Accessibility links

Куба мен Европа одағының қарым-қатынастары одан әрі күрделене түсуде


Куба мен Европа одағы арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түскен сайын соңғысының екі жақ байланыстарын қайта қарауға деген көзқарасы орныға бастағандай.

Европа одағы жылдар бойы өзінің Куба елімен арасындағы қарым-қатынасын байсалды негіздерге құрылған деп түсініп келген еді. Тіпті мұндай байланыстары үшін Құрама Штаттарымен келіспеушіліктерге барған кездері де жоқ емес.

Себебі Кубаны ресми Вашингтон сотанақ елдер қатарына жатқызып, қырық жылдан бергі кезеңде бұл аралдық мемлекетке қарсы қатаң экономикалық тиым жариялап келеді. Енді міне, Европа одағының өзіне созған көмек қолын Куба елбасы Фидель Кастро кері қағып тастап отыр.

Европа одағы өз еліне саяси мақсаттағы қадамдар жасауға тырысуы себепті, ол блок тарапынан жасалатын барлық көмектерден бас тартатындығын өткен демалыс күндері Куба елбасы Кастро мәлімдеді. Кастроны мұншама ашуға мінгізіп отырған Европа одағының аталған елдегі адам хұқықтарының сақталуына орай айтқан сыны болатын.

Ал, ол сынның өз кезегінде айтылу себебі, биылғы жылдың наурыз айында Кубада диссиденттерді жаппай қамауға алу және Құрама Штаттарына қайықпен қашпақшы болған үш адамды ұстап, көкек айында өлтіру жағдайларының орын алуы еді. Осы қатаң шаралар қолданылардан бір апта бұрын ғана Гаванада Европа одағының жаңа кеңсесі ашылып, сондай-ақ Европа Комиссиясы Котоноу Келісіміне Кубаның мүшелігін қолдайтындығын білдірген болатын.

Ол Келісім бойынша Европа одағының Кариб теңізі және Тынық мұхиты, сондай-ақ Африка елдерімен арасындағы қарым-қатынастары келісім-шарт негізінде қаралады. Жексенбі күні жариялаған мәлімдемесінде Европа комиссисясы елбасы Кастроның аталған мәлімдемесіне орай өкініш білдірген. Комиссия өкілі Жан-Шарль Еллерман-Кингомб бұл жөнінде:

- Біздің Куба басшылығымен ешқандай ресми байланысымыз жоқ. Сондай-ақ біздің әріптестігімізге байланысты олардың көзқарасы турасында да түсініктеме болған емес. Сондықтан бұл жерде біз ешнәрсе істей алмаймыз. Өзара әріптестігімізді жалғастырғымыз келетіндігі жөнінде ниетімізді мәлімдеген едік. Алайда, мұның бәрі Куба басшыларының ниет-мақсатына байланысты болып тұр -, деді.

Грекия елінің төрағалығымен маусым айында қабылданған Европа одағының қарары Кастроның ашуын айрықша келтіріп тұрған жағдай болып отыр. Жағдай жақсармайтын болса Европа одағы Кубаға жоғарғы дәрежедегі сапарларын азайтып, сондай-ақ елдегі мәдени шараларға одаққа мүше елдердің қатысуын да кемітетін болады делінген еді аталған қарарда.

Сондай-ақ ол құжатта Кубаның Европа одағымен қарым-қатынасын қауіпті жағдайда қалдырып отырғаны ескертілген еді. Елбасы Кастро өз кезегінде аталған санкцияны өркөкірек сипатта дей келіп, ол масаң күйіндегі адамның ойлап тапқан шарасы деді. Кастро мырза аталған ұйыммен байланысты бұлайша алшақтата берсе, онда Европа одағы үшін Кубаға қатысты Құрама Штаттарының көзқарасын жақтаудан басқа амал да қалмайды дейді саяси сарапшылар. Дей тұрғанмен, Европа одағы екі жақ қарым-қатынастары қалыпты арнаға түсер деген сенімде.
XS
SM
MD
LG