Accessibility links

В.Путин Н.Назарбаевқа Қазақстанның 2009 жылы ОБСЕ-ге төрағалық етуiне тiлек бiлдiрдi


Қаңтардың 9-күнi Астанаға екi күндiк ресми сапармен Ресей Федерациясының Президентi Владимир Путин келдi. Президент сарайындағы ресми кездесу рәсiмiнен кейiн Н.Назарбаев пен В.Путин баспасөз мәслихатын өткiздi. Онда Екi елдiң басшылары екi жақты кездесудiң нәтижесiн баяндады.

Алдымен сөз алған Қазақстан Президентi Ресеймен достық және одақтастық қатынастарды нығайтуға Қазақстанның мүдделi екенiн атап көрсеттi. Қазақстанда басталып отырған Ресей жылы, Қазақстан басшысының пiкiрiнше, екi жақты қатынастардағы оңды үрдiстердi нығайта түсуге, екi ел халықтарының арасында қалыптасқан достық пен сенiм ахуалын iлгерiлете беруге жәрдемдеседi. Сонымен қатар, деп атап көрсеттi Президент Н. Назарбаев, Қазақстан мен Ресейдiң стратегиялық серiктестiгiн iлгерiлете түсудiң ауқымды алғы шарттары пайда болып отыр. Оның айтуынша, экономикалық өсiмнiң қол жеткен қарқыны сауда-экономикалық ынтымақтастықты сапалық жаңа деңгейге көтеруге жағдай жасайды.

2003 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 30 процентке артып, 5 млрд. АҚШ долларын құраған. Осы ретте Қазақстанның Ресейге экспорты 28 пайызға өсiп, бiр жарым млрд. долларды құраса, ал Ресейден әкелiнетiн импорт 26 жарым пайызға өсiп, екi жарым млрд. долларды құраған. Ресей Федеарциясының Президентi Владимир Путиннiң сөзiне қарағанда бұл екi елдiң экономикалық қарым-қатынасы үшiн өте жақсы көрсеткiш. Путин бұнымен тоқталып қоймай сауда-экономикалық қатынасты екi есеге дейiн ұлғайтуды жоспарлап отырмыз дедi.

Бұл жерде айта кету керек, Қазақстанның Ресейге экспортының негiзгi салалары минералдық өнiмдерден, асыл металдардан, химия өнеркәсiбi өнiмдерiнен, өсiмдiктен алынған өнiмдерден тұрады. Ал Ресейден әкелiнетiн Қазақстан импорты минералдық өнiмдерден, асыл металдар, машина, жабдықтар мен механизмдерден, жер, әуе және су көлiгi құралдарынан құралады.

Екi елдiң басшылары мемлекеттiк шекараны межелеу жөнiндегi жұмыстың шамамен 7356 километрiне яғни 98 пайызына сипаттама беру аяқталғандығын айтты. Сонымен қатар екi елдiң Президенттерi ТМД мен Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберiндегi көптарапты ынтымақтастықты нығайту басымдығына тоқталды. Олар тараптардың Бiртұтас экономикалық кеңiстiк қалыптастыру жөнiнде жүргiзiп келе жатқан жұмыстарына, атап айтқанда Беларусь, Қазақстан, Ресей мен Украина үкiметтерiне бiрлескен тапсырмаларға қол қойылуына сындарлы баға бердi. Әңгiме барысында тараптар өзара мүдделiлiк туғызып отырған халықаралық сипаттағы мәселелер жөнiнде пiкiр алмасты. Н.Назарбаев пен В.Путин сыртқы саяси саладағы өзара iс-қимылды тереңдете беруге, iшкi және жаһандық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, соның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мен Еуразиядағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сияқты беделдi халықаралық ұйымдар ауқымында қамтамасыз ету жөнiндегi Қазақстан мен Ресейдiң қызметiн үйлестiрудi нығайтуға өздерiнiң бекем бел байлап отырғандарын қоштады. Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путиндi Қазақстанның 2009 жылы Еуразиядағы Қауiпсiздiк және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге өтiнiш жасағаны жайында хабардар етiп, бұл мәселеде Ресейдiң қолдау көрсететiнiне үмiт бiлдiрдi.

Екi жақты кездесу барысында Н.Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағын 2050 жылға дейiн Ресейге жалға бергендiгiн айтты. Сонымен қатар Қазақстанның тұңғыш геостанциялық жерсерiгiн жасау туралы iскерлiк келiсiмдерге қол қойғандығын мәлiмдедi.

Отын-энергетика саласындағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын одан әрi тереңдете беру “ҚазМұнайГаз” және “Лукойл” мұнай компаниялары арасындағы Каспий теңiзiнiң қазақстандық айлағындағы “Түп Қараған” мен “Аташ” учаскелерiнде бiрлесе қызмет атқару туралы iрi келiсiмге қол қоюымен қуатталды. Және Қазақстан Президентi биыл Ресей жылы аясында Қазақстанда Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң филиалы ашылатындығын хабарлады. Қазақстан басшысының берген мәлiметi бойынша Ресейдiң жоғары оқу орнында 16 мыңға жуық қазақстандық жастар бiлiм алады екен. Екi ел басшыларымен ресми кездесуден кейiн, Астананың Конгресс хол сарайында Ресейдiң Қазақстандағы жылы салтанатты жағдайда ашылды.
XS
SM
MD
LG