Accessibility links

Германия канцлері Герхард Шредердің сапарында жан-жақты мәселелер талқыланды


Германия канцлері Герхард Шредердің сапары Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне Европа Одағының назарын тағы аударды. Сонымен қоса Қазақстаннан Германияға жаппай көшкен немістердің мәселесі, Қазақстанда тұратын немістерге жағдай жасау мәселесі кеңінен талқыланды.

Мұнай және басқа экономикалық салалардағы мүдденің сыртында Германия канцлері Герхард Шредердің сапары Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелеріне Европаның кеңінен араласқысы келгенін көрсетті. Шредердің сапарын баяндаған батыс ақпарат құралдары осы жайтқа баса назар аударады. Ауғанстандағы терроризмнің ошағын жою мақсатында Америка Құрама Штаттары Орталық Азияға осыдан екі жыл бұрын әскер кіргізіп қойды. Дербес қорғаныс саясатын жүргізуге ұмтылған Европа Одағы, Европа Одағының серкесі Германия мазасыз ортаазиялық аймақта сөзін өткізгісі келеді.

Шредердің сапарының кезіндегі негізгі әңгіменің бірі – 1989 жылдан бастап Қазақстаннан Германияға жаппай көшкен немістердің мәселесі. Ұлы көшті қоздырған Қазақстандағы негізінен экономикалық себептер әлі шешімін тапқан жоқ. Неміс жұрты Қазақстанға совет заманында жер аударылғаны белгілі. Ал Ресейге олар өз кезегінде 18-ші ғасырда Германиядан, негізінен оңтүстіктегі Швабия аймағынан Екатерина патшаның шақыруымен келген. Немістердің алғашқы лебі 1930-шы жылдары колхоздастыру кезінде аударылды. 1941 жылы герман-совет соғысы басталғанда Сталин Еділдің бойында жайғасқан жүздеген мың немісті тағы қозғады, олар Орталық Азия мен Сібір аймақтарына күштеп көшірілді.

Немістер сатқын атағынан тек 1954 жылдан кейін, совет басшысы Никита Хрущев Батыс Германия канцлері Конрад Аденауермен кездескен соң құтылды. Ал Совет Одағы құлдырай бастағанда, Германия немістерді тарихи отанына көшіру саясатын күшейткенде Қазақстандағы бір миллионға жуық неміс тағы қозғалды. Бұл жолы батыстан шығысқа емес, шығыстан батысқа 700 мыңдай неміс көшті.

Совет Одағында жалпы екі миллионға жуық неміс болса, оның жартысы Қазақстанда тұрды. Енді сол бір миллион халықтан не бәрі 300 мың азамат қалды. Олардың көпшілігі кәрі-құртаң, ауылды жерде тұратын азаматтар болса керек. Қазіргі жағдайды Қазақстан жазушысы, "Видергебурт" қоғамының белсендісі Герольд Бельгер былай сипаттайды:

- Қазақстанда қазір 300 мыңдай неміс тұрады. Олардың көпшілігі ешқайда көшпейді. Көшкеннің өзінде бәрі бір 200 мың неміс қалады. Қазақстанда олар жамандық көрген жоқ. Жұрт қатарлы өмір сүріп келеді. Дегенмен, олардың Германия тарапынан да жетімдік көрмегені абзал. Қазақтың қазақ, немістің неміс болғанына не жетсін? Осы мәселені де егжей-тегжейлі әңгіме қылған жөн.

Германияға келетін оралмандарға, жалпы, бірден неміс азаматтығы беріледі. Неміс оралмандары баспанамен қамтылады, неміс тіліне тегін оқытылады, кәсиби дәрістеме алады. Дегенмен, тұрмыстың сырты бүтін болғанмен, оралмандар кемсітуге тап боламыз деп шығымданады. Сондай азаматтардың бірі, Қазақстаннан барып, өз бизнесін әзер-әзер аяққа тұрғызған Александр Айхман Германия билігі тарапынан қаржылай көмек көрсетілсе де, моральдық қолдау болатынына шүбәлімін деп "Азаттық" радиосына сұхбат берді.

Германия үкіметі Қазақстандағы немістер не Германияға көшуге ерікті, не болмаса Қазақстанда отырған жерінен Германия үкіметінің көмегіне қолы жетеді дейді.
XS
SM
MD
LG