтар едіңіз?

- ҚДТ ең бірінші пайда болған сәтте бұл оқиға көптеген жұртты қатты шабыттандырды. Қазақстандағы саясатты қызықты ештеңе болмайтын батпаққа теңеп жүрген кейбір адамдарды білуші едім, солардың өзі мынадай танымал, жас, қолдарында билігі бар, талантты жас элита мүшелерінің оппозицияға «қосылғаны» өздерін жігерлендіріп жібергенін айтып жатты.

Әйткенмен біраз уақыт өте келе «ескі» оппозиция өкілдерінен сұқбат алғанымда, «жаңа» оппозицияның өзін сапалық жағынан артық санағаны туралы білдім. Менің ойымша, олардың осындай бір тәкаппарлығы, қаттырақ айтар болсам, және «жаңа» оппозицияға әлеуметтік топтар табиғи одақтас бола алады деп сенбеуі ҚДТ-ның күйреуіне бір себеп болды. Бірақ, ҚДТ-ның алға басуына көптеген факторлардың қатарынан кедергі болғанын айта кету керек. Үкіметтің күш қолдануға көшуі, кейбір бақылаушылардың бұғып қалуы, кейбірінің немкеттілігі, орыстілді және қазақтілді ортаның арасындағы бөлініс, елдің ұлғая бастаған экономикасының арқасында қазақстандықтар үшін жалпы алғанда тұрмыстың жақсара бастауы, менің пікірімше, ҚДТ-ны әлсіреткен негізгі факторлар осылар болды.

2007 жылы өткен оппозициялық жиындардың бірінде топтың ішінде маған жақын тұрған бір әйелдің «Әй, байғұс жігіттер-ай! Бұлар жеңіп шықса, осыдан бірдеңе шықса екен деп тілейсің келіп. Бірақ, түк те шықпайды...» дегенін естідім. Мен үшін осы сөз қорытынды сияқты.

- Сұқбатыңыз үшін көп рақмет.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: ара Қайдан: ұядан
18.11.2011 09:19
+0 / -0

Үшіншіден, ҚДТ қозғалысының құрылуына катализатор болған Рахат Әлиев саясат алаңынан қуылды.

============================

ОСЫ ЖЕРІН НАҚТЫЛАП КӨП АДАМДАР БІЛЕ БЕРМЕЙДІ. КЕЙБІР АДАМДАРДЫҢ ТҮСІНІГІНШЕ ҚТД ҚОЗҒАЛЫСЫ ДЕМОКРАТИЯНЫ ОЙЛАП ЖӘНЕ ХАЛЫҚҚА ЖАНЫ АШЫҒАН АЗАМАТТАР ҚҰРДЫ ДЕП ТҮСІНЕДІ.
ал расы бұл азаматтардың бәрі шетінен бизнесмен болган кезінде.
сосын байлық арқылы билікке келді. Сол кезде биліктің бір тізгіні Рахат Әлиевте болды.
Ол жоғары жакта журген бизнесмендерден унемі алым салык алып турды. Буган басында шыдаган жас бизнесмен шенеуніктер артынша НӘНге шагымданады. Бірақ НӘН олардың шағымына құлақ аспайды.
Басқа шаралары қалмаган жас бизнесмен шенеуніктер НӘНге қарсы шыгады. Жай қарсы шыкпай халыктын сөзін сөйлегенсіп партия құрады.
Батыстың сайқал саясатын елімізге насихатамак болады. сол аркылы батысқа арқа суйемек болады.
бірақ...

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
18.11.2011 09:23
+0 / -0
айтпақшы қазір Ғалымжан Жақиянов қайда жур?
оның турмеде отырып жазган кітабының электронды нұсқасы бар интернетте?
Пікір алмасу

Кімнен: Сәкен Қайдан: Алматы
18.11.2011 23:25
+0 / -0
Ғалымжан шетте емделуде жүр. Түрме құрта жаздаған денсаулығы 90 пайыз түзелді. Бірақ оған Қазақстанда болу қауіпті. Оның бұрынғы әкім кезіндегі орынбасарын сегіз жылдан кейін қайтадан іс қозғап, Ресейде қызмет істеп жүрген жерінен алдырып, тергеумен есін шығарып жүр деп естідік. Өйтсе, биліктің ол қарекеті - Ғалымжанды бір пәлеге ұрындыру. Содан анық хабар алған Ғалымжан осындағы достарының қорғауымен мұндағы үйіне бір-екі күнге келіп-кетіп қана жүр.Түрмеден шығармай өлтіріп үлгіпмеген билік оған тісін қайраулы. Азаматқа амандық тілейік! Қара бұлт сейілерде қауышуға жазсын алла!
Пікір алмасу

Кімнен: Куәгер
19.11.2011 02:22
+0 / -0
Ғалымжан Жақияновтың және 2001 жылдың қарашасында онымен бірге авторитарлық билікке қарсы шыққан өзгелердің батылдығы құрметке лайық. Алайда, сонымен бірге, ДВК-ның ең үлкен қателігі - қара халықтың арасындағы көңіл-күйді дұрыс білмеуінде болғанын да айта кету керек, ақиқат үшін. Күллі республика көлеміндегіні айтпай-ақ, қояйын, 32 жасында Назарбаев Семей облысына әкім болып тағайындаған Жақияновтан жаңа заманға лайық демократиялық бағытта жұмыс жүргізеді деп үміт күткен сол кездегі "Азат" қозғалысында болған әріптестерімнің, жұмсартып айтқанда, түсінбеушілігін туғызған істері аз емес еді.

Соның ішіндегі ең бастысы, 1990-шы жылдардың басында демократиялық ұрандарды белсенді пайдаланған жас азаматтың басшы қызметке отырысымен облыс көлемінде жауапты қызметтерді кешегі сірескен партия-совет заманының тоңмойын шенеуніктеріне тапсырғаны дер едім. Биліктегі басшы қызметтерге компартия кезіндегі "махровый партократтар" келуі көп ұзамай өз "жемісін" берді. Оның бәрін тәптіштеп жатпай-ақ қояйын, тарихын білгісі келгендер сол кездегі облыстық және кейбір республикалық тәуелсіз баспасөзді ақтарса табады. Осы арада айта кетейін, кейіннен, сол адамдардың бәрі "опальный әкімнен" сырт айналып, журналистерге сұхбатында ДВК туралы "халық жауы" дегенге пара-пар пікір айтқандарын құлақ естіп, көз көрді.
Пікір алмасу

Кімнен: Куәгер
19.11.2011 02:36
+0 / -0
Билікке келген жас әкім тәуелсіздігін енді алған Қазақ қоғамы үшін өте маңызды - демократия құндылықтарын мойындайтын, советтік-партиялық кезеңдегі сыңаржақ көзқарастан ада, жаңаша ойлайтын адамдарды емес, керісінше, ескіден қалған, (себебін кейін білгенімдей) негізінен бұрын әкесінің көзін көрдім деп келген жылпос-жылмақайларға билік тұтқаларын ұстатқаны үшін сол кездегі саны шамалы оппозиция өкілдерінің сынын, "қазақстандық Немцов" (оны сол кездегі басылымдарда солай деп те атайтын) құлағына ілмеді. Жаңа әкімнің маңайындағы достары, қайдағы бір бандиттер облыстағы сүбелі орындарды өз қарамағына алып қалуды негізгі мақсат еткені ащы шындық. Әрине, осының бәрін саралауға кейін, түрмеде кө-ө-ө-п уақыты болғанда, Ғалымжанның өзі де ой елегінен өткізген болар. Ал Жақияновтың басына қиын-қыстау күн туған кезде оның бостандығы үшін наразылық акцияларына шығып, билікке талап қойғандардың арасында әлгі партократтардың бір де бірі болмағаны, неігізінен баяғы сол ескіден келе жатқан демократ-оппозиционерлер мен ұлт патриоттары ғана қалғаны - ол да шындық.

Кімнен: Ауылдың қазағы Қайдан: Алматы
18.11.2011 10:35
+0 / -0
Байшыкештердің өз қара бастары мен харам байлықтарын қорғауға құрылған жалған "оппозициялары" болмағанда анау Таразда және басқа жерлерде орын алып жатқан халық дүмпулері баяғыда басталған болар еді! Осы оппозициясымақтарға сеніп қалдық қой ол кезде! Оппозициясымақтардың жалған митингілерінде малақайларымызды аспанға атып уралап, оларға легионерлер де болып кеттік емес пе!,, Босқа алданған, сандалтып қойған уақыт-ай! Содан бері ұрлықы жемқор жүйе де күшейіп алды. Ендігі жерде Ұрысұлтанды тақтан тайдыру қияметтің қияметі болар ма екен деген қауыптың бары да шын...
Қашқын "серкелердің" миллиардтаған ұрлықы ақшаларына әлі күнге дейін сүлікше жабысып, халықты алдап жүргендер әрине өлмес жерлерін білетін мерездер. Билікпен өтірік күресіп жүріп, өздерін керемет саясаткер, данышпан, күрескер көрсететіндерін қайтерсің! Олигархтардың қаржысына семіріп, есек құрттары мұрындарынан түсіп отырып тағы да былайғы жұртты кінәлап "мен сүйттім, мен бүйттім, сен неге сүйтпейсің, сен неге бүйтпейсің, анау биліктің адамы, мынау биліктің жарапазаншысы" деп айдап салып, не болмаса бір-бірімен төбелестіріп қою ол да бүгінгі күннің көрінісі...

Кімнен: ДВК диагноз
18.11.2011 11:18
+0 / -0
...Төртіншіден, реформашылдардың қарапайым халықтан қолдау табуға құлықсыз болғандығына баса назар аудартар едім. Реформашылар қозғалыстарға элиталық және бұқаралық қолдау қажет екені анық. Көптеген себептерге байланысты, оның ішінде мемлекеттік қудалау да бар, элитаның қара халыққа сенбеуі, қара халықтың элитаға сенбеуі де бар, осындай Қазақстандағы элита бастаған оппозиция қажетті көпір орнатуға қауқарсыз болып шықты...

ДВК-ның іске аспауына негізгі себеп - осы анықтама.

Кімнен: ДОк Қайдан: Жердің бір жерово
18.11.2011 11:48
+0 / -0
елдің ұлғая бастаған экономикасының арқасында қазақстандықтар үшін жалпы алғанда тұрмыстың жақсара бастауы, менің пікірімше, ҚДТ-ны әлсіреткен негізгі факторлар осылар болды.
-------------------------------------------------------------
Әттең экономика ұлғая бастады, болмаса қазір аш-жалаңаш, бірақ ҚДТ мен өмір сүретін еді, бұлар (қазақтар) - деген пікір түсінікті, Пиндостандарға біздік қарынымыз тойғаны не керек, одан да олардың "демократия" түсініктері бойынша, ел қазбалары қолдарында болғаны артық

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
18.11.2011 12:08
+0 / -0
Индиана университетінің түлегі, Питцер колледжі деканының орынбасары Барбара Жүнісбай
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Бұл кім өзі қазақ па басқа түркі текті ұлттан ба?Әлде сонау 90-шы жылдары АҚШ-қа сатылған қара көздеріміздің бірі ме?әй,бірақ оқуға барып американдыққа күйеуге тиген қазақ шығар.Кім болса да Қазақстанды АҚШ жіті бақылап зерттеп отыр десеңші...
Пікір алмасу

Кімнен: Модератор
18.11.2011 14:26
+0 / -0
Құрметті аты-жөні белгісіз оқырман! Барбара Жүнісбай ханым қазақпен тұрмыс құрған АҚШ азаматы һәм Орталық Азияны зертеу бойынша әлемдегі ең үздік ғылым орталықтарының бірі саналатын Индиана университетінде докторлық диссертация қорғаған жас зерттеуші-ғалым. Назар аударып, мәлімет сұратқаныңыз үшін рақмет айтамыз. Азаттығыңыз

Кімнен: Бекіре балығы Қайдан: Каспий теңізі
18.11.2011 13:46
+0 / -0
Бұл Барбара ЦРУ-дың агенті ғой! Өте сақ болу қажет қазақтарға!

Кімнен: Жас түрікшіл Қайдан: Қазақстан
18.11.2011 19:36
+0 / -0
Еркіндік идея үшін күрескен Ғалымжан Жақиянов сияқты жігіттер билікке келмей ештеңе өзгермейді. Қазаққа жаны ашитын адал жігіттердің бір еді. Ал Мұхтар да, Асылбек Қожахмет сияқты жігіттер ақшаны жақсы көретін болып шықты. Адамдардың сенімін сатып кетті. Бутя өзінің интервьюінде біраз нәрсенің басын ашыпты ғой. Әлиханның рөлі қандай болғаны белгілі болды. Нәтижеде Алтынбек сияқты ақылды жігіттерден айырылып қалдық. Жалпы ДВК көтерген идеялар дұрыс еді. Өкіншіке орай советтік коммунистік номенклатура жастарды жеңіп кетті. КПСС-тің Саяси бюросы тәжірибесі мықты боп шықты...Биліктен тас кенеше жабысып айырылмай қоятыны бар...Демократия жаман нәрсе емес еді. Қазақтар одан ұтпасақ, ұтылмас едік...Енді авторитаризм былығынан шыға алатын емеспіз. Бұған діни радикализм келіп қосылды...
Пікір алмасу

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
21.11.2011 11:18
+0 / -0
ДВК-ны алдымен сатқан сенің Бутяң емес пе!!!

Кімнен: DDoS-шабуыл Қайдан: Тау
18.11.2011 21:36
+0 / -0
Барбарасын білмейм, еврейден қыз алсаң қызметің өседі дейт. Сол рас па? Әй бірақ еврейдің қыздары өздері таңдап алады дейт.

Кімнен: Сәкен Қайдан: Алматы
18.11.2011 23:15
+0 / -0
Бұл Барбара дегенің қазақты сырттай да жөнді білмейтініне қарамай, анау Рахат Әлиев болмаса, "Қазақстанның демократиялық таңдау" қозғалысы болмайтын еді дегендей бірдеңені айтыпты. Білмейтінін білем дегеннен сорақы ештеңе жоқ. Ол Ғалымжан Жақияновтың кім екенін де білмейтін біреу ғой. Алтынбекті де естімеген болар. Әйтпесе Рахат Әлиев себепші болды деп, онысыз құрылған қозғалысты кемітпес еді.
Пікір алмасу

Кімнен: Түсіндіруші
19.11.2011 04:47
+0 / -0
Алтынбекті де естімеген болар. Әйтпесе Рахат Әлиев себепші болды деп, онысыз құрылған қозғалысты кемітпес еді.
***************************************************************
Cәкен! Мақаланың мазмұнын теріс қарай түсініпсің!
Мен саған мына бір мысалмен түсіндірейін.
Мысалы, күзде қырғи келгенде торғайлар топ болып ұшып жүреді. Ал, қырғи жоқ кезде топталмай-ақ әрқайысы жеке ұшып жүре береді.
Бұл жерде қырғи дегеніміз-Рахат Әлиев болады.
Қазір Раха кетіп қалып еді, "торғайлар" (оппозиция)шашыраңқы күйге түсті.
Енді түсіндің бе?
Сәкен, сенің әдебиеттен сабақ берген мұғалімің нашар болған-ау деймін!?
Мақаланы қайта-қайта оқи бер.
Ертең түсінігіңді айтып бересің.
Пікір алмасу

Кімнен: Сәкен Қайдан: Алматы
22.11.2011 09:58
+0 / -0
Түсіндіруші, сен мені түсінбепсің. Барбара деген: Рахат Әлиев болмаса, ҚДТ тумас еді деді. Мәселе соның теріс түсінігінде.Рахат бұл дүниеге келмеген болса да, ҚДТ бір жыл ары, бір жыл бері - бәрібір туар еді.Ол елдің, халықтың жағдайы ауырлап бара жатқан соң құрылды. Ғалымжан Жақияновтың кітіаптарын оқымаған екенсің. Р.Әлиев оларға сылтау, қайынатасын бірден өз жақтарына қаратып алуға керек әдіс еді. Назарбаев ә дегенде, "қырғиының" астыртын қылықтарына көзі жеткенде, одан шошып, жас демократтарды қолдады, бірақ артынша қызы мен Рахатының өзіне жариялаған байкотынан қорқып, Қасымжомарт Тоқаев арқылы ҚДТ қозғалысын күйретті. Рахат бірде ҚДТ-ға өзінің бүйрегі бұрғаны туралы оттаған, сірә, Барбара сонысын оқыған да, сеніп қалған. Мен сол қателігін ғана айттым емес пе? Менің мұғалімім сенен гөрі сауатты еді. Ол оппозицияны кім, қалай шашыратқанын екеуімізден жақсы біледі,

Кімнен: men Қайдан: mongolia
19.11.2011 12:06
+0 / -0
Galymjan Tolen 2 mongoliada jer bailygy letsezia men ainalysyp jur. aytkan auyzyna jete almai uturikdi sudai simirip mangoldardy aldaidi. ia uzi riza ne deimiz!!!

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
21.11.2011 01:55
+0 / -0
оооооооооооо

Кімнен: Аты-жөні көрсетілмеген
29.11.2011 06:31
+0 / -0
Халыққа Жақиянов қандай жағдай жасады Өз қалтасын толтырғаннан басқа

Кімнен: СолДАТ Қайдан: Алматы
02.12.2011 16:04
+0 / -0
Турмеде отырып жазган Жакияновтын кітабын оқысаң талай нәрсеге қанық боласың. Әрине, оның жазғанының бәрі ақиқат деп айта алмаймын. Дегенмен сол тұстағы Рахаттың "еркелегі" Жакиянов бастаған азаматтардың қатты ызасына тигені байқалады. Оның үстіне кез келген шараға Президенттің "грев" жинайтынын да талайлардың жынына тиген...Ал бөлінушіліктің артында Назарбайдың өзі тұрғаны сөзсіз.