Accessibility links

Қазақстанның есеп комитеті бюджет қаржысының қайда кеткенін анықтап жатыр


Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазіргі таңда Қазақстанда «Время» апталығының қызметкері Геннадий Бендицкийге қарсы бір мемлекеттік кәсіпорын басшысының түсірген шағымы бойынша қозғалған қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Журналист елдің қорғаныс министрлігінің тарапынан бюджет қаржысының күмәнді жолмен жұмсалғаны жайында жазған мақаласы үшін жазықты болып отыр. Г.Бендицкийдің өзі болса қылмыстық іс қозғалған шақта республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жазып, мемлекет қазынасындағы ақшаның ізін іздемек болған өзінің соңына шенеуніктердің шам алып түскенін жазған болатын. Осы хаттан соң президент Н.Назарбаев Қазақстанның бас прокуратурасы мен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне журналист көтерген мәселеге байланысты арнайы тексеру жүргізу туралы тапсырма берген еді.

Журналист Г.Бендицикийдің мақаласында мемлекет қазынасынан 5,5 млн АҚШ долларына тең қаржының «Республикалық инновациялық қор» деп аталатын жабық акционерлік қоғамның есебіне аударылып, кейіннен әлгі ақшаның ауқымды бөлігі күмәнді жағдайда ұшты-күйлі жоғалғаны жазылған еді. Мақалада аты аталған мемлекеттік меншіктегі әлгі акционерлік қоғамның басшысы Асығат Жабағин журналисті өзіне жала жапты деп айыптап, қазір Г.Бендицкимен соттасып жатыр. А.Жабағын кезінде Қазақстанның энергетика, сауда және өнеркәсіп министрі, үкімет жетекшісінің орынбасары секілді үлкен шенеунік болған адам. Сөз болып отырған мақалада А.Жабағинның есімінен басқа Қазақстанның қазіргі энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің, мемлекеттік мүлік жөніндегі комитет басшысы Мақсұтбек Рахановтың, сондай-ақ, кезінде Солтүстік Кореяға Қазақстаннан «Миг-21» әскери ұшақтарын сатып істі болған Александр Петренко деген азаматтардың есімдері де аталған болатын. Осы даулы тақырып төңірегінде қазіргі уақытта Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша тексеру жүргізіп жатқан республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Шәріпбек Шардарбекұлына жолығып, оған тексерудің барысы мен мақалада айтылған жайттарға байланысты сұрақтар қойған едік.

Шәріпбек Шардарбекұлы, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі:

- Есеп комитеті республикалық бюджеттің орындалу-атқарылуын қадағалайтын орган болғандықтан соған қатысы бар төңіректі біз тексерейік, ал енді жеке адамдардың, жеке кәсіпорындардың ісін - оны бас прокуратураның қызметкері тексерсін деген өзара шешім қабылдадық, қазір соған сәйкес тексеру жұмыстарын атқарып жатырмыз.

“Азаттық” радиосы: - Бұл қаржы қандай тәртіппен бөлінген о баста? Заңды ма?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Бөлінісі заңды. Бұл 1995-96 жылдары пайда болған қарыздар. Шын мәнінде ол заводтардан біздің қорғаныс министрлігінің әуе күштер қорғанысы келісім жасап, жөндеу жұмыстарына, содан кейін қару-жараққа керекті заттар сатып алған ғой. Бірақ ол кездегі бюджеттің жағдайы белгілі болды да, сол біраз жыл – 2001 жылға дейін ол қарыздардан құтылу біздің бюджеттің мүмкіндігінде болмаған. Біз тексердік, қаржы министрлігіне сұраныс жасап, солардың хатын алдық. Шын мәнісінде жылда бұл қарыз көрсетіліп отырған, бірақ оған бөлінетін бюджетте қаржы болмағандықтан, 2001 жылға дейін қаржы бөлінбеген.

“Азаттық” радиосы: - Сонда ол қарыз алғашқы кезеңдегіден өсіп кеткен бе?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Дәл қазір оның қанша өскені жайлы деректер менде емес, біздің тексерушінің қолында бар.

“Азаттық” радиосы: - Жақсы, ал енді осы бюджет ақшасы неге тікелей қорғаныс министрлігінің өз шотынан аударылмаған?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Ол екі завод та Қазақстаннан тыс жерде, біреуі Ресейдің, екіншісі Украинаның заводтары. Сол кездегі қаржы айналымындағы қиындықтарға байланысты ол екі завод «Республикалық инновациялық қор» жабық акционерлік қоғамына олардың өздері жүгініп, ақшаны Қазақстанның қорғаныс министрлігінен өндіріп беруді сұраған. 2000 жылы олар жаңағы «Республикалық инновациялық қор» ЖАҚ-мен екіжақты келісімге отырған.

“Азаттық” радиосы: - Сол арқылы «Республикалық инновациялық қор» ЖАҚ пайда тапқан ба?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Енді менде ол жөнінде нақты деректер жоқ, бірақ, әрине, келісім болған соң солай болады ғой. Қазір тексеру жүргізіп жатырмыз, біткен соң бәрі анықталады, сол кезде айтамыз.

“Азаттық” радиосы: - Түптеп келгенде бұның барлығы қаншалықты заңды деген сауал туады ғой?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Қазір тексеру бітпей тұрып, оның заңды я болмаса заңсыз екенін кесіп айтуға әлі ерте. Заводқа да жазып жатырмыз – қалай болды, неге байланыстыңдар, неге қаржы өздеріңе түспеді, не себепті қаржы басқа жаққа түсті, ол заводқа түспеуіне кім кінәлі…

“Азаттық” радиосы: - Сонда ол ақша Украинадағы әлгі заводқа да түспеген бе?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Біраз ақша түскен, біразы түспеген…

“Азаттық” радиосы: - Сотта Жабағин мырзаның адвокаты ол ақша басқа елдегі бір саяси шараны қаржыландыруға кетті деді. Бұған не айтасыз?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Мен ол жөнінде ештеңе білмеймін. Оны біз түбінде де білмеуііз мүмкін. Біздің қазіргі мақсатымыз - ақша қалай, кімге аударылды, неге себепті олай аударылды – соны білу. Нақты тексерістен кейін, егер ақша шынында да Украинадағы бір саяси партияның есебіне түссе – оны да айтамыз ғой, жасыратын ештеңе жоқ.

“Азаттық” радиосы: - Ал егер ол солай боп шықса, бұл заңды ма?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Егер Украинадағы сол заводтың ақшаны өздеріндегі пәленше партияға аудар деген болса, оны солардың өздері тексере жатар. Біздің әзірге тексеріп жатқанымыз – қаржы қанша, қалай, қандай жолдармен аударылды – соның жүрген жолын анықтау.

“Азаттық” радиосы: - Есеп комитетінің бұл тексеруі қаншаға созылады?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Осы айдың аяғына дейін.

“Азаттық” радиосы: - Ал сол Г.Бендицкийдің қолында осы мәселеге қатысты тағы да қосымша құжаттар болуы мүмкін ғой, кейбір жайттарды одан сұрап көруге болмас па?

Шәріпбек Шардарбекұлы: - Менің ойымша Г.Бендицкийдің қолында сол ақшаны іздеушілер мен арадағы делдалдардың құжатынан басқа ештеңе жоқ. Ал біз Қазақстанның қорғаныс министрлігімен, жаңағы заводтармен және «Республикалық инновациялық қор» ЖАҚ-мен тікелей байланысып, соларда бар нақты құжаттармен жұмыс істеп жатырмыз.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG