Accessibility links

Егер мұнай барелінің бағасы 10 долларға дейін төмендеп кетсе, Қазақстанның ұлттық қорындағы қаражат 2,5-3 жылға ғана жетеді.


Қазақстанның ұлттық банк төрағасының мәліметіне сүйенсек, мұнай бағасы арзандап кетсе ұлттық қордағы қаражат жағдайды тұрақтандырудан артылмайды, қор қаржы жинақтау функцияларын жүзеге асыра алмайды дейді банкир. Қаржы министрі Арман Дунаевтың мәліметінше, өткен жылдың бюджетін құраған кезде, мұнай барелінің бағасы 19 доллар деп есептелген. Ал 2003 жылы мұнайдың шынайы құны 30 долларға дейін көтеріліп кетті. Осы екі баға арасындағы айырмашылықтан түскен табыстың барлығы ұлтық қорға қосылды.

Қазақстанның ұлттық қорында мұнай компанияларының жоспардан тыс табыстары және мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түскен қаржы жинақталатыны белгілі. Қазір бұл қорда 3 млрд. 700 млн доллар жиналған. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Қазақстанның ұлттық банкісінің төрағасы болған, қазір Қазақстан парламентіндегі экономика комитетінің мүшесі Ғалым Байназаровтың пікірінше, мұнай бағасының ауытқыуы орынды құбылыс. Бірақ, тарихта мұнай барелінің құны кенеттен 10 долларға дейін төмендеп, бірнеше жыл тұрақтап тұрған кезі болған емес дейді Ғалым Байназаров.

-Мұнай бағасы Қазақстан экономикасымен байланысты емес. Тарихқа үңіліп қарасақ 3-4 жыл қатар төмендеп тұрмайды.

Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитетінің бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, мұнай бағасының құбылуы уақытша. Өйткені, бұл дүниежүзілік саясат дейді ол.

-Біздің өндіріп отырған мұнайымыз бір адамға шаққанда 3,5 тоннадан келеді. Бағаның өзгеруі біздің бюджетке үлкен әсер етпейді.

Президенттің қаржы саясатымен келіспей отырған, мамандығы экономист парламент депутаты Уалихан Қайсаровтың ойынша, мұнай бағасының өзгеруі алдын-ала белгілі болады.

-Мұнай бағасының қыркүйек, қазан айларындағы өзгерістері қазір белгілі болды. Меніңше бұл жай сылтау.

Қазақстанда ұлттық қор жасалған кезде, Норвегияның тура осындай қаржы институты үлгіге алынған. Қазір, бұл екі қордың үлкен айырмашылығы бар. Норвегиялықтар табысты көп әкелетін бірақ қатері басым құралдарды қолданады. Олар, қаржысының едәуір бөлігін акцияларға салады. Ал, Қазақстан көбінесе облигациялармен жұмыс істейді. Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденовтың мәліметінше, қазақстандық ұлттық қор қаражатының 75 пайызы облигацияларға салынған және тек 25 пайызы ғана акцияларда.

Өткен жылда Қазақстанның қорына инвестициялық табыстың арқасында 223 млн. доллар қосылған. Қазақстан парламентіндегі экономика комитетінің мүшесі Ғалым Байназаровтың пікірінше, ұлттық қордағы қаражатты екі құралға да салуға болады. Оны қаржыгерлер жақсы білуге тиіс дейді Ғалым Байназаров.

-Құлап кетпейтін құрал болу керек, акцияға да, облигацияға да салуға болады.

Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитетінің бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, өсіп келе жатқан ұрпаққа ақша емес, пайдалы қазбаларды қалдыру керек. Ал қорда жинақталған қаржыға жұмыс орындарын көбейту керек дейді.

-Мұнайдың бағасы өссе керек, келесі ұрпаққа керек деген нәрсе, көз бояушылық деп есептеймін.

Парламент депутаты Уалихан Қайсаровтың ойынша, Қазақстанның ұлттық қор қаражаты басқа елдің экономикаларын көтеріп жатыр.

-Қор қаржысы қазір Американың құнды қаағздарында екен. Оны Қазақстанның шағын не орта не ірі бизнесіне салса, қаншама жұмыс орындары болар еді.

Ұлттық банк төрағасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қазақстандық ұлттық қордың шығыны 400 млн. долларға жеткен. Бұл қаржы аудииторлар мен басқарушылардың қызмет төлемдеріне жұмсалды дейді бас банкир. Қазақстанның сыртқы қарызы 4 млрд доллар шамасында.
XS
SM
MD
LG