Accessibility links

БҰҰ: Ауғанстанда апиын өсіруге тосқауыл қойылмаса, оның қаупі қатерлі ісік дертінің қаупіндей болады


Ауғанстан үкіметінің өткен жылы шұғыл шаралар қолданғанына қарамастан, биыл елде тағы да апиын өнімі қомақты мөлшерде жиналған көрінеді.

БҰҰ-ы Ауғанстандағы кең етек алып тұрған есірткілік апиын өндіру ісін тоқтату үшін халықаралық қауымдастықтың белсене араласуы керек деген пікір айтты. Бұлай деуге жыл сайын Ауғанстанда кең көлемде жиналатын апиын өнімінің мөлшері себеп болуда. Биыл да міне сол көрініс қайталанып отыр, Ауғанстан әлемдегі ең көп апиын өсіретін ел екендігін тағы дәлелдеген.

БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс істері жөніндегі басқармасы жүргізген зерттеулерге қарағанда апиын қызғалдағын – демек сора өсіру өткен жылдармен салыстырғанда, 8 процентке артып кеткен, яғни барлығы биыл 80 мың гектар алқапқа осындай өнім өсірілген. Ал барлығы алынған дайын өнім 3,600 тоннаға жуықтаған. БҰҰ-ның осы шолуында бұл қатерлі кәсіптің Ауғанстанның 32 облысының көпшілігінде кең таралып отырғандығы да алаңдатпай қоймайды деп жазылған. Мәселен бұндай шаруашылықпен 1999 жылы 18 облыс қана айналысқан болса, үш-төрт жылдың ішінде олардың саны 28-ге жетіп отыр.

Сәрсенбі күні Мәскеуде жасаған хабарламасында БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс істері жөніндегі кеңсесінің директоры Антонио Мариа Коста Ауғанстандағы апиын проблемасын қатерлі ісік дертімен теңестірген болатын. Егер оған тез арада тұсау салынбайтын болса, қатерлі ісік сияқты қоғамды жылдам жайлап, оның қаупі террор мен ауыр дерт қаупінен кем болмайды деп атап көрсетті.

Дегенмен де, аталған хабарламада Ауғанстан әкімшілігінің есірткіге қарсы күрестегі кейбір игі қадамдары мен күш-жігерлерінің бар екендігі де атап көрсетілген. БҰҰ-ның есірткі және қылмыс кеңсесінің Шығыс Европа мен Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Владимир Фенопетов осы шолудың өзі Ауғанның жаңа үкіметімен бірлесіп жасалған тұңғыш жоба екендігін айтқан.

- Мұндай ынтымақтастық бірінші рет жасалып отыр. Биылғы шолу Ауған үкіметімен, онда жақында құрылған есріткіге қарсы бөлімімен бірлесіп дайындалды. Олар мәселенің байыбын жақсы біледі, әрине біз де олармен бірге жұмыс істеудеміз, - деген Владимир Фенопетов.

Хабарламада Ауғанстанның апиын өнімін халықаралық деңгейде саудалаудан жыл сайын түсетін табыс мөлшері 30 миллард доллардың ар жақ- бер жағында болады деп бағаланған. Бұның өзі Ауғанстанның сора өсіріп, апиын сататын шаруаларының табатын пайдасы 2 милл-д 300 миллионға жуықтайтындығын көрсетеді. Сондай-ақ ол елдің өз ішінде заңды түрде өндірілетін ішкі өнімнің жартысындай болатын сома.

Аталған табыстың басым бөлігі жергілікті әскери қолбасшылар мен аймақтық әкімшіліктердің қолына шоғырланады. Сондай-ақ есірткі саудасынан түскен табыстың елеулі мөлшері терроршыларды қаржыландыруға жұмсалады деп те болжауға болады. Антонио Мариа Коста проблеманың күрделеніп, қиындап тұрғаны соншалық - Ауғанстан ендігі жерде есірткі терроршыларының қыспағындағы бақытсыз, сәтсіз елге айналуы мүмкін деген алаңдаушылық танытты. Фенопетов апиын проблемасының елдің болашағына көлеңкелі әсері қандай екендігін президент Хамид Қарзай мен Ауған үкіметі түсінеді дейді.

- Ауғанстан преизденті Қарзай да, үкімет те бұл іске қатты араласып отыр. Олар заңсыз есірткі айналымының елдің келешегі мен экономикалық ахуалына тигізер, демократияның дамуына кедергі келтіріп, үкіметтің қимылдарына бөгет болар кері салдарлары жөнінде жақсы біледі. Жалпы айтқанда есірткі саудагерлерінің табысы өте көп және ол табыс террорлық әрекеттерді қаржыландыруға жұмсалары белгілі, - дейді ол.

Алайда ұзақ жылдарға жалғасқан соғыс пен жоқшылық, кедейліктің күнін кешкен шаруалардың көпшілігі сора өсіріп, апиын өнімін сатуды күнкөрістің бірден-бір жолы деп біледі. Сораны өсіріп, өңдеу олар үшін өте тиімді.

2001 жылы Талибан жүйесі тұсында бұл кәсіп түп-тамырымен жойылған болатын, бірақ ол режим қуылғаннан кейін ауған азаматтары үйренген кәсіптерімен қайта шұғылдана бастады. Шолуда Ауғанстанның 24 миллон болатын халқының 1,7 миллионы сора өсіруді кәсіп етеді делінген. Халықаралық есірткі саясаты бойынша сарапшы Синди Фазей Ауғанстан үкіметі де, халықаралық қауымдастық та екіжақтап бірлескен күш-жігермен ауған шаруаларының есірткілік дақылдан басқа, пайдалы ауылшаруашылық өнімдерін өсірулеріне бетбұрыс жасауларына ықпал етуі қажет, бірақ та бұл бірер күннің міндеті емес, ойдағыдай нәтиже болуы үшін ұзақ уақыт керек деп атап көрсетеді.
XS
SM
MD
LG