Accessibility links

Өзбекстан шекара миналарын жоя бастадық деп айтсада, қауіпті аймақтардағы тұрғындар әлі талай зардап шегетін түріміз бар дейді


Орталық Азиядағы алаауыздықтың бір көрінісі - Өзбекстан өз шекарасының кей тұстарына миналарды қойып тастап, шекара белгіленбей жатқан кезеңде бұл талай адам шығынына әкелді. Бес жылға созылған келіссөздерден кейін Өзбекстан үкіметі Тәжікстан және Қырғызстанмен арадағы шекарасындағы миналарды залалсыздандыруға келісті. Террористерге қарсы деп қойылған миналарда үш елдің 100 ден аса тұрғыны жарылып өлді. Миналарды жою басталды деп осы аптада Өзбекстан тарапынан хабарлансада, кейбір аймақтардағы жергілікті тұрғындар көзіміз ашылатын күн әлі алыста дейді.

Өзбекстан-Қырғызстан не болмаса Өзбекстан-Тәжікстан шекарасындағы кейбір өңірлердің тұрғындары соңғы бес жылда ауыл сыртындағы тау-тасқа аяқ басудан қалды. Мал қайырып жүрген не болмаса отын жинап жүрген талай азамат "террористерге қарсы" деген миналарды басып кетіп, мерт болды. "Сох және Шахи Мардон аудандарында 1 тамызда миналарды жоя бастадық", - деп Өзбекстан қорғаныс министрлігінің өкілі Камилжон Джабаров жәриялағанда, бұл жаңалықты жұрт жылы қабылдады. "Халықаралық террористер осы аймақтар арқылы Өзбекстанға кіріп кетер еді, сондықтан мұнда миналарды қойдық", - деп сипаттады Камилжон Джабаров.

Шекаралардың таулы аймақтарында 1999 және 2000 жылдары Өзбекстанның қойып тастаған миналарынан үш көршілес елден 100 ден аса адам қаза тапты. Көптеген адам жараланды. Материалдық шығын, оның ішінде мал шығыны өте үлкен. Ал бұл миналарды қандай да бір террорист басып кетіп, қаза болды деген мәлімет, керісінше, беймәлім. Қырғызстан оңтүстігіндегі Баткен облысы әкімінің орынбасары Шадабек Бақұбаев аймағымызда үш адам өлді, шамамен 154 мың долларға шығын жасалды дейді. Бұған қосар дерегіміз – "Азаттық" радиосы Өзбек редакциясының тілшісі сәрсенбі күні Сох ауданында болып, жергілікті тұрғындардан миналар тазартылып жатыр дегенге дәлел жоқ дегенді естіді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының өкілдері де Өзбекстан үкіметі Тәжікстан жағындағы шекарасын миналардан тазарта бастады деген ақпарат қолымызда жоқ дейді. Өзбекстан қорғаныс министрлігі шекараларды тазартқымыз келеді деп шілде айында мәлімдегенде, есесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы не болмаса Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шығыс шекарамызды қорғаудың балама жолын қамтамасыз етсін деп талап қойды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Ташкенттегі қызметкері Мэри-Карин фон Гюмпенберг мина қоймай шекара күзету амалдарына қажет көмекті Өзбекстан үкіметіне ұсындық, шаруаны талқылап жатырмыз дейді.

Дегенмен, Өзбекстан қорғаныс министрігінің өкілі Камилжон Джабаров мәселенің тағы бір шетін қозғап отыр. "Шекараны тез арада тазарта алмаймыз, миналар қай жерге қанша қойылғаны да белгісіз, оны есептеп шығару да қиын, сондықтан нақты мәлімет айта алмаймын", - дейді Өзбекстан қорғаныс министрлігінің өкілі.

Миналардың орнатылуын айтатын болсақ – көптеген миналар тікұшақтардан және ұшақтардан тасталған екен. Өзбекстан жағы миналарды өз еншіміздегі қауіпті жерлерге тастадық деп біледі. Шынтуайтында миналардың көпшілігі Қырғызстан және Тәжікстан жерлеріне құлағаны анық. Содан бері төрт жылғы қармен желдің әсері ол миналарды мүлдем терең жасырып, залалсыздандыру амалдарын тіпті қиындатып қойды.
XS
SM
MD
LG