Accessibility links

Кезінде із-түзсіз кеткен ирактықтардың біразының мәйіті ортақ қабірлерден табылып жатыр


Саддам Хусейннің билігі тұсында ондаған мың ирактық ұшты-күйлі жоқ боп кетіп жататын. Олардың біразы өлтіріліп, келесілері түрмелерге жабылушы еді.

Ортақ қабірлерді ашу барысында, сондай жоғалып кеткендердің кейбірінің деректері табыла бастады.

Отыз жылға жуық билік басында болған кезінде Саддам Хусейн өзіне қарсы шыққандарды айрықша тәсілмен жазалап отырса керек. İзім-қайым жоғалып кеттіге саналған ондаған мың ирактықтардың біразы көп өтпей-ақ жер жастандырылып, ортақ қабірлерден бір-ақ шығып отырған.

Оған дәлел ретінде өткен апталарда Ирак жерінде жүздеген осындай ортақ қабірханалардың табылғанын айтуға болады. Мұнда жерленген адамдардың нақты кімдер екендігін анықтау үшін бірнеше айлар, бәлкім жылдар қажет болар-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Чарлз Рекнейгл.

Ең үлкен деген ортақ моладан үш мыңдай адамның мәйіті шыққан екен. Ирактықтардың пікірінше тағы осындай жүздеген жерлер бар болуы мүмкін. Көптеген мәйіттер ондаған жылдар бойы топырақ астында қалуы себепті, құр қаңқаға айналған. Ауыл маңындағы төбе басына орнатылған стөлдер үстінде сүйектер мен киімдер қиқалары үйіліп жатыр. Қаптаған жұрт, бір кездері өздері көз жазып қалған аяулыларынан бір белгі табылып қалмаспа екен?-деген үмітпен әлгі заттарды әрлі-берлі қарауда.

Азаттық радиосының тілшісі Валентинас Мите өткен айда Мусаябқа жақын маңдағы осындай бір төбешікте болып қайтқан еді. Қазылып алынған бірнеше киім қалдықтарының ішінен өз бауыры Абастың заттары болуы мүмкін-, деп теріп алған қиқымдарды Әбид Хашем деген азамат жерлеу үшін үйіне алып бара жатты.

“Бауырымның заттары болуы мүмкін-, деп мына заттарды алып барамын. Бауырымдікі екендігіне 100 пайыз көзім жетпегендіктен де мен сүйектерді алмадым-, деді Хашем мырза Азаттық радиосы тілшісіне берген сұхбатында. Хашем мырза мамыр айында Иракта алғашқы ортақ қабірлер ашыла бастағалы бері өз бауырының мәйітін тынымсыз іздеумен келеді.

Осы көптеген ортақ қабірлерде, 1991-ші жылғы Парсы Шығанағы соғысы барысында Саддам өкіметіне қарсы көтерілген шиилердің мәйіттері жатыр-, дейді куәлар Азаттық радиосы тілшісіне берген сұхбатында. Мысалы, Мусаяб ауылының тұрғындары әлгі марқұмдарды кімдердің өлтіргендерін өздерінің білетіндіктерін айтуда. Олар негізінен Баас партиясының жергілікті өкілдері екен.

Коалиция күштері Бағдатқа енісімен Баас партиясының әлгіндей өкілдері өз туған жерлерінен мейлінше аулаққа кетіп, бой тасалауды жөн көрсе керек. Ортақ қабірлерге көмілгендердің басым бөлігі, осылайша елдегі шиилер өкілдері болуда.

Соған қоса, елдің солтүстігіндегі Ирак күрдтерінің 1980-ші жылы Саддам билігіне қарсы көтерілгендері осындай ортақ қабірлерден бір-ақ шыққан екен. Зерттеулердің көрсетіп отырғанындай, 30 жылдық Саддам Хусейн билігі барысында ел бойынша сандаған мың адамдар өзінің діни және етникалық ерекшеліктеріне бола, осылайша жер жастанған-, дейді мақала авторы.

Қазіргі кезде елдегі барлық түрмелер дерлік бос қалған. Оның басты себебі, соңғы Ирак соғысы басталар қарсаңда Саддам Хусейн түрмелердегі тұтқындарға жаппай кешірім жасаған екен. Ал, сарапшылардың айтуынша, әдетте қауіпсіздік қызметінің құпия түрмелеріне жабылатын саяси тұтқындар да өлтірілген болуы ықтимал.

Ортақ қабірлердегі мәйіттердің кейбірі кувейттіктерге тиесілі болуы мүмкін. Себебі, 1990-шы жылы Саддам Хусейн күштері Кувейтке басып кірген кезде, олар 600-дей сол елдің азаматтарын тұтқынға алған екен. Босния, Руанда және Косоводағы ортақ қабірлерді ашу барысында халықаралық ұйымдар осы қатігез істердің куәларын тауып, мәйіттерді танып-білуде көптеген көмек істерін атқарған болатын.

Әзірше, Ирактағы ортақ қабірлерден табылған мәйіттерді тану мен ол істерге куәларды табу ісін кімдердің өз қолына алары белгісіз күйінде қалуда. Халықаралық Адам хұқықтарын қорғау ұйымы өкілдерінің айтуынша, азаматтар өз туыстарын құрметтеп қайта жерлеп, осы іске кінәлілердің жауапқа тартылғандығын көргісі келеді. Сондай-ақ марқұмдардың отбасына төлемақының берілуі де талап етілуде, - дейді мақала авторы.
XS
SM
MD
LG