Accessibility links

2004 жылғы мұнай шикізатына деген сұраныс пен әлемдік нарықтағы баға


2004 жылы әлемнің мұнай шикізаты өндірісі мен саудасы саласын ОПЕК ұйымына мүше елдер мен тәуелсіз өндіруші мемлекеттердің арасындағы қиян-кескі бәсекелестік тосып тұр.

Көмірсутегінің әлемдік саудасындағы Ресей, Қазақстан, Ангола сынды тәуелсіз өндірушілердің үлес-салмағы арта түссе, ОПЕК картелі керісінше жетекшілік рөлінен бірте-бірте айырыла бастады. Осы қиян-кескі бәсекелестік 2004-інші жылы мұнайдың әлемдік бағасына әсер етпей қоймайды. IЕA немесе энергетика жөніндегі Халықаралық агенттіктің соңғы есебінен осындай қорытынды жасауға болады.

2004-інші жылы мұнай шикізатына деген сұраныс әлемдік мұнай өндірісінен басым түседі. IЕA немесе Энергетика жөніндегі Халықаралық агенттіктің өткен жұма күні Парижде жария еткен ай сайынғы кезекті есебінде осындай болжам жасалды. Өнеркәсібі дамыған елдердің мүддесі үшін жұмыс істейтін аталмыш агенттіктің есебі бойынша, 2004-інші жылы дүниежүзілік экономика 4 пайызға дейін өсуге тиіс.

Ал көмірсутегі шикізатына деген әлемдік сұраныс, негізінен, Америка Құрама Штаттары мен Қытай тұтынатын мұнай көлемінің өсуі есебінен ұлғаймақ. Нақты айтқанда, 2004-інші жылы мұнайға деген сұраныс күніне 1,05 млн. баррельге немесе 1,3 пайызға ұлғайып, күніне 79,1 млн. баррель мұнай өндіруді талап ететітін болады. Халықаралық агенттіктің болжауына қарағанда, ірі-ірі мұнай өндіруші мемлекеттердің ОПЕК ұйымына кірмейтін тәуелсіз елдер 2004-інші жылы көмірсутегі өндірісін күніне 1,74 млн. баррельге дейін ұлғайтады.


Мұнай өндірісін ұлғайтуға бірінші кезекте Ресей, Қазақстан және африкалық Ангола көп үлес қосатын көрінеді. Оған қоса мұнай өндірісін Экваториялық Гвинея, Оңтүстік Африка, Чад, Бразилия, Эквадор, АҚШ және Канада ұлғайтатын болады. ОПЕК-ке қатысы жоқ тәуелсіз мұнай өндірушілердің өндірісті ұлғайтуы - әлемдік мұнай базарының шикізатқа лық толуына алып келіп соқтырады. Соның салдарынан ОПЕК ұйымы, бір жағынан, мұнай өндірісін қысқартуға мәжбүр болып, әлемдік базардағы өз үлесінен тағы біршама айрылатындай жағдайға тап болуы, екінші жағынан әлемдік мұнай бағасының күрт құлдырауына ұрынуы әбден ықтимал.

Өйткені, энергетика жөніндегі Халықаралық агенттіктің есебі бойынша, ОПЕК елдерінде өндірілетін мұнай шикізатына деген әлемдік сұраныс 2004-інші жылы күніне 700 мың баррельге қысқарып, оның үлесі күніне 24,6 млн. баррельге дейін төмендейтін болады. Бұл - Ирақты қоса алғанда, ОПЕК-ке мүше елдердің маусым айында шығарған мұнай көлемінен 1,1 млн. баррельге кем. IEA-ның есебіне сәйкес, маусым айында Ирақты қоса алғанда, ОПЕК-ке мүше 11 ел күніне 25,69 млн. баррель мұнай өндірді. Бұл, өз кезегінде, мамыр айының көрсеткішінен 665 мың баррельге кем. Маусым айында ОПЕК-ке мүше елдер өндірген мұнай мөлшеріндегі Ирақтың үлесі онша көп емес – 420 мың баррельге тең болды.

Энергетика жөніндегі Халықаралық агенттіктің соңғы баяндамасында атап көрсетілгендей, мұнай өндірісінің мөлшерін қысқарту ОПЕК ұйымы үшін өте ауыр сын болып келді. Бірақ 2004-інші жылы одан ауырлай түспек. Өйткені, алдағы жылы Ирақтың мұнай өндірісі айтарлықтай ұлғайса, Нигерия мен Алжир – мұнай өндірісіндегі өз үлестерін ұлғайтуды талап етуде. Халықаралық агеттіктің пікірінше, өнеркәсібі дамыған елдердегі мұнай қорының 2003-інші жылғы күрт азаюы – ОПЕК елдері өндіретін мұнай түрлерінің әлемдік базардағы бағасын әр барреліне 22-28 доллар деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ондай баға, кем дегенде, үстіміздегі жылдың соңына дейін сақталатын сияқты.

Өткен бейсенбі күні мұнайдың 7 түрінен тұратын 1 баррель ОПЕК мұнайының бағасы – 27,98 доллар болды. Алайда, тәуелсіз мұнай өндіруші елдер шығарған шикізат көлемінің ұлғаюы және соның салдарынан ОПЕК ұйымының мұнайына деген сұраныстың құлдырауы – 2004-інші жылы мұнай бағасына кері әсер етеді. Энергетика жөніндегі Халықаралық агенттіктің соңғы баяндамасында атап көрсетілгендей, әлемдік мұнай базарында 2004-інші жылы қалыптасуы ықтимал осындай жағдай және ОПЕК ұйымының мұнай бағасын жоғарғы деңгейде ұстауға барынша ұмтылуы – 2004-інші жылы әлемдік шикізат саласын қиян-кескі бәсекелестік тосып тұрғанын айқын аңғартады.
XS
SM
MD
LG