Accessibility links

Арақ-шарап өнімдерінен түсетін акциздер толық жиналмады


Арақ-шарап өнімдерінен түсетін акциздер толық жиналмай, бюджетке миллиардтаған теңге түскен жоқ

Ішімдік өнімдерінен акциз жинау жоспары тағы да толығымен орындалмағанын хабарлады Қаржы министрі Ерболат ДОСАЕВ үкімет отырысында. Ол қаңтар-қыркүйек айлары бойынша жоспардың 90 пайызға ғана орындалып, бюджетке миллиардтаған теңгенің түспей қалғанын ашық мәлімдеді.

Сол күні министрмен осы мәселе бойынша әңгімелескен депутат Рамазан САРПЕКОВТІҢ айтуынша, “депутаттармен кездесуінде министр Досаев шынында да мынаны мойындады: біздің үкіметтің, оның ішінде сол кісінің қарамағындағы министрліктің күресіп, бірақ нәтиже таба алмай келе жатқан мәселенің бірі – ішімдік өнімдерінен түсетін акциздер көлемінің азайып кетуі. Оның айтуынша, халықтың ішімдікті пайдалану пайызы азайған жоқ. Алайда, шығарылып жатқан өнімнен мемлекетке түсетін пайда ойымыздағыдай болмай отыр деді.” Осыған сәйкес министр түсімнің кему себептері мен оған қарсы қандай шара қолдану қажеттігіне тоқталыпты. “Пайданың сұйылуына мына алкоголь өнімдерін шығаратын саланың көлеңкелі тұстары, жасырын арақ-шарап шығарудың кесірі тиіп отыр. Жасырын өнім сатқандықтан, олар акциздік маркілерді пайдаланбайды. Соған сәйкес “әр аймақтың, әр облыстың өзіне тән маркілерін шығарып, оларды жасырын түрде, басқа жерде шығарылмайтын соларға ғана тән белгілерін салып отырмыз деп бір уәж айтты.” Мұндай есеп маркілері өнімнің шығару мерзімін, сағатын, минөтін, тіптен қай зауытта, қандай цехта жасалғаны туралы құнды ақпараттарды қамтиды.

Алайда, соған қарамастан, Алматы кәсіпкерлер ассоциациясының жетекшісі Виктор ЯМБАЕВ: “мұндай маркілерді жасау оп-оңай” дейді. Оның айтуынша, мұны АҚШ-та қолданып көріп, ештеңе шығара алмаған. Оған қоса бұл - “ жаңа тексеріс, қайта есептеу, жүйкені артық тоздыру”, - дейді Виктор Ямбаев. Монополияны реттеу және бәскелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ораз ЖАНДОСОВ та есеп-бақылау маркілерін енгізуді “байыпты шара емес” деп бағалайды. “Өйткені, кез-келген шараның жалған түрі жылдам жасалды”, - дейді Ораз Жандосов. Сонымен бірге “маркілер күрделі болған сайын, оған кететін шыған да арта түспек”.



Сарпековтің айтуынша, түсімдерді арттырудың келесі жолын министр былай көрсеткен: “Кішігірім арақ-шарап шығаратын кәсіпорындарды тоқтатып, тек белгілі-бір мөлшерде, 250-200 мың литр шығаратын зауыттарға лицензия беріп, қалғандарын тоқтатсақ, сонда бақылау жақсаратын шығар дегенді айтты”.



Бүгінгі күні республика бойынша, этил спирті мен алкоголь өнімдерін шығаратын 224 ұйым бар. Оның 7-і – спитр, 63-і – шарап, 93-і – сыра зауыты, ал 60 ұйым арақ пен ликер өнімдерін шығарады. Сонда “бұлардың басым бөлігін жойып, ондағы жұмыс істейтін адамдарды далаға қуамыз ба?”- дейді Виктор Ямбаев. “Бұл – жеке инвестициялар, олар бұл кәсіпке бола несие алды, қаржы құйды”, - дейді Алматы кәсіпкерлер бірлестігінің жетекшісі. Ал монополияға қарсы агенттіктің төрағасы: “Жалпы алғанда бұл амал дұрыс, бірақ мұндай шара бұрын да қолданылған. Егер олар нәтиже бермесе, онда ол заңнаманың орындалмағаны”, - дейді Ораз Жандосов.



Қаржы министрі түсімдерді арттырудың үшінші жолы ретінде келесі жылдың қаңтар айынан бастап акциздер ставкасын 50 пайызға, яғни, 50 теңгеге кемітуді ұсынған. “Министр: “Сонда шығаратын өнімге кететін шығын аз болады да, жасырын өнім шығару тоқтайтын шығар дегенді айтты”, - дейді депутат Сарпеков. Мәселен, 2001 жыдың қараша айында акциздер көлемін литріне 40 теңгеге азайтқанда, ішімдік өнімдерін жариялы түрде өндіру 2,5 есеге артқан. Сондай-ақ “акциздер көлемі төмен болған кезде одан түсетін пайда 3 есеге өскен”, - дейді министрмен осы мәселе бойынша пікірлескен депутат Мұхтар ТІНІКЕЕВ.

Ал 2002 жылдың шілде айында акциздер көлемі 60 теңгеге өскенде арақ-шарап шығару көлемі төмендей бастап, биылғы жылдың басында құлдырау шегіне жеткен. Қаржы министрінің пікірінше, алкoголь өнімдері рыногын осылайша реттеу бюджетке қосымша 2-2,5 миллиард теңге кіріс әкеледі. Ал Ораз Жандосов акциздер деңгейін кеміту “бюджет кірісіне айтарлықтай әсер ете қоймады” деп есептейді.

Сонымен, қосымша қаржы талап ететін шаралар жүзеге асқан күннің өзінде “түсім сол күйінде қала бермек”, - дейді Ораз Жандосов. Ішімдік өнімдеріне салынатын салық түсімдері ғана кеңес дәуірінде бюджет кірісінің 10 пайызын жасақтаса, бүгінде олар бюджеттің 1 пайыздан да аз бөлігін құрап отыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG