Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасына байланысты әр түрлі көзқарастағы мақалалар жарық көрген.

Бүгінгі таңда “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасының қызу талқыға түсіп жатқандығы белгілі. “МК в Казахстане” басылымының 23 қазан күнгі санында осыған орай мақалалар топтамасы беріліпті. Соғыс пен бейбітшілікті құлақтандыру жөніндегі Британ институтының мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстан Белорусия мен Армения секілді бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін шектейтін мемлекеттердің қатарына кіреді. Мақала авторының айтуынша Ақпарат министрлігі ұсынып отырған заң жобасы көпшіліктің наразылығын туғызып отыр. Осы заң жобасының бір жылдан астам уақыттан бері бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде талқыланып келе жатқандығы белгілі. Адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша билікке келе жатқан сайлаулардың алдында бұқаралық ақпарат құралдарын қатаң бақылауға алатын жүйе керек. Міне сол себептен де жаңа заң жобасының дүниеге келуіне депутаттар мен журналистер емес, Ақпарат министрлігі мұрындық болып отыр” дейді Евгений Жовтис.

Аталмыш заң жобасын “Ана тілі” газетінің қызметкерлері де өз басылымының бетінде талқыға салыпты. Журналист Ертай Айғалиұлының пікірінше жобадағы 19 баптағы “Порнографиялық, сексуалды эротикалық сипаттағы теледидар және радио бағдарламаларын эфирге шығаруға, сондай-ақ кино, бейне өнімдерін көрсетуге, қатыгездік пен зорлықты насихаттауға тиым салынсын” деген жолдар әлі де толықтыруды қажет етеді. Ертай Айғалиұлы мұндай шараны газет-журналдарға да қолдану керек деп есептейді.

Газет тілшісі Дағжан Белдеубайұлының пайымдауынша аталмыш жобада нақтыланбаған тұстар де бар. Атап айтсақ, 25 баптың 3 тармағы бойынша журналист мемлекеттік органдарға ақпарат алуы үшін өтініш жасауы керек екен. Егер өтініш жасалмаса ақпарат бермеуге болатын сияқты. Дағжан Белдейбайұлының айтуынша осы тармақ мемлекеттік органдарды ақпарат беруге міндеттегенімен, сол ақпарат беру мерзімі анық көрсетілмеген.

Тәуелсіз “Сөз” газетінде жарық көрген Серік Әкімжантегінің айтуына қарағанда, қабылданайын деп жатқан “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасы оппозициялық басылымдардың үнін өшіру үшін арналған. Журналистер Одағының төрағасы Сеитқазы Матаевтың пайымдауынша , Жобаның бір тармағы тұп-тура “Экономика. Финансы. Рынки” басылымының бас редакторы Ирина Петрушованы қызметінен кетіруге бағытталған.

Ал, “Время” апталығының кезекті санында Вадим Борейко кезінде Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігін басқарған, бүгінгі таңда Ресейдегі Қазақстанның елшісі Алтынбек Сәрсенбаевпен сұхбат жүргізген. Газет тілшісіне берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбаев Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құруға қатысының бар болғандығын жасырмаған, алайда үлкен дау-дамай туғызып жатқан Мұхтар Әблязовтың естеліктеріндегі айтылған жайттар мен президенттің қызы Дариға Назарбаеваның оны осыдан екі жыл бұрын дүрбелең туғызуға қатысқан азаматтардың қатарына қосып қоюының еш шындыққа үйлеспейтіндігін тілге тиек еткен. “Шын мәнісінде бәрі де басқаша болды. Бірақ мен бұл жөнінде үндемегенді жөн санап отырмын. Егер де маған неше-түрлі жала жабыла берсе, көп нәрсені айтуға мәжбүр боламын” дейді Ресейдегі Қазақстанның елшісі Алтынбек Сәрсенбаев.

“Түркістан” басылымының 23 қазан күнгі санында жарық көрген Гүлбиғаш Омарованың мақаласында да Қазақстандағы ақпарат кеңістігі туралы сөз болыпты. Газет тілшісі өз мақаласында Ресейдегі қазақтар мен Қазақстанда тұратын орыстардың ақпарат алу мүмкіншілігінің бірдей емес екендігіне тоқталып, талдау жасайды. Ресейдегі “Независимая газета”, “Советская Россия”, “Известия”, “Аргументы и факты” секілді басылымдарының Қазақстанда арнайы шығатын қосымшалары бар. Газет тілшісінің сараптауына сүйенсек, аталмыш басылымдар Ресейдің көзқарасын таңу үшін белсене жұмыс жасап отыр. Яғни орыс идеологтарының арасында қазақстандық ой-сананы жаулап алуға деген мүдде өсе түспесе кемитін түрі жоқ. Мақала авторының айтуынша лауазымды шенеуніктер ресейлік журналистердің сұхбат беру туралы өтінішін еш уақытта аяқ асты етпейді. Ал жергілікті журналистрге деген мұндай ықыласты байқай алмайсың.

“Мегаполис” апталығының 23 қазан күнгі санындағы редакциялық бас мақалада да “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасы талқыға салыныпты.

Аталмыш тақырып “Жас алаш” газетінің назарынан да тыс қалмапты. Осы басылымның бейсенбі күнгі санында жарық көрген Руслан Ерболұлының “Бақ шаба ма, бап шаба ма?” атты мақаласында “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысына депутаттардың әдеттегіден көп жиналғандығы хабарланған. Газет тілшісінің айтуынша Ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахманов депуттар тарапынан қойылған сұрақтарға орнықты жауап қайтарып отырған. Сонымен қатар Ақпарат министрін екі жарым сағат бойы мінберден түсірмей, сауалдың астына алған депутаттардың азаматтық белсенділігі де кісі қызығарлықтай болыпты. Ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахмановтың айтуынша Қазақстанның әлемдік ақпараттық кеңістікке кіруі, қазіргі заман технологиясын белсенді пайдалану медиа-рыноктың тұтас бөлігінің құқықтық реттеуден тыс қалуына әкеліп соққан көрінеді.
XS
SM
MD
LG