Accessibility links

Жастар және қылмыс


Күн өткен сайын бүгінгі қоғамда өмір сүру күрделеніп барады. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану жағдайы қоғамның қай буын өкілінің болмасын өміріне өз ықпалын тигізуде дейді, Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Арман Жусанбай.

Сондықтан да құрметті радио тыңдаушылар бүгінгі «Жас толқын» апталық бағдарламамызда жастар арасындағы қылмыс жайында әңгіме қозғамақпыз. Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасы қызметкерлерінің мәліметіне қарағанда бір ғана Алматы қаласының өзінде жастар арасындағы қылмыс 31.5 пайызды құрап отыр екен.

Бүгінгі нарықтық экономиканың кең тарамданып, тамыр жаюы жұмыссыздықтың етек алуы, мемлекеттік оқу орындарында тегін білім алу жағдайының шектелуі жастар арасында қылмыстың өршуі мен өсуіне себепкер болып отыр,- дейді ол.

- Алматы қаласы бойынша жастар арасындағы қылмыс 31,5 пайызды құрап отыр. Олардың жас айырмашылығы 14-30 жас аралығы. Жасөспірімдер арасында 7 кісі өлімін туындату, 3 әйел зорлау, 3 тән жарақатын салу, 67 ұрлық, 2 бопсалау, 39 кісі тонау, 20 қарақшылық оқиғасы, 5 алаяқтық оқиғасы, 5 көлік ұрлау, 13 нашақорлыққа тарту, 20 бас бұзақылық оқиғасы, 1 отты қару сақтау оқиғалары тіркелген.

Полиция капитанының мәліметіне қарағанда 14 пен 30 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар арасында ұрлыққа түсу оқиғасы өте көп тіркелген.

Жалпы соңғы 9 ай ішінде Алматы қаласы бойынша жастар қолымен жасалған 4289 қылмыстық іс тіркелген. Соның 1638-і ауыр қылмыс категорияларына кісі өлімін туындату, әйел зорлау, қарақшылық шабуыл жасау, тән жарақатын салу түрлеріне жатады.

Жастар арасындағы орын алған ең ауыр қылмыс туралы ол былайша әңгімеледі.

- 2002 жылы мектептер мен балабақшаларға шабуыл жасаған Саудагеровтың бандалық тобы тұтқындалды. Бұл бандалық топ аса қатігездікпен күзетшіні азаптап өлтірген. Саудагеровтың өзі 30 жаста, тобындағы жастардың жас ерекшеліктері 18-25 жас аралығын қамтиды. Жәбірленушінің туыстары қылмыскерлерді өлім жазасына кесуді сұраған.

Бүгінгі күні қылмыскерлер қатарын нәзік жанды қыздардың толықтырып отырғандығы ешкімді таң қалдырмайды,-дейді Арман Жусанбай. Біз қызмет барысында қыздар арасында саналы түрде жасалған талай қылмыстық оқиғаның куәсі болдық. Біздің елде қылмыс жасарып барады. Бұл мәселе құқық қорғаушыларды алаңдатып отыр, - дейді ол.

- 14-18 жас аралығындағы 1661 жасөспірім қалада құқық қорғаушылардың арнайы есебінде тұрады. Олардың 1216-сының отбасылық әлеуметтік жағдайы төмен. Біздің қолымыздағы мәлімет бойынша соңғы тоғыз айда 99 ата-ана өздерінің ата-аналық құқығынан айырылды. Жастар өздерінің қылмыстық әрекеттерінің себебін жұмыссыздықтан, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдан көреді. Өздерін еш кінәлі санамайды. Қиыншылықтан шығудың басқа жолын қарастырғылары келмейді. Мәселенің бәрін әлеуметтік жағдайдың қиындығына тіреп қойсақ онда біздің елде қылмыскер емес адам табылмайтын шығар, - дейді ол.

Осы хабарды дайындау барысында біздер жастар арасында болған 1 қылмыстық оқиғаның куәсі болдық. Небәрі 20 жастағы жігіт жұмысы жоқтықты сылтау етіп, пышақ көрсету арқылы қарақшылық шабуыл жасап, қылмысқа барды. Жәбірленушінің 50 еуро ақшасымен сымсыз телефонын тартып алған. Қылмыскер 20 минут өткеннен кейін полиция қызметкерлерінің қолына түсті.
XS
SM
MD
LG