Accessibility links

“Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасы бойынша парламенттiк тыңдау өттi


Қазақстанның ақпараттық қауiпсiздiгi «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасында көзделетiн негiзгi ұстанымдардың бiрi.

Қазанның 21-i күнгi парламенттiк тыңдау кезiнде ҚР ақпарат министрi Сауытбек Әбдiрахманов мұны қазiрiгi тарихи ситуациядан туындап отырған қажеттiлiк , сондықтан заң жобасында шет елдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың ақпарат құралдарына құрылтайшы болуына тиым салынады деп мәлiмдедi.

Министрге қойылған сұрақтарының бiр парасы ресей каналдарын ретрансляциялау мәселесiне байланысты болды. Ресейлiк сарапшылардың деректерiне сүйенген депутат Амангелдi Айталы НТВ телеарнасынан 100 кино көрсетiлсе, солардың 30-ы зорлық-зомбылық пен атыс-шабыстан тұратынын, бүгiнгi жас ұрпақтың соларға қарап өсiп келе жатқанын айтып, алаңдаушылық бiлдiрдi. Қолданыстағы заң шет елдiк телеарналардың хабарларын 20 пайыз көлемiнде ретраслияциялауға рұхсат етедi.

Депутат Серiк Әбдiрахманов ақпарат құралдарын мемлекет тарапынан қаржыландыруды реттеу мәселесiн көтердi Оның пiкiрiнше, бюджеттен қаржыландырылатын қайсыбiр баспасөз құралдарының жекелеген топтардың қолшоқпарына айналып кеткендерi бар. Ақпарат министрi болса, бұл мәселеге халықтық менталитет тұрғысынан қарайтын кез жеттi деп санайды. Оның сөзiмен айтқанда, «Бiздiң халық -- эфирден айтылған сөзге, тасқа басылған сөзге сенуге бейiм тұратын халық. Оның үстiне оқырмандардың, әсiресе, ауылда тұратындардың бiр немесе екi газетпен шектелiп қалатындары көп».

Қазанның 20-сы күнi БИ-БИ-СИ радиостанциясының қазақ қызметiнiң өкiлдерi баспасөз мәслихатын өткiзiп, Қазақстанға тарататын хабарларын келешекте ҒМ толқынынан шығаруды көздеп отырғандарын мәлiмдеген-дi. Ал Сауытбек Әбдiрахмановтың сөзiне қарағанда, аталған толқыннан хабар тарату шет елдiк ақпарат құралдары үшiн арман болып қана қалатын секiлдi. Ол «Бiз шет ел азаматтарының Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына құрылтайшы болуына қарсылық бiлдiрiп отырмыз. Бұл жөнiнде де соны айтуыға болады», - дедi.

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасы Парламентке түскеннен кейiн де қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтардан депутаттардың атына 900-ге тарта ұсыныстар келiп түскен көрiнедi.
XS
SM
MD
LG