Accessibility links

Жаңа астанасын тұрғызып, “Көшпенділер” сынды алып жобаны жүзеге асырған Қазақстан нені көксейді?


Осыдан жарты жыл бұрын бюджеті 25 млн. АҚШ долларын құрайтын “Көшпенділер” көркем фильмін түсіру жобасына түбегейлі қарсы шығып, “25 млн. долларға 1 фильм түсіретін Қазақстан – қазақ қоғамын 20 жыл киносыз қалдыруы мүмкін деп сын мақала жазған белгілі кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның ол көзқарасы енді күрт өзгерді.

Оның қазіргі пікірінше, “Көшпенділер” сияқты алып кино-жобалар қазақ мемлекетін әлемге таныту үшін де өте керек және қазақ киногерлерінің Голливуд сынды кино-өнеркәсібінен заман талабына сай фильмдер түсіру тәжірибесін алуы үшін аса маңызды.

Қазақсанның “Шәкеннің жұлдыздары” атаулы бірінші ұлттық кинофестиваліне шақырылған ресейлік киносыншылардың бірі, Питсбург университетінің профессоры В.Подунов – қазақстандық “Республика” газетіне берген сұхбатында қазақ киносының қазіргі жағдайын өте төмен бағалады. Оның пікірінше, қазіргі қазақ киносында тарихи тақырыптар жоқтың қасы, соғыс, қырғын-сүргін тақырыптары басым деген пікір айтты.

Белгілі қазақ киносыншысы әрі мәдениеттанушы Гүлнәр Әбікеева В.Подуновтың ондай пікірін түбегейлі жоққа шығарады. Гүлнәр ханымның мәлімдеуінше, қазақтың тарихы тақырыбына фильм түсіру міндеті Қазақстанда әрдайым болды. Оған қоса, қазір Сталин дәуірін сипаттайтын шығармалар да өте көп. Ал ақиқатын айтқанда, дейді қазақ киносыншысы, тарихты сипаттауда Қазақстан аяғын нық басып келеді. Бірақ Ресейдің тарихи фильмдерінің көп көрсетіліп, көзге көбірек түсіп жүргені – ол басқа әңгіме.

Бірақ ондай фильмдер Гүлнәрдің бір үлкен күдігін туғызады. Атап айтқанда, тарихи тақырыпқа негізделген фильмдерде тарих атаулының бұрмалануы байқалады. Міне сол дәстүр Гүлнәрді қатты сескендіреді. Сондай күдікке киносыншыны “Көшпенділер” фильмінің жобасы итермелейді. Г.Әбікеева ол кино жобаны – қазақтың тарихын көрсету емес, халықтық, этнографиялық деректер негізіндегі тарихқа ұқсаған, тарих-сымақ фильм түсіруге ұмтылу деп есептейді.

Гүлнәрдің өзі кезінде “Көшпенділер” жобасы – қазақ киносын 20 жылға жабады деген мазмұнда сын мақала жазды. Басқаша айтқанда, 25 млн. долларлық бюджеті бар 1 көркем фильм – “Қазақфильмді” әрқайсысы жарты млн. доллар тұратын 20 кино түсіретін мүмкіндігінен 20 жылға айырады деп сынады. Бірақ “Қазақфильм” киностудиясының директоры: “Көшпенділер”-ден басқа кино түсірідмейді деп саған кім айтты. Онымен қарама-қатар басқа да шығармалар түсіріле береді” деп оған дүрсе қоя берген.

Г.Ә.: Сіз білесіз бе, Сұлтан Хан!? Сонау баста маған “Көшпенділер”-ді түсірудің қажеті жоқ болып көрінді. Турасын айтқанда, орасан зор қаржыны шығындайтын “Көшпенділер” маған – “әлі жоқтың әлектігі” болып көрінді. Ол қомақты қаржымен одан да кедейлерімізді жарылқайық деп ойладым. Өйткені, осыған дейін де “Көшпенділер” сынды алып жобалар болды. Мысалға, Абайдың 150-жылдық мерейтойында шарықтатып көрсетіліп, қазір қайда жоғалғаны белгісіз “Абай” фильмі... Дәл сондай амбициялық фильмнің бірі – “Жамбыл”... Нәтижесінде не шыққаны – бәрімізге жақсы мәлім. Ал енді... Голливудпен бірлесіп түсіретін “Көшпенділер” шыға келді!

Менің өз басым оның қазақ киносы болмайтынына күмәнім жоқ. Ол - қазақ тарихы негізінде түсірілген американ киносы болы шығады. Кез-келген ұлттың тарихын пайдаланып Голливуд, өз әртістеріне орындатып, қаншама фильм түсіріп жатыр. Менің білуімше, сол сияқты “Көшпенділер” желісінің де қазақ мәдениетіне тиіп-қашты қатысы болмайды. Фильмнің барысында, бәлкім, қазақ немесе Қазақстан деген сөз немесе пікір айтылып та қалар. Ол түсінікті. Өйткені, Голливуд тарихи тамыры тереңде жатқан Рим, Қытай, Тибет, Үндістан сынды елдер мен ұлттарды да қамти бастады және олардың тарихы негізінде суперфильмдерді шығаруда. Ендігі жерде кім және қайдан шыққаны белгісіз “Көшпенділер” деген фильм түсірмек. Міне бұл әлгі алып кино жобаның ұнамсыз жағы...

Әйтсе де, ұнамды, пайдалы жағы да жоқ емес. Пайдалы жағы уақыт өте келе көріне бастады. Осы күні “Қазақфильм” киностудиясында көп маман еңбек етуде. Олар цех-цехтарға бөлініп, фильмді түсіру барысында кейіпкерлердің бастарына құлауға тиісті тау-тастарын, қару-жарақ, сауыт-сайман, киім-кешектерді және т.т. күндіз-түні жасап жатыр. Басқаша айтқанда, қазақ киногерлері орасан зор тәжірибе алу үстінде. Мысалға, айталық, егер қазақ киногерлері Голливуд ауқымындағы фильм түсіруді ойласа, онда 1 жобаны жүзеге асыру үшін ғана, кем дегенде, 100 адамды тәжірибе алуға Голливудқа аттандыру мұқтаждығы туар еді. Ал олай істеу тіпті мүмкін емес. Ал бұл жерде 6 шетелдік Қазақстанға өздері келіп, голливудтық киноөнеркәсібі тәжірибесін енгізудің тәсілін, моделін үйретуде. Меніңше, іс жүзінде біз фильмді қалай түсіру керектігі, әртістердің рөлдерді қалай орындау қажеттігі, бөлінген қаражатты қалай үнемдеуге тиістігі жағынан орасан зор тәжірибе алып жатырмыз.

Жалпылай алғанда, “Көшпенділер” фильмін түсіру қазақтың киноөнерін дамыту үшін өте маңызды. Қазақстанда алдағы уақытта ол сынды алып жобалар бола ма, жоқ па – оны мен білмеймін. Бірақ Қазақстан қазір киноөнерінің бір сатысында тұрса, “Көшпенділер” жобасы оның тіпті басқа, биік үлгісін көрсетіп отыр. Ал ол жобаның мектебі біз үшін аса қажет. Бірақ тағы да қайталап айтайын: “Көшпенділер” жобасының қазақ мәдениетіне қатысы шамалы.

Екінші жағынан - қазақ мемлекеттігін таныту үшін де маңызды. Мысалға, Германия, Бразилия және т.б. бірен-саран мемлекет сияқты Қазақстан жаңа астанасын саламын деп жар салды. Ол өте қиынға түсті. Енді әлемге кино өнерінің үздік ордасы ретінде танылғысы келеді. Ол дұрыс па, жоқ па, оны мен айта алмаймын. Оған, бір жағынан, жұмсалар ақшаны зейнеткерлерге беру керек деп шығуға да болады. Екінші жағынан - Ресейді айтпағанда, ондай алып жобаны жүзеге асыруға ТМД елдерінің бірі де – Киевтің де (Украинаның), Өзбекстанның да қолдарынан келмейді. Міне сондықтан да “Көшпенділер”-ді жүзеге асыру Қазақстан үшін аса маңызды - мемлекеттігімізді таныту үшін өте қажет. Мысалға, Санкт-Петербордың 300-жылдығын дүркіретіп тойлап жатқанда, мен “Владимир Путин орыс патшасы іспетті де, бұрынғы ұлы Ресей әлі тірі” деп мәлімдегісі келіп тұр-ау! –деп ойладым.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG