Accessibility links

Жақсылық Досқалиев 7 жылға сотталды


Жақсылық Досқалиевтің жақындары cот үкімінен кейін оған көңілдерін білдіріп жатыр. Aстана. 5 тамыз 2011 жыл.
Жақсылық Досқалиевтің жақындары cот үкімінен кейін оған көңілдерін білдіріп жатыр. Aстана. 5 тамыз 2011 жыл.

Тамыздың 5-і күні бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі бойынша үкім шықты. Сот Досқалиевтің мүлкін тәркілеп, өзін 7 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуге кесті.


Астана қалалық қылмыстық істер бойынша арнайы аудандық соты осылайша прокурор сұраған жаза мерзімін өзгертпей, үкім шығарды.

«ПРОКУРОР МЕН СОТТЫ АЛДАП ҮЛГЕРГЕН ЕКЕН»

Осы уақытқа дейін айыпталушы жақ прокурордың ұсынысын тым қатал деп бағалаған еді. Тамыздың 5-і күнгі сот үкімі шыққан кезде Жақсылық Досқалиев «маған қарсы куәлік бергендер прокурор мен сотты алдап үлгерген екен» деді.

Оның жақындарының бірі үкімді естігенде шыдамай, сот залынан жылап шығып кетті.

Астанадағы Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Жақсылық Досқалиевті сот залынан тұтқындап әкетті.

Ал «пара берді» деп айыпталған азамат, Астанадағы медицина академиясының бұрынғы проректоры Нұрлан Дүйсәлиев жасалған қылмыстың уақыты өтіп кетуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

Бұл тек бірінші эпизод бойынша шешім екенін ескерте кету керек.
Яғни бүгін Жақсылық Досқалиев Астанадағы медицина академиясын
Жақсылық Досқалиев ректор болған кезде Медицина академиясында салынған екі үйдің бірі. Астана, 20 мамыр 2011 жыл.

басқарып отырған кездегі оқу орнына тиесілі үйлер құрылысына қатысты шешім шықты. Тергеу бойынша, Досқалиев «Астана КБТ» ЖШС-іне жер беріп, сол үшін тоғыз пәтер сыйға алған. Осылайша мемлекетке 673 миллион 487 мың теңге көлемінде зиян келгені хабарланды.

АЛДА ТАҒЫ БІР ЭПИЗОД ҚАРАЛАДЫ

Ал жалпы бұл істе барлығы үш эпизод бар. Ғылыми зерттеу институтының құрылысына байланысты екінші эпизод осы аптада басталған жарыссөз кезінде жабылса, «Телемедицина» бағдарламасына қатысты үшінші эпизод жеке сот өндірісіне жіберіліп, жеке қарастырылмақ.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қатысты қылмыстық іс өткен жылдың қыркүйек айында қозғалған болатын.

Шамамен жарты жылға созылған тергеу амалдарынан кейін бұл іс бойынша сот 2011 жылы мамырдың 19-ы күні басталған еді.

Оған әуел баста қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаржысын
жымқырды, аса ірі мөлшерде пара алды деген айыптар тағылды.

Кейін прокурор айыпты жұмсартып, «бұрынғы министр Астанада көп пәтерлі тұрғын үй салған кезде аса ірі мөлшерде пара алды» деген айыпты ғана қалдырған.

Екі жарым айға созылған сот процесінде барлығы 83 том қылмыстық іс зерттеліп, 200-ден астам адам куәлік берді. Олардың арасында Досқалиевтің көптеген әріптестері де болды. Олар сотталушының
Жақсылық Досқалиев министр болған кезде салынып біткен жедел жәрдем ғылыми зерттеу институты. Астана, 1 шілде 2011 жыл.

Қазақстан медицинасына қосқан үлесі ерекше екенін айтып, соттан соны ескеруге шақырған еді.

Ал бұрынғы министр сотта өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамайтынын айтты.

55 жастағы медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев денсаулық сақтау министрі қызметіне екі рет тағайындалған еді.

Алғаш рет министрлікті 2001-2004 жылдары басқарса, 2004 жылы сәуір айынан бастап Астанадағы медицина академиясының ректоры болып тағайындалды.

2007 жылы тамызда президенттік «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ал 2008 жылы қарашаның 20-сы күні ол президент жарлығымен денсаулық сақтау министрі болып қайта тағайындалған.

Жақсылық Досқалиевке байланысты қылмыстық іс ол осы министрлікті басқарып отырған кезде қозғалды. Ол - 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Үйленген, екі баласы бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG