Accessibility links

Қазақстанның ресми билігі мен оппозициясы бір-бірімен күресінде АҚШ-тағы лоббилік компанияларды жалдауда


Бір-біріне қарсы күресінде Қазақстанның ресми билігі мен оппозициясы Америка Құрама Штаттарындағы жарнамалық-насихат және лоббистік компанияларын жалдауға көшті.

Мысалға, “Файнэншл Таймс” газетінің мәліметі бойынша, Қазақстандағы ресми билік Вашингтонда лоббимен айналысатын “Паттон Боггз” компаниясын 1 млн. долларға жалдады. Оның басты мақсаты - Қазақстан президенті Н.Назарбаев АҚШ алдындағы абырой-беделін көтеру және “Қазақгейт” ісі бойынша сот үдерісінің қазақ президентіне кесір болып тиюі мүмкін салдарын жеңілдету болып табылады.
Өз кезегінде, Н.Назарбаевтың шексіз билігіне қарсы арпалысқан “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық бірлестігі де америкалық лобби компаниясының қызметіне сүйене бастады. Бірақ, ресми билікке қарағанда, қазақ оппозициясы елдегі жеке кәсіпкерліктің кең қаржылық қолдауына көбірек сенім артқан сияқты және сол қолдаудың арқасында оппозиция АҚШ-тағы лобби компанияларын жалдап отыр.
АҚШ-тың лобби компанияларының көмегіне сүйенген Қазақстанның ресми билігі мен оппозициясының “өліспей-беріспес” күресі қандай нәтиже беруі мүмкін және қазақ оппозициясын жеке кәсіпкерлік неге қолдайды?

“Қазақгейт” ісі бойынша АҚШ-тағы сот үдерісі қыза түскен сайын, тәуелсіз қазақ баспасөзінің және Батыс ақпарат құралдарының ортақ пікірінше, оған шатысы бар Қазақстан билігі одан өзіне кесір болып тиюі әбден мүмкін салдарының алдын алу мақсатында соңғы кезде аса белсенді әрекетке көшкен. Мысалға белгілі тәуелсіз журналист Бигелді Ғабдуллиннің Вашингтоннан жазған мақаласына қарағанда, Қазақстанның Вашингтондағы елшісі Қанат Саудабаевтың белсенділігі соңғы кезде еселеп арта түскен - ол бірде АҚШ-тың ықпалды саясаткерлерімен, енді бірде көп жалақы сұрайтын адвокаттармен және журналистермен кездесуде.

Автордың пікірінше, елшінің ондай белсенділігі, алайда, туған еліне деген сүйіспеншіліктен немесе елдің мұң-мүддесін қорғаудан артып отырған жоқ. Өкінішке орай, деп жазады Б.Ғабдуллин, халықаралық “Қазақгейт” жанжалының от-жалынын аз да болса басуды көздеген Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың мүддесінен туып отыр”. Өз мақаласында “ХХІ ғасыр” газетінің бұрынғы бас редакторы АҚШ мемлекеттік департаментінің аты-жөнін атамауды өтінген бір жауапты қызметкерінің мынадай пікірін келтіреді: “ең қызығы - сіздің елдің Вашингтондағы елшілігі тәуелсіз мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі ретінде емес, “Қазақгейт”-тен... қорғау штабы есебінде қабылданады”.

Оған қоса, “Файнэншл Таймс” газетінің мәліметі бойынша, Қазақстан билігі президент Н.Назарбаевтың Вашингтон алдындағы абырой-беделін қайта көтеріп, “Қазақгейт” ісі бойынша сот үдерісінен оған кесір болып тиюі әбден мүмкін салдарын мейлінше жеңілдету мақсатында Вашингтонда лоббимен айналысатын “Паттон Боггз” компаниясын 1 млн. долларға жалдады. Нақ осы мақсатпен Қазақстан билігінің одан бұрын және одан басқа талай лоббилік және жарнамалық-насихат компанияларын да қыруар бюджеттік қаржыға жалдап келгені ашыққа шығып жатыр.

Ресми Астанаға қарағанда, қазақ оппозициясы ресми билікке қарсы күресінде бюджеттік қаржыға сенім артпай, елдегі жеке кәсіпкерліктің қаржылай қолдауын арқау етіп отырған көрінеді. Басқаша айтқанда, Қазақстандағы жеке кәсіпкерлік ресми билікті емес, оппозицияны қолдайды. Мысалға, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық бірлестігінің Саяси Кеңесі төрағасының орынбасары А.Қожахметовтің мәлімдеуінше, жеке кәсіпкерлік өкілдері оппозициялық қозғалысты астыртын түрде емес, бейресми түрде қолдайды. Оның басты сыры, дейді Асылбек мырза, егер ашық түрде қолдайтын болса, ертеңіне салық полициясы жетіп келеді де олардың кәсіпорындарын жауып тастайды. Ол баршаға мәлім жайт. Ал кәсіпкерлердің оппозицияны қолдайтыны ешкімге де құпия емес.

А.Қожахметовтің айтуынша, кәсіпкерлердің көбі: - Сендердің, яғни оппозицияның болғаны жақсы. Күресе беріңіздер... сіздердің арқаларыңызда бізге бағытталған қысым жеңілдей түсті. Біздің проблемларымызды да ашық айтып шығатындар болуы керек,, - деген ішкі сырларын айтатын көрінеді.

“Қазақстанның демократиялық таңдауы” қоғамдық бірлестігінің баспасөз-қызметінің жетекшісі В.Козловтың айтуына қарағанда, Қазақстанның ішіндегі үдерістерге, оның ішінде жеке кәсіпкерліктің қалай басқарылуына риза емес адамдар бар, кісілердің тобы бар. Ресми билікке бейтарап қарай алмайтын немесе үлкен отбасымен “байланысы жоқ” кәсіпкерліктің басып-жаншылғанына жаны қарсы кәсіпкерлер тобы бар. Оған күмән жоқ. Ондай кәсіпкерлер, деп атап көрсетті В.Козлов, ел ішіндегі әлгіндей келеңсіз ахуалды өзгертуге бағыттаған өз шараларын қарастыруда. Міне сондай шаралардың бірі, мысалға, А.Қожахметовтың бізге хабарлағанындай, кәсіпкерлер маслихат сайлауы барысында оппозиция үміткерлеріне қолдау білдірген және алдағы парламент сайлауында да осылайша көмек береді деп үміттенеді.

Қазақстандық кәсіпкерлердің елдегі ахуалды өзгертуге қосқан тағы бір өзіндік үлесі – қазақ оппозициясының Батыспен, оның ішінде ресми Вашингтонның өкілдерімен арадағы тығыз байланысы мен ынтымақтастығын қамтамасыз ету үшін, ресми Астана сияқты, АҚШ-тың лобби компанияларын жалдап отыр. Басқаша айтқанда, бір-бірімен “өліспей-беріспейтін” арпалысында ресми Астана да, саяси оппозиция да Вашингтонның қас қабағына қарап отыр. Кімнің “таразы басы” басым түседі, кімнің “асығы” алшысынан тұрады – ол енді Вашингтондағы жекелеген саясаткерлердің немесе саяси топтардың ықпалы мен саяси салмағына қарай шешілмек. Олардың ішінде ресми Астанамен мүдделестері де жоқ емес, саяси оппозицияны қолдайтындары да баршылық. Мысалға, белгілі америкалық саясаттанушы Ариэль Коэннің пікірінше және қазіргі саясат лексикасына оның өзі енгізген жаңа терминімен айтқанда, Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасын Вашингтон “назарбаевтандыруы” ақтимал. Ал “назарбаевтандыру” деген сөз, оның есептеуінше, сыбайластық жемқорлыққа белшесінен батқан президенттермен қарым-қатынасын сақтау болып табылады. Вашингтонның алаңдауынша, Қазақстан басшылығын жемқорлық бойынша айыптау – Астананы Мәскеудің құшағына баруға мәжбүрлеуі мүмкін деп сескенеді. Қазақстан президентінің соңғы жылдағы саясаты сол алаңдаушылықты айқын аңғартып отырған тәрізді.
XS
SM
MD
LG