Accessibility links

Өзбекстанда жаңа екі саяси партия пайда болды.


Қараша айында Өзбекстанда екі "жаңа" саяси партия конгрестерін өткізді. Мұның өзі бір жағынан енді бір жылдай уақытта парламенттік сайлаудың да жақындап қалғанын аңғартса, екінші жағынан Өзбекстан тәуелсіздік алған 12 жылдың ішінде елде ресми түрде тіркелген төрт қана партияның болғанын және олардың барлығы да тек президентті қолдап келгенін еске салады. Бүгінгі хабарда Азаттық радиосының тілшісі Брюс Паниер жаңадан құрылған екі партия ел өміріне қандай жаңалық әкелуі мүмкін деген тақырыпты талдап қарайды.

Өзбекстанда кезекті парламенттік сайлаудың болуына бір жылдан сәл ғана асатын уақыт қалып отыр. Десек те, сайлауға қатысам деген саяси партиялар мен қозғалыстар үшін маңызды кезең қазірдің өзінде басталып кетті. Өйткені Өзбекстан заңына сәйкес сайлаудан үмітті деген партиялар одан бір жыл бұрын ресми тіркелуден өтуі керек, ал Өзбекстанның жаңа парламентіне дауыс беру 2004 жылдың желтоқсан айында болмақшы.

Міне осы айтылғандардың өзі-ақ жақында Ташкент қаласында бірден екі бірдей партия пайда болып, жиындарын өткізіп үлгерген сиректеу құбылысты түсіндіріп берсе керек, бірақ олар әзірге ресми тіркеуден өте қойған жоқ. Ендігі мәселе бұл екі жаңа партияның осыған дейінгі президенттік бағыттағы төрт партиядан айырмашылығы бола ма деген тұрғыда қойылып отыр. Либерал- демократиялық және Еркін шаруалар деп аталатын бұл екі партияның соңғысы 1991 жылы Өзбекстан тәуелсіздігін алғанға дейін болған, бірақ тәуелсіздік жылдарында ол қимыл-қарекетсіз отырды. Енді екеуі де конгрестерін қарашаның 15-де өткізген.

Либерал- демократиялық партия 46 жасар экономист және парламент мүшесі Кобижон Ташматовты төраға етіп сайлады. Төраға партияның мақсат-мұратттары жайында былай деп атап көрсеткен.

- Біздің партия отбасы мен жеке бастың бақыты үшін күресетін барша азаматты біріктіреді, - деген Ташматов Либерал- демократиялық партия іскер жане кәсіпкер адамдардың партиясы, бірақ ең басты мақсат -адамдардың мүддесіне қызмет ету болады деп бөле-жара айтқан.

Партияның жиналысында 100 бен 300 аралығында делегат қатысса, берілген ақпараттардың бірінде конгреске 14 ұлттың өкілі қамтылды делінген.

Либерал-демократиялық партияның алдына қойған мақсаттары мен берген уәделерінің көпшілігі елдегі президенттік партиялардың бағыт-бағдарларымен тым ұқсас. Олар да адам хұқтарын жақсарту мен реформалар жасауды көбіек қолдаймыз деген болатын.

Озод Дехкон –Еркін шаруалар партиясы болса, Өзбекстан үкіметіне қатаң талаппен қайрылып отыр. Олардың 15 қарашада жарияланған мәлімдемесінде "Біздер ортақ үйіміздің тағдыры мен оның жан ауыртар мәселелері алаңдатқан ортақ мақсатқа біріккен Өзбекстан азаматтары.." деп басталады да әрі қарай "авторитарлық жүйе ешқайда апармайтын тұйық жол" деп атап көрсетілген.

Аталған партия қазіргі таңда ресми тіркеуден өту үшін қажетті қол жинауда. Бұл олардың екінші мәрте жасағалы отырған талпыныстары. Озод Дехкан-Еркін шаруа партиясын Өзбекстанда тәуелсіздікке қол жеткізілгеннен кейін Әділет министрлігі тіркеуден өткізбей тастаған болатын.

Басында 52 адамнан ғана құралған топты, ендігі партияны, Өзбекстанға әйгілі артистің немересі, белгілі тарихшының қызы Нигора Хұдоятова басқарады. Бір ғана түсініксіздеу болатын жайт, қаладағы зиялы қауымның өкілі, атына қарағанда ауылдағы қара жұмыспен айналысатын шаруалардың одағына жетекшілік ететіндігі. Партияның бағдарламасының өзінен-ақ оның тіркеуден оңайшылықпен өте алмайтындығын аңғарылады. Мұндағы тәжірибелерге қарағанда үкімет өздерін сынаған партиялар мен топтарды мейлінше ресми тіркеуден өтізбей тастауға, кедергілер жасап бағуға тырысады. Өзбек билік басыларының айтуына қарағанда Бірлік қозғалысы мен Ерік демократиялық партиясы ресми тіркеуден өтпеген.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс демократиялық үкіметтері Өзбекстанда өткен сайлауларды талаптарға сай болмады деп сын садағына алған болатын.

Алайда Өзбек үкіметінің Ауғанстандағы террорға қарсы науқанда маңызды роль атқаруға келісім беруі, демек АҚШ бастаған коалиция күштеріне әскери базаларын пайдалануға рұхсат етуі, Өзбекстанға деген назарды күшейте түсті. Ендігі жерде оппозиция топтасып жатқандықтан да, мұндай жіті назардың өзі алдағы сайлауға қатысудан үміткерлерге кеңірек мүмкіндіктер әкелуі де ықтимал.
XS
SM
MD
LG