Accessibility links

АҚШ Сенаты комитетінің баяндамасынан кейін Орталық барлау агеттігі жұмысында көп өзгерістер болатын сыңайлы.


Маусым айында АҚШ Орталық Барлау агенттігі басшысы Джордж Тенет қызметінен кететіні жөнінде мәлімдеген болатын. Ол мәлімдеме елбасы Бушқа Ирақ соғысы қарсаңында жалған мәліметтер ұсынылған, деген айыптаудан кейін жасалған еді. Ал, өткен жұма күні Сенаттың арнайы комитеті осы агенттіктің Ирақ соғысына дейінгі жұмысына қатысты қатал сынға толы баяндама жариялады.

Құрама Штаттары Сенатының Құпия қызмет бойынша арнайы комитетінде 18 мүше бар. Бұл ұйымның міндеті- Америкадағы барлық құпия қызмет ұйымдары жұмыстарын сараптап тұру. Шілденің 9-ы, жұма күні жариялаған арнайы баяндамасында комитет мүшелері Ирақ соғысына дейінгі Орталық Барлау агенттігі жұмысына аса ауыр сындар айтқан. Комитет төрағасы , сенатор Пат Робертстің айтуынша, Саддам Хусейннің қару бағдарламасы жөніндегі ақпараттарды тиісті дәрежеде сүзгіден өткізіп, ұсыну ісін аталған агенттік орындай алмаған. Оның кесірінен Ақ Үй басшылары Саддам Хусейн Құрама Штаттарына айтарлықтай қатер төндіріп отыр, деген қорытындыға келген екен. Осы жөнінде Робертс мырза: “Бұл проблемалардың барлығы дерлік мекеменің жұмыс істеу мәдениетінің бұзылуы және нашар басшылық кесірінен туындаған. Сондықтан да ол қиын түйіндер жай ғана қосымша қаржы мен кадрларды үстемелеу арқылы шешілмейді”-, деді.

Қызметінен кетер алдында ғана Тенет мырза өзі басқарып отырған агенттік жұымсында ауқымды проблемалардың бар екендігін мойындаған болатын. Агенттіктің жаңа басшысының қалай таңдалатынына да көп нәрсе байланысты болуда. Мысалы, Қырғи қабақ соғысы жылдарында Еуропада құпия қызмет офицері міндетін атқарған, АҚШ армиясының демалыстағы генералы Едвард Аткесонның пікірінше, елбасы Буш бұл жолы агенттік басшысын таңдауға аса мұқият қарайды деп сенуге болады. Ол сондай-ақ, өткен аптадағы Сенат комитеті баяндамасының Орталық Барлау агенттігі үшін ұйқысынан оятқан жағдайдай әсер еткені сөзсіз. Сондықтан да, АҚШ елбасы Джордж Буш аталған агенттік, сондай-ақ басқа да құпия қызмет ұйымдары қатарында түбегейлі реформаларды жүргізуге күш салуы тиіс-, дейді сарапшы.

Біріншіден-, дейді Аткесон мырза-, тұтас ұйым жұмысына сырттай тұрып, баға беру әдісіне қол жеткізу керек. Яғни өздері жіберген қателіктерін өздері таба алуы тиіс. Екіншіден, құпия қызмет ұйымы құрылымын қалай өзгертуге болады? деген сауалға жауап іздеу-, дей келіп Аткесон мырза ол үшін осы орталық директорын кабинет мүшесі дәрежесіне дейін көтеру қажет деген ойды ортаға салуда. Демек Орталық барлау агенттігі басшысы ұйым жұмысына сырттай қарап та, кең тұрғыда баға бере алатын болуы тиіс. Оның пікірінше агенттік басшысының елбасы кабинетінің мүшесі бола алмауы тұтас ұйым жұмысының қате бағытқа бұрылып кетуіне себеп болып отырғандай. Тағы бір айта кететін жағдай, кейбір АҚШ кабинеті мүшелерінің, атап айтқанда, Мемлекеттік хатшылар мен Қорғаныс саласы хатшыларының өздерінің жекелеген құпия қызмет бөлімдері бар. Олар өз кезегінде жинақтаған құпия мәліметтері жөнінде Орталық Барлау агенттігіне хабарлай қоймайды. İстің нәтижесі көрсетіп отырғанындай,- дейді Аткесон мырза-, Құрама Штаттарындағы барлық құпия қызмет үшін тікелей жауап беретін не жекелеген тұлға, немесе кеңсе жоқ. Ирақ соғысы көрсетіп отырғанындай, ондай құрылымның нәтижелері аса ауқымды болып отыр.

Қазіргі кезде белгілі боп отырған шындықты сол кезде білген болса, Конгресс комитеті Ирақ соғысын қолдамайтын еді, деген ойды комитет төрағасының орынбасары, сенатор Жей Рокфеллер айтып отыр.
XS
SM
MD
LG