Accessibility links

Әзірбайжанда билік басына кімнің отыруы ықтимал?


Осы күні Америка Құрама Штаттарында емделіп жатқан Әзірбайжан президенті Гейдар Әлиев алдағы президент сайлауына үміткер ретінде түспейтінін мәлімдеді.

Республика халқына теледидар арқылы оқылған жолдауында Гейдар Әлиев өзінің ұлы – Ильһамның пайдасына президенттікке үміткерліктен бас тартатынын хабарлады және сайлауда ұлын қолдап дауыс беруге шақырды.
Соңғы кезде жүрегінен сырқаттанып жатқан 80 жастағы Гейдар Әлиев – шілде айының ортасынан бері халыққа көрінбей келеді. Алдымен ол денсаулығын Түркияда түзеп келді, ал қазір АҚШ-та емделуде.
Алайда Г.Әлиевтің кезекті президент сайлауына түсуден бас тартып, халқын өз ұлына дауыс беруге шақыруын Әзірбайжан қоғамы, халықаралық қауымдастық қалай қабылдады?

Соңғы күндері ТМД елдерінің де, батыстың ақпарат құралдарында Әзірбайжанның осы күні АҚШ-та емделіп жатқан президенті Гейдар Әлиевтің кезекті президент сайлауына үміткер ретінде түспейтіні туралы соңғы мәлімдемесі көп талданып сан-алуан пікір, болжамдар айтылуда. Талданғанда, Г.Әлиевтің жеке басының сайлауға түсуден бас тартуы емес, сайлауда оның туған ұлы Ильһамды қолдап дауыс беруге шақыруы және соңғысының сайлауда жеңіске жету-жетпеу мүмкіндіктері сөз болып жатыр. Оның ішінде американ саясаттанушысы Ариэль Коэн

Әзірбайжандағы саяси билік мәселесіне бір емес, 2 мақаласын арнады. “Вашингтон Таймс” газетінің 24 қыркүйек санында шыққан мақаласында ол “мемлекеттік билік өкілдері сыбайластық жемқорлыққа белшеден батқан бірқатар елмен арадағы АҚШ-тың саясаты әрқашанда өзінің ұлттық мүддесіне бағынады” деп атап көрсетті.

Ал Әзірбайжанға келгенде, деп санайды автор, АҚШ-тың саяси стратегтері қысқа мерзімді “нақты саясатты” ұстанады. Бакуге қатысты саясатында Вашингтонның “нақты саясатын” Ариэль Коэн мынадай міндеттермен белгілейді: елдегі саяси биліктің сабақтастығы, дәлірек айтқанда - биліктің әкеден балаға өтуі; Ресей мен Иранның ықпалын әлсірету; Баку-Джейхан мұнай құбырын тарту; Әзірбайжандағы көмірсутегі саласындағы АҚШ пен жалпы шетелдік инвестицияларға жасалған шарттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету.

А.Коэннің пікірінше, Вашингтон американ-әзірбайжан қарым-қатынастарын “назарбаевтандырудың” алғашқы қадамын жасап та үлгерді. Ал “назарбаевтандыру”, оның пікірінше, Қазақстан президенті Н.Назарбаев тәрізді сыбайластыққа шатысы бар Әзірбайжан президентімен арадағы қарым-қатынасты да сақтау болып табылады. Бірақ ондай қарым-қатынас демократиялық жолмен сайланған “саф таза” президенттермен арадағы қатынастай ешқашан етене жақын болмайды.

Өздерін жемқор деп айыптағанды, не болмаса Нью-Йорктегі “Қазақгейт” сынды аты-шулы іс бойынша тергеу мен сот үдерісін ТМД кеңістігіндегі президенттердің жақтырмайтынын АҚШ саясаткерлері жақсы біледі және ондай жанжалдың Бакуді Мәскеудің құшағына итермелейтіні анық, деп жазады АҚШ саясаттанушысы А.Коэн. Оның пікірінше, ТМД елдеріндегі жемқорлыққа Мәскеу көзін қысып қарайды және Кремль “әшкере ақпарларды” жемқорлыққа батқан елдердегі өз мүдделері үшін аса тиімді пайдалана біледі. Қысқасын айтқанда, А.Коэннің пікірінше, Әзірбайжандағы биліктің әкеден балаға өтуіне өз мүдделерін көздеген Вашингтон да, Мәскеу де төзімділікпен қарайды. Ал Әзірбайжан қоғамы ше?

Мысалға, әзірбайжан саясаттанушысы Назым Имановтың мәлімдеуінше, Г.Әлиевтің сайлауға түсуден бас тартып, өз ұлын президенттікке ұсынуы – күтпеген жайдай емес, оны барлығы көптен күтті. Дегенмен де, бұл – оның пікірінше, дәуірлік оқиға болды. Өйткені, елді іс-жүзінде 35 жыл бойы билеген адамның заманы ақырына жетті. Ал енді президент сайлауында не болмасын, кім жеңіске жетпесін, бір маңызды жайт айдан анық – 2003-інші жылы Әзірбайжандағы президенттік билікке жаңа тұлға келеді. Ол кім болса да сол болсын, бірақ ол, әйтеуір, Гейдар Әлиев емес. Яғни Әзірбайжанның саяси көрінісі айтарлықтай өзгереді деген сөз.

Екінші бір әзірбайжандық саясаттанушы Расим Мұсабеевтің пікірінше, Ильхам Әлиевтің халық арасындағы қалыптасқан қазіргі бейнесі ескерілетін болса, оның мінез-құлқы, іс-әрекеті осыған дейін Гейдар Әлиевті қолдап келген керттартпа күштердің көңіліне жақпайды. Демек сайлауда керттартпа күштер Ильһамды қолдамауы мүмкін және сайлау қорытындылары – Ильһам үшін жойқын болып шығуы ықтимал...
XS
SM
MD
LG